Он үйге – бес дүкен мемлекеттік бағдарламаның «нәтижесі» осындай
Он үйге – бес дүкен мемлекеттік бағдарламаның «нәтижесі» осындай
217
оқылды

2011 жылдан бері жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 800 млрд теңге бөлінген. Бірақ жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан төмендемей тұр. Бұл туралы депутаттар «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында айтты.

Иә, жұмыссыздық деңгейі тө­мендемей тұр. Бағдарлама түзілгелі мыңдаған адам арнайы оқу курс­тарын оқып, үш айда кәсіпкер ата­­нып, ауылдарына барып жеке іс­те­рін аша бастады. Ал кейбірі кә­сібін дөңгелеткені былай тұр­сын, алған білімін жүзеге асырмаған.

Мысалы, Қарағанды облы­сын­дағы Шет ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин кентінде бір көшеде он үй болса, бүгінде сол үйлердің бесеуі дүкен ашып қойған. Әрине, үш дүкен бұрыннан жұмыс істеп тұрса, кейінгі қосылған екі дүкен осы бағдарлама бойынша оқып келген кәсіпкерлерге тиесілі.

Жөн-ақ! Дегенмен бұл бағдар­ламамен оқып келгендер неге дү­кен ашқыш? Қолдарына сертифи­каттары тие салысымен, ауылына келіп, үйінің қоршауын алып тас­тап, терезесін жұлады да, орнынан есік шығарып, дүкенге айналдыра салады. Содан қалаға барып не­месе ауылды аралап жүрген дел­дал­дардаң заттар алып, сөреге қо­йып сата бастайды. Бірақ ол сау­дасы жүріп кетсе жақсы ғой. Өйткені бес дүкеннің де сататы­ны – бірдей азық-түлік!

Бұрыннан бері жұмысын істеп, он жылдай бұрын дүкен ашып қой­ған кәсіпкер Мейрам деген жігіт бұл туралы былай дейді: «Өзім бұ­рын дүкеннен пайда көріп отыр­ған едім. Қазір бір көшеде он үй болса, онда бес дүкен бар. Әрине, әр дү­кеннің өз тұтынушысы бар. Ауылда өзіңіз білесіз, елдің көбі күнделікті керек заттарды ғана алады. Мы­са­лы, нан, қант деген сияқты. Ал бас­­қа азық-түлік те өтеді. Бірақ аз. Со­нымен қатар тұрғындар көбіне зей­нетақыға немесе жалақыға дейін деп қарызға алады. Оны қайтарып алу да қиын. Кейін (күліп алды) қа­­рызды қайтар деп жүгіріп жүргенін».

Иә, Мейрамда қазір наубайхана бар. Оны өз күшімен төрт-бес жыл бұрын салып алған. Нан өнімдерін шығарып отыр. Ал дүкені көп табыс та әкелмейді. Ал қалған төрт дүкен­нің жағдайы мәз емес. Жабылып қалуы да мүмкін. Міне, біздегі кә­сіпкерлікті қолдаудың сиқы! Әлде ауылдағылар кәсіп­керлік дегенді тек дүкен ашып, алыпсатарлықпен айналысу деп ойлай ма екен?

Ал мемлекеттің ақшасына оқыған, әр ауылдан барған «бо­ла­шақ» кәсіпкерлердің көбі екі қол­ға бір күрек таппай, оқып кел­ге­ніне мәз болып жүр. «Оқыту ба­ғытына келер болсақ, ол жа­ғы­нан түйткіл бар. Мәселен, 60 мың адам кәсіп негіздерін оқыса, осы қыс­қамер­зімді курстардан өткен аза­мат­тардың 55 пайызы ғана жұ­мыс­қа орналасты. Сондықтан келер жыл­дан бұл бағытқа өзгеріс енгіз­бек­піз», – дейді. Бұл – Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Біржан Нұрымбетовтің сөзі.

Жоғарыда сөз еткен жиында Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина: «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылауда «Еңбек» бағдарламасына алдағы 3 жылда тағы да 186 млрд теңге бөлінбек. Яғни, осы мақсатқа мемлекет қазынасынан бөлінетін қар­жы­ның көлемі 1 трлн теңгеге жетеді. Алай­да еңбек нарығындағы жағ­дайдың жақсарар түрі жоқ. Жұ­мыссыздық еш төмендемей, 4,8% деңгейінде тұр. Ал атаулы әлеу­меттік көмек алатындардың қа­тары күн санап артып келеді. Мұ­ның барлығы, меніңше, жұ­мыспен қамту бағдар­ламасының тиімсіздігін дәлел­дей­ді», – деп аталған бағдарламаны уақытша тоқтатып, оның тиім­ді­лігін тара­зылау қажет деп санайды.

Иә, бізде бағдарлама түзіл­генде алдын ала сараптама жаса­лып, «тиімді-тиімсізі немесе оның қандай нәтижесі бар?» деген сұ­рақтар қойылмай ма дерсің? Бағ­дарлама бар, оны орындау керек деп жанталасатын сияқтымыз. Ал нақтысына келсек, әр ауыл не аудан әкімі сол тұрғылықты жерде «қандай кәсіп түрін ашуға бола­ды?» деп, соны сараптап барып, үміткерлерді оқуға жіберуі керек болар. Сөзіміз нақты болсын. Бір ғана Ақтөбеде «Жұмыспен қам­тудың жол картасы – 2020», «Нә­тижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен қысқамерзімді курстарда оқыған жұмыс­сыз­дар­дың тең жартысы еңбекке аралас­паған. Шыжығы да шығып жатыр. Облыстық прокуратура жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен өңірдегі жұмыспен қамту орта­лықтарын тексерген. Нәтижесінде, 4,5 миллион теңгенің мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған. Айта кету керек, 2016-2018 жылдары Ақтөбеде 4 900 адам қысқамерзімді оқуға жіберілсе, оның тек 2873-і жұмысқа орналасқан болып шық­ты. Яғни, 58,6 пайызы ғана. Мә­ліметтерге сәйкес, Алға аудандық жұмыспен қамту орталығы опера­тор мамандығы бойынша – 25, элек­трик – 25, шаштараз – 43, кондитерлікке 22 адамды оқытқан, бүгінгі таңда бұлардың бәрі жұ­мыссыз босып жүр. Павлодар об­лысында 680 адам оқуын аяқтаса, оның 122-сі ғана жұмысқа орна­ласқан. Яғни, 17,9 пайыз ғана.

2018 жылы Жамбыл облысында бюджеттен бөлінген қаржыға «қыс­қамерзімді кәсіптік оқыту» бойынша білім алған 6 мыңдай адамның тек 28 пайызы ғана жұ­мысқа орналасыпты.

Елбасы кәсіпкерлікті қолдап, жұмыссыздықты жою туралы бір сөзінде «Балық берме, қармақ бер» деген болатын. Қазір сол қармақты беріп жатырмыз. Бірақ сол қар­мақпен балық аулауды әркім әр­қилы түсінген бе дерсіз? Олай болса, балық аулау үшін бір адам қармақтың сабын, енді бірі жібін, үшіншісі ілгішін жасаса, енді бірі сол қармаққа ілетін жемтікті өсі­руді неге қолға алмайды?

Айтайын дегенім, бағдарлама жалғасын табатыны сөзсіз. Ха­лыққа керек. Дегенмен оның бе­рерін де алдын ала ойластыр­ға­нымыз да жөн-ау. Бағдарламалар аясында тек қана алыпсатарлықты үйретпей, жаңа кәсіптерді игеріп, ұлттық құндылықтарымызды да дәріптеуіміз керек-ақ! Олай болса, ұлт мүддесі үшін атқарылып жатқан оңтайлы істердің орындалу барысы қадағалануы тиіс. Ал ақша нағыз керек деген жобаларға бө­лін­гені жөн дейміз!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ