Мортон Шапиро – 2009 жылдан бері АҚШ рейтингінде 9-орын алатын Солтүстік-батыс университетінің президенті. Бұған дейін бірнеше ЖОО-да факультет деканы болып қызмет еткен. Сондай-ақ ол экономика, көшбасшылық, менеджмент саласында дәріс оқитын профессор. «Айқын» АҚШ-тағы белгілі маман Мортон Шапироның сұхбатын жариялап отыр.
– Сіз өзіңіздің көшбасшылық стиліңізді қалай сипаттар едіңіз?
Мортон Шапиро: Өзімнің негізгі қызметімді экономика профессоры деп қарастырамын. Сол себепті менің көшбасшылық стиліме көп жылдар бойы зерттеп келе жатқан салам әсер етті. Мен қатаң, орталықтандырылған басқару жүйесіне сенбеймін. Мен де, әріптестерім де индивидтер өздеріне не қажет екенін жақсы біледі әрі оларды ынталандырудың жолдарын табуымыз керек деп ойлаймыз.
Көшбасшы ретінде әрдайым әркім маңызды жауапкершілігін сезінетін, өзара бірлесе жұмыс істей алатын топ құруға тырысамын. Маған тікелей есеп беретін 14 әріптесім бар. Менің мінде-
тім – оларға өз жұмыстарын шама-шарқынша мүлтіксіз орындауға көмектесу.
Әріптестеріммен жиі кездесіп тұрамын. Ол апталық топтық немесе тұрақты жеке кездесулер болуы мүмкін. Әр кездескен сайын олардан: «Саған қалай көмектесе аламын? Менің көмегім немесе кеңесім керек пе?» деп сұраймын. Сонымен бірге әріптестерімнің өз саласын маған қарағанда артық білетінін жақсы түсінемін. Бұған құрметпен қараймын, сол себепті оларға не істеу керектігін тәптіштеп жатпаймын. Әріптестерімнің жұмыс істеуіне жағдай жасап, көшбасшы ретінде өсуіне қолдау көрсетемін.
– Сіздің көшбасшылық стиліңізге ерекше әсер еткен тұлғаны атай аласыз ба? Ол кісі сізге қалай әсер етті?
Мортон Шапиро: Менің Уильям Боуэн есімді керемет менторым болды. Мықты экономист. Боуэн мырза кезінде Принстон университеті мен Эндрю Меллон қорын басқарған. Біздің стилдеріміз әртүрлі. Ол шеңберге сыймайтын жан еді. Бәлкім, ол менің көшбасшылық стиліме әсер етпеген шығар, бірақ өміріме ерекше ықпал етті.
Ол болмағанда, Солтүстік-батыс университетінің президенті ретінде қызметке келмес едім. Бастапқыда президент болу ұсынысынан бас тарттым. Бірақ Боуэн мырза әйеліме қоңырау шалып, екеуі екі жақтан мені президент болуға көндірді. Осылайша, Боуэн мырзаның зор ықпалы арқасында Солтүстік-батыс университетінің президенті атандым.
Рас, өмірлік ұстанымдары маған қайшы келетін адамдармен де жұмыс істеуге тура келді. Кейде барлық ментор оң бүйрегін бұра бермейтінін студенттердің есіне салып тұрамын. Ондай адамдардан не істемеу керек екенін үйренесің. Мен де бір заманда өктемшіл адамдардың қол астында жұмыс істегенмін. Айталық, ондай басшылар қарамағындағы адамдарды бір-біріне айдап салу арқылы оларды уысынан шығармауға тырысатын. Сондай жағымсыз ортадағы жиналыстарда отырған кезде «Күндердің күнінде мен де президент болармын. Сол кезде мұндай бассыздыққа жол бермеймін, басқаша боламын. Бірнәрсе қиыс кетсе, кінәні өз мойныма аламын. Ал барлығы ойдағыдай болған жағдайда, біреудің еңбегін бағалауға тырысамын» деп іштей өз-өзіме серт беретінмін. Демек, басшымның жағымсыз қылықтары позитивті стилімді қалыптастыруға кәдімгідей көмектесті.
– Әрбір көшбасшыда болуы керек бір қасиетті айтыңызшы?
Мортон Шапиро: Сайып келгенде, ең маңызды қасиет – тиімділік. Табыс табуды көздейтін коммерциялық саланың ережесі бесенеден белгілі. 25 жылдан бері түрлі компаниялардың директорлар кеңесінде мүшемін. Нарықтағы үлесіңді арттырып, компания иелеріне лайықты табыс әкелмесең, сені қызметтен қуады. Мұнысы қате дей алмайсың. Бизнестің заңы солай.
Алайда коммерциялық емес салада нәтижелерді өлшеу сәл қиындау. Әйтсе де, менің ойымша, бәрібір бір нәтижені көздеп, сол үшін жауапкершілік арқалауың қажет. Мәселен, кеше Солтүстік-батыс университетінің Директорлар кеңесінің атқарушы комитетімен кездестім. Оларға даму бағытымыз бен жетістіктерімізді баяндап бердім: «Осыншама қаражат тарттық, студенттерді қабылдау бойынша көрсеткіштеріміз осындай, зерттеуге тартылған демеушілік қаражатымыз мына деңгейге жетті» дегендей. Мен өзге президенттер сияқты: «Біз керемет білім береміз, осы арқылы адамдардың өмірін өзгертуге өлшеусіз үлес қосып жатырмыз» деп көлгірсігім келмейді. Мен эконометристпін, сондықтан кез келген прогрестің ілкімді көрсеткіштері болғанын дұрыс санаймын. Сонда ғана сен ұйымыңды алға сүйрейсің. Тиімділік туралы сөз қозғағанда менің меңзегенім – осы.
Мортон Шапиро, басшы, күнтізбе, рейтинг
Менің ойымша, тиімді көшбасшылықтың тағы бір кілті – эмпатия сезімін дамыту. Экономист ретінде мұның барлығы адамдарды ынталандыруға келіп тірелетінін жақсы білемін. Кез келген мекеменің игілігі үшін ешкім қадағалап тұрмағанына қарамастан, еңбекқор жандарды ынталандырғың келеді. Ол үшін оларды не ынталандыратынын түсіну керек: эго ма әлде ақша ма? Мүмкін, билік шығар? Содан соң оларды мекеменің игілігіне жұмыс істету үшін ынталандыру жолдарын ойластыруың қажет. Адамдарды тыңдамайынша, олардың әңгімелеріне құлақ түрмей, жеке индивид ретінде бағаламайынша, оларды ешқашан түсіне алмайсың. Қорқытып, эгосына әсер етіп, қысқамерзімді жетістікке жетуің мүмкін. Ондайды спорт жаттықтырушылары мен кейбір солақай басшылардан көргенбіз. Жеме-жемге келгенде адамдар сенен теріс айналады. «Команданы жоғалту» дегені-
міз – осы. Мұндай жағдай университеттерде де кездеседі.
Мен өздерін университеттің бағына тап болған президент сияқты көретіндерді білемін. Олар университетпен синоним болғысы келеді. Мұның артында эго жатыр деп ойлаймын. Ақыр аяғында адамдар ондай басшыларға жұмыс істегісі келмей, кетіп қалады. Мұндай басшылар басқалардың еңбегін ешқашан бағаламайды. Олар әрдайым басқаларды кінәлауға дайын тұрады әрі әріптестерінен олардың мүмкіндігінен тыс дүниелерді талап етеді. Мұндай президенттердің «Жылына қарамағымдағы бір-екі қызметкерді жұмыстан шығарып жіберсем, қалғандары етек-жеңдерін жинап, ширыға жұмыс істейді» деп мақтанғанын талай естігенмін. Бұл – адамгершілікке жат. Мұнымен ұзаққа бара алмайсың. Өйткені сенен жәбір көрген адамдар түбінде беделіңді түсіріп, абыройсыздыққа ұшыратады.
– Көшбасшылардың алдындағы ең үлкен қиындық қандай деп ойлайсыз?
Мортон Шапиро: Ең үлкен қиындық – әлеуметтік желі. Осыдан бірнеше жыл бұрын бұл жөнінде авторлық бағанымда жазғанмын. Ол жерде жаңа технологиялар мен коммуникациялық революция нәтижесінде университеттер мен бизнестегі басқару қиындай түсетінін болжағанмын. Сенесіз бе, айтқаным дәл келді.
Көшбасшылар нарративті қадағалауы қажет. Алайда әлеуметтік желінің жылдамдығы мен таралу ауқымы нарративті қадағалауды еселеп қиындатып жіберді. Себебі біз енді медианы қадағалай алмаймыз. Жалған ақпаратпен күресу қиындап барады. Интернеттің осыншама жиіркенішті болып кететіні ойыма кіріп шықпапты. Әлбетте, әлеуметтік желінің пайдасы орасан, оған дауым жоқ. Бірақ жалпы алғанда интернеттің әсерінен қарым-қатынас мәдениеті төмендеп кетті. Бұған көбіне Twitter, Facebook ықпал етті деп ойлаймын.
– Көшбасшылардың жиі жіберетін қателігі қандай?
Мортон Шапиро: Менің ойымша, эгоизмге ерік беру – ең үлкен қателік. Басшының өзін ұйыммен қатар қоюы теріс әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Жеке басқа табыну барлық жерде кездеседі – академиялық ортада, бизнесте, ал саясатта әуелден солай. Алайда біз ұйымның басшылығына, меңгерушілігіне белгілі бір уақытқа ғана тағайындалғанымызды ұмытпауымыз керек. Саған дейін басшылар болған, кейін сенің де орныңа біреу келетінін естен шығарма. Қарым-қабілетің жеткенше қызмет ет, алайда өзіңді ұйыммен шатастырып алма. Ондайға бой алдыру өте оңай.
– Жаңадан басшы болып тағайындалғандарға қандай кеңес берер едіңіз?
Мортон Шапиро: Жаңа басшыларға әріптестерінің айтқанына құлақ асып, оларды жақынырақ білуге тырыс дер едім. Бұған қоса айтарым, кішіпейілдік – әлсіздіктің белгісі емес. Өзіңнің шама-шарқыңды, қабілет-қарымыңды мойындап, командаңа өзің аса біле бермейтін бағытты бес саусағындай білетін мықты мамандарды қос. Басшылар өздері үстірт білетін саласына араласамын деп, араңдап қалады. Оларға өздері мейлінше жақсы білетін шаруамен айналысқан абзал. Мысалы, мен студенттерді қабылдауды ұйымдастыруға, қаржы мәселесін реттеуге маманданғанмын.
Бірақ біздің брэндинг, маркетинг, жаһандық маркетингті де қоса алып жүруіміз керек. Сол салаларды реттеуге жауапты адамдар бар. Олар кейде менен кеңес сұрап тұрады. Бірақ ақыл-кеңесімді айтқаннан кейін, мен олардың істі дұрыс атқаратынына толықтай сенім артамын.
Алайда сен өзіңе сенімсіз болсаң, онда сен біреудің саған жөн сілтегенін қаламайсың. Сол себепті барлық шаруаны өзің тындыруға тырысасың немесе айналаңа жұмысын онша білмейтін мамандарды жинайсың. Сөйтіп, өзіңді басқалармен салыстырғанда, ақылдырақ көрсеткің келеді.
– Қазіргі лауазымды ұсынған кезде өзіңізге сенімсіз болдыңыз ба?
Мортон Шапиро: Экономист болған соң математика мен статистиканы жақсы білеміз деп ойлаймыз. Сондықтан кейде бәрін білетіндей күй кешеміз де, өз-өзімізді тым сенімді ұстап кетеміз. Осыдан 26 жыл бұрын Оңтүстік Калифорния университетінің деканы болып тағайындалдым. Мен басқарған факультетім тұтас Солтүстік-батыс университетінен әлдеқайда үлкен болатын. Ешқашан жұмысты игеріп кететініме күмәнданған емеспін. Алайда бүгінгі күннің биігінен қарап, қаншалықты қиын болғанын енді түсініп отырмын. Менің тәжірибем жоқ еді.
Ол кезде жұмыстың қаншалықты қиын болатынын толық түсінбедім. Төңірегіме өзім сияқты жастарды жинап алдым. Бәріміз жас едік, лауазымымыз талап еткен көп міндетті жете білген жоқпыз. Қатты қиналдық. Бірінші жылы әбден әуре-сарсаңға түстік. Уақыт өте жағдайымыз жақсарды. Сол кезде тәжірибелі жандарға көбірек арқа сүйеу керек екенін түсіндім.
– Басшылардың кемшілігін қалай анықтайсыз?
Мортон Шапиро: Егер ол кісі менімен бірге жұмыс істейтін болса, онда оның артықшылықтарын анықтай аламын. Біздің басшылық қызметтегі бірқатар әріптесіміз бар, олар кейбір нәрселерді жақсы біледі, ал кейбір нәрселерден мүлде хабары жоқ. Алайда кей кездері олар барлық нәрсені өздері істеуге тырысады. Маған тікелей есеп беретін әріптестерімнің қабілеттерін анықтағаннан кейін мен олармен отырып сөйлесемін. «Менің ойымша, мына тұстарыңды дамыта түссең, жақсы болады» деп кеңес беремін. Егер сен оларға шындықты айтып, ақыл-кеңесіңді бермесең, онда олар дамымайды. Басында әріптестеріме шындықты айтуға ыңғайсызданатынмын – осылайша мен бірнеше адамды жұмыстан шығарып жібердім. Кейін олар менің бетіме қарап: «Неге маған қате жұмыс істеп жатқанымды басында айтпадың? Неге сен маған көмектеспедің» деп сұраған кездері болды. Сол себепті әріптестерімізге шынайы баға беру – біздің борышымыз. Олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін анықтап, ары қарай қалау дамуға болатынын бірге талқылауымыз керек.
– Қарамағыңыздағы өзіңізге тікелей есеп беретін адамдарды жаңашылдыққа қалай ынталандырасыз?
Мортон Шапиро: Жаңашылдыққа ұмтылу үшін әріптестеріме қателесуге ерік беремін. Талпынып көрсін. Сәтсіз талпыныста тұрған ештеңе жоқ. Адам қателеспей тұрмайды. Ал ойдағыдай болмаса, әріптестерім жауапкершілікті мен алатынымды жақсы біледі – ол үшін олар жаңашыл қадамдарға батыл барады. Маған тікелей есеп берген тоғыз әріптесім кейін түрлі ұйымдардың басшылығына тағайындалды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Менің ойымша, менің адамдарды жұмысқа алып, тұлғалық өсуіне көмектесіп, оларға қажет дүниеге қол жеткізуіне септігім тиетіндей репутациям бар. Әрине, әріптестерімнің барлығы бірдей президент болғысы келмейді. Алайда олардың кемінде 9-ы президент болды.
– Ұйымыңыздың мәдениетін жаңа қызметкерлерге қалай түсіндіресіз?
Мортон Шапиро: Жаңа қызметкер маған тікелей есеп беретін болса, мен тек ол кісінің өзгелермен қарым-қатынасын бақылаймын. Маған тікелей бағынышты қызметкерлер тобымен аптасына бір рет кездесемін. Одан тыс шағын жұмыс топтарымен тұрақты кездесіп тұрамын. Олар менің жұмыс барысымды көреді. Кездесулер емен-жарқын, бейресми жағдайда өтеді. Шынымды айтсам, мен күн тәртібіндегі мәселені алдын ала белгілемеймін. Мен жай ғана өз ойымды, әріптестерім өз ойын айтады.
Әріптестерімнің отбасына көбірек уақыт бөлуіне, жеке өмірін ұмытпай, күнделікті жұмысқа «басымен кіріп кетпеуіне» қолдау білдіремін. Олар әрдайым көбірек демалыс алып, жұмыстың жай-күйін қатты уайымдамаса екен деймін. Жұмыстағы дүрмекті, трагедияны жеке басқа қабылдамауын өтініп, қайткенде де мәселенің шешімі табылатынын айтамын. Басқалармен сыпайы сөйлесу, шектен тыс салмақты болмау – біздің мәдениетіміздің негізі. Мен әріптестерімді өзін еркін ұстауға шақырамын. Дұрыс шешім қабылдау үшін басқалармен тығыз жұмыс істеуге, бір-бірімен бәсекелеспеуге ынталандырамын.
– Сіз көшбасшы ретінде ары қарай өсу мен даму үшін не істейсіз?
Мортон Шапиро: Көшбасшы ретінде қалай дамып жатқанымды білмеймін. Алайда профессор ретіндегі аяқ алысым жаман емес. Кәсіби тұрғыдан айтқанда, мен бірінші кезекте профессормын. Ынталы студенттерге сабақ беріп, үнемі педагогикалық шеберлігімді шыңдауға тырысамын. Әлі күнге дейін ғылыми мақалалар жариялап, рецензиялар жазып тұрамын. Авторлық баған, кітап жазуды тоқтатқан емеспін. Сонымен қатар кампустағы академиялық шараларға қатысып, интеллектуалды шабыт аламын.
Көп президенттер маған: «Морти, осы сен кітаптың үстіне кітап жазуға қалай уақыт табасың? Менің тіпті сабақ беруге уақытым жоқ» деп қапалана сұрақ қояды. Оларға: «Уақыт тап, сен президент емессің бе? Кім сенің күнтізбеңді анықтайды? Басшылық қызметке келгендегі ең бірінші үйренетінің – өз күнтізбеңе ие болу. Өзге біреудің сенің күнтізбеңді қадағалауына жол берме. Бұл – сенің өмірің», – деп жауап беремін. Басшылық қызметте болудың ең ұтымды тұсы – сені ешкім бірдеңе істеуге мәжбүрлей алмайды. Тіпті, директорлар кеңесі де. Кейде директорлар кеңесі сенбі күні таңертеңге жиналыс қойып қояды. Менде ол күні – Шаббат. Сол себепті мен: «Сау болыңыз» деп кетіп қаламын. Олар аңтарыла қарауы мүмкін. Алайда маған не істей алады? Жұмыстан шығарып жібере ме?
Сондықтан басшылық лауазымға тағайындалып жатсаңыз, алдымен күнтізбеңізді реттеп алыңыз. Бөтен біреуге қай кезде қандай шаруа атқаратыныңызды айтуға жол бермеңіз. Ойлаңызшы, өзіңіз президент бола тұра, «Олар маған сабақ бергізбей жатыр», деп қалай айтасыз? «Олар» деген кімдер? Сен – басшысың, ендеше сабақ бер!
Күнтізбемді бақылау арқылы мен өмірімдегі кейбір жайттарды өткізіп алмауға тырысамын. Дәрістерімнен қалмаймын. Кейбір семинарлардан қалмаймын. Синагогадан қалмаймын. Өмірімдегі кейбір нәрселердің өз орнында болғанын қадағалаймын. Бұдан шығатын түйін мынау: егер сен бақытты болмасаң әрі іс-әрекетіңнен интеллектуалды ләззат алмасаң, онда бұл қызметтен бас тартуың керек.
Сұхбаттасқан
Нұрбек МАТЖАНИ