2011 жылдан бері жұмыспен қамтудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 800 млрд теңге бөлінген. Бірақ жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайыздан төмендемей тұр. Бұл туралы депутаттар «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылау барысында айтты.
Иә, жұмыссыздық деңгейі төмендемей тұр. Бағдарлама түзілгелі мыңдаған адам арнайы оқу курстарын оқып, үш айда кәсіпкер атанып, ауылдарына барып жеке істерін аша бастады. Ал кейбірі кәсібін дөңгелеткені былай тұрсын, алған білімін жүзеге асырмаған.
Мысалы, Қарағанды облысындағы Шет ауданына қарасты Сәкен Сейфуллин кентінде бір көшеде он үй болса, бүгінде сол үйлердің бесеуі дүкен ашып қойған. Әрине, үш дүкен бұрыннан жұмыс істеп тұрса, кейінгі қосылған екі дүкен осы бағдарлама бойынша оқып келген кәсіпкерлерге тиесілі.
Жөн-ақ! Дегенмен бұл бағдарламамен оқып келгендер неге дүкен ашқыш? Қолдарына сертификаттары тие салысымен, ауылына келіп, үйінің қоршауын алып тастап, терезесін жұлады да, орнынан есік шығарып, дүкенге айналдыра салады. Содан қалаға барып немесе ауылды аралап жүрген делдалдардаң заттар алып, сөреге қойып сата бастайды. Бірақ ол саудасы жүріп кетсе жақсы ғой. Өйткені бес дүкеннің де сататыны – бірдей азық-түлік!
Бұрыннан бері жұмысын істеп, он жылдай бұрын дүкен ашып қойған кәсіпкер Мейрам деген жігіт бұл туралы былай дейді: «Өзім бұрын дүкеннен пайда көріп отырған едім. Қазір бір көшеде он үй болса, онда бес дүкен бар. Әрине, әр дүкеннің өз тұтынушысы бар. Ауылда өзіңіз білесіз, елдің көбі күнделікті керек заттарды ғана алады. Мысалы, нан, қант деген сияқты. Ал басқа азық-түлік те өтеді. Бірақ аз. Сонымен қатар тұрғындар көбіне зейнетақыға немесе жалақыға дейін деп қарызға алады. Оны қайтарып алу да қиын. Кейін (күліп алды) қарызды қайтар деп жүгіріп жүргенін».
Иә, Мейрамда қазір наубайхана бар. Оны өз күшімен төрт-бес жыл бұрын салып алған. Нан өнімдерін шығарып отыр. Ал дүкені көп табыс та әкелмейді. Ал қалған төрт дүкеннің жағдайы мәз емес. Жабылып қалуы да мүмкін. Міне, біздегі кәсіпкерлікті қолдаудың сиқы! Әлде ауылдағылар кәсіпкерлік дегенді тек дүкен ашып, алыпсатарлықпен айналысу деп ойлай ма екен?
Ал мемлекеттің ақшасына оқыған, әр ауылдан барған «болашақ» кәсіпкерлердің көбі екі қолға бір күрек таппай, оқып келгеніне мәз болып жүр. «Оқыту бағытына келер болсақ, ол жағынан түйткіл бар. Мәселен, 60 мың адам кәсіп негіздерін оқыса, осы қысқамерзімді курстардан өткен азаматтардың 55 пайызы ғана жұмысқа орналасты. Сондықтан келер жылдан бұл бағытқа өзгеріс енгізбекпіз», – дейді. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтің сөзі.
Жоғарыда сөз еткен жиында Мәжіліс депутаты Айгүл Нұркина: «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылауда «Еңбек» бағдарламасына алдағы 3 жылда тағы да 186 млрд теңге бөлінбек. Яғни, осы мақсатқа мемлекет қазынасынан бөлінетін қаржының көлемі 1 трлн теңгеге жетеді. Алайда еңбек нарығындағы жағдайдың жақсарар түрі жоқ. Жұмыссыздық еш төмендемей, 4,8% деңгейінде тұр. Ал атаулы әлеуметтік көмек алатындардың қатары күн санап артып келеді. Мұның барлығы, меніңше, жұмыспен қамту бағдарламасының тиімсіздігін дәлелдейді», – деп аталған бағдарламаны уақытша тоқтатып, оның тиімділігін таразылау қажет деп санайды.
Иә, бізде бағдарлама түзілгенде алдын ала сараптама жасалып, «тиімді-тиімсізі немесе оның қандай нәтижесі бар?» деген сұрақтар қойылмай ма дерсің? Бағдарлама бар, оны орындау керек деп жанталасатын сияқтымыз. Ал нақтысына келсек, әр ауыл не аудан әкімі сол тұрғылықты жерде «қандай кәсіп түрін ашуға болады?» деп, соны сараптап барып, үміткерлерді оқуға жіберуі керек болар. Сөзіміз нақты болсын. Бір ғана Ақтөбеде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен қысқамерзімді курстарда оқыған жұмыссыздардың тең жартысы еңбекке араласпаған. Шыжығы да шығып жатыр. Облыстық прокуратура жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен өңірдегі жұмыспен қамту орталықтарын тексерген. Нәтижесінде, 4,5 миллион теңгенің мақсатсыз жұмсалғанын анықтаған. Айта кету керек, 2016-2018 жылдары Ақтөбеде 4 900 адам қысқамерзімді оқуға жіберілсе, оның тек 2873-і жұмысқа орналасқан болып шықты. Яғни, 58,6 пайызы ғана. Мәліметтерге сәйкес, Алға аудандық жұмыспен қамту орталығы оператор мамандығы бойынша – 25, электрик – 25, шаштараз – 43, кондитерлікке 22 адамды оқытқан, бүгінгі таңда бұлардың бәрі жұмыссыз босып жүр. Павлодар облысында 680 адам оқуын аяқтаса, оның 122-сі ғана жұмысқа орналасқан. Яғни, 17,9 пайыз ғана.
2018 жылы Жамбыл облысында бюджеттен бөлінген қаржыға «қысқамерзімді кәсіптік оқыту» бойынша білім алған 6 мыңдай адамның тек 28 пайызы ғана жұмысқа орналасыпты.
Елбасы кәсіпкерлікті қолдап, жұмыссыздықты жою туралы бір сөзінде «Балық берме, қармақ бер» деген болатын. Қазір сол қармақты беріп жатырмыз. Бірақ сол қармақпен балық аулауды әркім әрқилы түсінген бе дерсіз? Олай болса, балық аулау үшін бір адам қармақтың сабын, енді бірі жібін, үшіншісі ілгішін жасаса, енді бірі сол қармаққа ілетін жемтікті өсіруді неге қолға алмайды?
Айтайын дегенім, бағдарлама жалғасын табатыны сөзсіз. Халыққа керек. Дегенмен оның берерін де алдын ала ойластырғанымыз да жөн-ау. Бағдарламалар аясында тек қана алыпсатарлықты үйретпей, жаңа кәсіптерді игеріп, ұлттық құндылықтарымызды да дәріптеуіміз керек-ақ! Олай болса, ұлт мүддесі үшін атқарылып жатқан оңтайлы істердің орындалу барысы қадағалануы тиіс. Ал ақша нағыз керек деген жобаларға бөлінгені жөн дейміз!
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ