Айланың жаңа түрі пайда болды: пәтерінде кене, бүрге, қандала пайда болған адамдар жергілікті әкімдікке хат жазып, бұған шатырда өмір сүретін көгершіндерді айыптап, тұрғын үйге бюджет есебінен дезинфекция жүргізуді талап етеді, шағым боратады. Әрине, бұл қулықтың да құйрығы бір-ақ тұтам: жауапты құрылымдар келіп, шатырды мұқият тексереді, зиянкес жәндіктер табылмаса, дезинсекция шаралары қабылданбайды.
Жәндікті улаймын деп кісі өлтірді
Тыныш ұйқыға не жетсін?! Түні бойы дуылдап қышыған жерді тыр-тыр қасып, дауа таппай қиналып, тыныштан айырылу – нағыз азап. Одан құтылу үшін азаматтар шетін шараларға барады. Мысалы, «Квикфос», «Палач» секілді аса қауіпті препараттарды сатып алып, үйіне молынан сеуіп тастайды. Содан кейін есікті тарс жауып, іс біттіге санап, кетіп қалады. Алайда зиянды зат асүй не дәретханадағы ауатартқыш немесе қабырғадағы ұсақ жарық-саңылаулар арқылы іргелес үйлерге тарайды. Мысалы, 2020 жылғы ақпанда Шымкенттегі көпқабатты үйде екі отбасы уланып, емшектегі бала қаза тапты. Төртінші қабаттағы баспана иесі қандала мен тарақандардан құтылмақ болып, дезинфекторды шақырады. Дезинсекция (кене тұқымдастарды, шыбын-шіркей және өзге де жәндіктерді жою) шаралары жүзеге асырылып, пәтер умен өңделгесін үй қожайындары өз денсаулығын қорғау үшін есікті құлыптап, уақытша көшіп кеткен. Әрі болған жайтты жасырып, көршілеріне хабарламаған. Ақыры ол пәтердің көршісі және оған қонаққа келген отбасы мүшелері бастары айналып, жүрегі лоблып, жедел аурухана көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетованың айтуынша, 3 және 5 жастағы екі бүлдіршін ауыр дәрежедегі затпен улану, экзотоксикалық шок диагнозымен жансақтау бөліміне жатқызылды. Олар асқазаны, ағзасы удан тазартылған соң шығарылған. Өкінішке қарай, 8 айлық бөбек ауруханаға барар жолда, жедел жәрдем көлігінде көз жұмды. Сол кезде Шымкент қаласының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары болған Алмат Қосалиевтің түсіндіруінше, дезинфекторға көршілерді құлақтандыру жөнінде талап қарастырылмаған.«Баспананы «Имидаклоприд» және «Регент» препараттарымен өңдеген. Ол не сұйықтық түрінде себіледі немесе газ түрінде бұрқырата тозаңдандырылады. Мұндай шаралар жүргізілгенде көршілерді, тұрғындарды хабардар ету керек деген нақты норма қазір жоқ. Әр маман өз біліктілігіне, кәсіби деңгейіне, тәжірибесіне сүйенеді», – дейді ол.Таяуда, 1 қазанда дезинфекторға қатысты сот үкімі белгілі болды. Сөйтіп, Б.Жәнібеков есімді дезинфектор бір емес, үш баланы өлтіргені әшкереленді. Сол қылмысы үшін бес жылға сотталды. Ол Колорадо қоңызы секілді ауыл шаруашылығы зиянкестерінің көзін құртуға арналған химпрепаратпен тарақандарды қырыпты. Бірінші қайғылы оқиға 2019 жылғы қарашада болды: оның «қызметі» кесірінен бір отбасы тегіс ауруханаға түсті. Қынжылтатыны сол, төрт және он бір жастағы екі ұл бала сол күні дүние салды, олардың әпкесін және анасын дәрігерлер құтқарып қалды. Бастапқыда «олар тұшпарадан уланған екен» деген қауесет тарады. Содан санитарлар отбасыға тұшпара сатқан дүкеннің цехын тексеріп, сынама алған. Біраз уақыт өткен соң ғана балалардың көрші пәтердегі тарақанды улау нәтижесінде өлгені анықталды. Қаскүнем болса, өлім сепкен қызметін жалғастыра берген. Қайғылы оқиға қайталанып, 13 ақпанда ол сегіз айлық балдырғанның түбіне жетті.
Қауіпті сала қараусыз қалды
Мамандар бұл саланың қараусыз, қадағалаусыз қалғанын ашық айтады. Расында, Қазақстанды Doing Business рейтингінде жоғарылатумен тым елігіп кеткен ел Үкіметі тіпті халық өмірі мен денсаулығына залал келетін бағыттардың тағдырын бәсекелестік орта талауына тастады. Меморгандарға олардың үстінен бақылап, қадағалауға тыйым салды. Мысалы, бұрын «дезинфекциялау, дезинсекциялау, дератизациялау құралдары мен препараттарын дайындау, өндіру, қайта өңдеу және көтерме саудада өткізу, сондай-ақ оларды пайдаланумен байланысты жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің түрлері» міндетті түрде лицензиялауға жататын. Алайда 2005 жылғы 15 мамырда заңнамаға өзгерістер енгізіліп, бұл норма заңнан алып тасталды. Оқиғаның өрбуі шытырманға толы: мамандардың дәйектеуі арқасында 2009 жылғы 16 шілдеде «Кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданып, аталған қызмет түрі медициналық қызметтің кіші түрі ретінде лицензияланатын қызмет тізбесіне қайта енгізілді. Дегенмен 2014 жылғы 16 мамырда жаһандық әлгі рейтингтегі Қазақстанның орнын жақсарта түсуге бағытталған «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңы қабылданды. Сонда өзгелер қатарында дезинфекция саласын лицензиялау да «гильотинаға» түсіп, басы қырқылып кете барды. Осылайша, 2014 жылдан бері дезинфекциялық қызмет лицензиялауға жатпайды! Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің дерегінше, бүгінде осы қызметті лицензиялау тәртібін регламенттейтін бірде-бір нормативтік құжат жоқ.Пандемия сала «дертін» ушықтырды
Қазақстанда шамамен 353 жеке ұйым осындай қызмет көрсетумен шұғылданып жүр. YouTube-тен өзі үйреніп, базардан препарат алып, өз бетінше «күресуші» атанған, улаудан нәпақа тапқан жанда сан жоқ.«Жеке ұйымдардың басшылары дезинсекциялық құралдармен жұмыс істеуге кім көрінгенді жібереді: дезинфекторлар қауіпсіздік техникасы жөнінде арнайы оқытудан өтпейді, араларында инструктаж жүргізілмейді. Жеке гигиена және еңбек гигиенасы ережелерін, сондай-ақ тамақ өнімдерінің, ауаның және су айдындарының ластануының алдын алу жолдарын білмейді. Көбі тіпті зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсете алмайды. Олардың улы химикаттармен қаншалықты қауіпсіз жұмыс істейтіні бақыланбайды», – деді ДСМ комитеті.Саланың жағдайы шынымен де алаңдатарлық. Әсіресе, коронавирустың таралуымен бірге осы мәселенің өзектілігі арта түсуде.
«Әлемде және өз елімізде белең алған COVID-19 пандемиясына байланысты дезинфекциялық заттарды өндірумен айналысатын ұйымдар саны да күрт артты. Кейбірінде білікті мамандары жоқ, әрі бұрын бұл іспен айналыспаған. 3 айдың өзінде республика бойынша дезинфекциялық құралдарды, тері антисептиктерін өндіретін 40-тан көп компания ашылды», – дейді СЭС мамандары.Пандемияға дейінгі заманда улаудан әбден зәрезап болып қалған халық коронавирусқа қарсы көшелер мен көпқабатты үйлердің кіреберісін дезинфекциялаушы мамандарды және волонтерлерді қауіптене қарсы алды. Кейбірін соққыға да жыққан. Ал жеке дезинфекторлар одан әрі тарақан-қандаланы өз білгенінше қырумен айналысып жатыр. Дезинсекция және дератизация жұмыстарының жалпы көлемінің 96,4%-ы – жеке секторға тиесілі.
Төннел түбінде жарық бар ма?
Ресми дерек бойынша, 2018-2020 жылдар аралығында дезинсекция, дератизация құралдарын өз бетінше пайдалану нәтижесінде адамдардың улануының 21 жағдайы тіркелді. Соның ішінде 6 адам қайтыс болды. Әрі бұл әр өңірде кездеседі. Мәселен, 2019 жылы елде 5 рет улану жағдайы тіркелді, оның ішінде 3 жағдай өліммен аяқталды. 3 оқиға Маңғыстау облысының еншісінде: біреуі өлімге соқтырды. Екеуі Алматы қаласында болды және екеуінде де адамдар қаза тапқан. Жағдай 2020 жылғы ақпанда шиеленіскен: республика бойынша бірден 11 улану жағдайы тіркелді. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында – 8 жағдай, Шымкентте – 3 жағдай. Оның ішінде Шымкенттегі 1 жағдай өліммен аяқталды. Маңғыстау өңіріндегі уланудың барлық 8 жағдайы «БИ-58» дезинсекциялық құралын қолданумен байланысты: препараттың нұсқаулығында жазылғандай, ол тек ашық далада ауыл шаруашылығы өсімдіктерін өңдеуге арналған. Бұдан бөлек, Ақтау қаласында «Квикфос», «Агран» препараттарымен үйді өңдеуден кейін адамдардың уланып өлуінің 3 жағдайы тіркелген. Алматы қаласында «Палач», «Фас-дубль» препараттарын қолданудың 2 жағдайы өлім-жітімге соқтырды. Салада лицензиялаудың қайта енгізілуіне кәсіпкерлер қарсы. Мұны олар бақылаушы органдардың бұрынғы «конвейерлік» тексерістерге қайта оралуы деп есептейді. Демек, осыған қатысты кез келген бастаманы бұғаттауы мүмкін. Себебі заңнама бойынша бизнестің жағдайын ауырлататын заң жобалары алдымен кәсіпкерлік қауымдастықтың сараптамасынан өтеді. Оның үстіне, лицензиялау «халтурамен» табыс табатын арамза кәсіпкерсымақтардың көлеңкелі қызметіне тосқауыл бола алмауы мүмкін. Себебі тұтынушылар бағасының қолжетімділігіне қызығып, дезинфектордан лицензиясын талап етпеуі кәдік.Айхан ШӘРІП