Қостанай көшелерінде ретро машиналар шеруі өтті. Бұл – комсомолдың 101 жылдық мерейтойына арналған іс-шара. Коммунистік партияның облыстық комитетінің бірінші хатшысы Асқар Өмірзақов шараны ұрпақтар сабақтастығына балап, дәстүр мен ел тарихын сақтау үшін ұйымдастырғанын айтыпты.
Шара алдында арнайы хабарландыру таратылған. Комсомолдың мерекесіне дайындық жасағаны көрініп тұр. Өйткені аты айтып тұрғандай, бұл – ретро стильді шара. Бұрынғы мерекені еске алып, ескі машина мінгендеріне таңданасың. Шеруді ұйымдастырған Қазақстан Коммунистік халық партиясы екен.
Қызыл ту, қызыл машина, комсомолды еске салатын әртүрлі төсбелгілер. 29 қазан күнгі қала көрінісі осындай күйде. Қостанай құдды бір сол заманға оралған тәрізді. Қала тұрғындары ретро машиналардың жанында қызыға суретке түсіпті. Бұрынғылар тамсанып, жастар байыбына бармаған болар.
Ретро шеру Жеңіс саябағынан басталды. Онда Ленин ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Содан кейін машиналар алғашқы тың игерушілердің ескерткішіне, қаланың орталық көшелерінен өтіп, «Шағала» жағалауына тоқтады.
Коммунистік партияның облыстық комитетінің бірінші хатшысы Асқар Өмірзақов ретро шерудің мақсаты – ұрпақтар сабақтастығы екенін атап өтті.
Kstnews.kz мәліметі бойынша, Виктор Лосев есімді тұрғын «Бұл – біздің тарихымыз, оны ұмытуға болмайды. Сол уақыттың патриоттық рухын ұмыту мүмкін емес. Бізге сол шақтың үздік дәстүрлерін алу керек» деп пікір білдірген. Тұрғындардың бұл көзқарасынан өткенді «аңсап» жүргені білінеді. Патриот болу заманға емес, адамға байланысты екенін ұмыт қалдырған сыңайлы.
Ленин бейнеленген қызыл туды құшақтап суретке түскен жастардың қызық қуғаны белгілі. Бейбіт заманда ескі сарқыншақты еске түсірген шара ұйымдастырушыларының бұл ісіне не дерсің? Қостанай бұл мерекені бұрыннан тойлап келеді. Осыдан 11 жыл бұрын Пионер сарайында кішігірім оркестрмен салтанатты кеш бергені есімізде. Өткен жылы комсомолдың 100 жылдығын да «лайықты» дәрежеде кеңінен өткізді. Биыл да сақадай-сай дайындалыпты. Олар сонда тәуелсіздік алғанына 28 жыл толған елде ескінің жұрнағын әспеттей ме? Елбасының «Рухани жаңғыру» идеясын қостанайлықтар жете түсінбеген тәрізді. Мәңгілік ел атанамыз дегенде мәңгілікке комсомолды «сүйетіндер» мән бермейтін сияқты. Үрдістің жалғасқанына қарағанда облыс әкімінің үндемейтіні байқалады. Әлде, ол да комсомолды аңсай ма екен?
Айбике ЖАНАСЫЛ