Біздің ел бес мемлекетпен шектеседі. Бес мемлекеттің мінезі бес түрлі. Сол бес мемлекетпен түйісетін шекарамыздың бергі бетіндегі ел-жұрттың тұрмыс-тіршілігі қалай? Бүгінге дейін естігеніміз ел іргесіндегі елді мекендерде халық қалмады дегенге саяды. Бұл мәселенің көтерілгеніне көп жыл өтті. Одан бері не өзгерді? Шекарадағы ағайынның жыртығы неге жамалмайды? Иә, ресми органдардың бұл сұраққа берер жауабын біліп отырсыз... Сондықтан біз көкейдегі сауалымызды шекаралық аумақта өмір сүріп жүрген халықтың өзіне қойдық. Ол туралы сәл кейінірек.
Баспана ала да, сала да алмайсың
Шекарадағы елді мекендер мәселесін жазуымызға сенатор Ольга Булавкинаның депутаттық сауалы себеп болды. Ол шекаралық аумақтағы жастардың қалаға қоныс аударуы жергілікті кадрлардың қартаюы мен олардың біліктілік деңгейінің төмендеуіне әкеліп отырғанын көтерді. Ел іргесі елсіз қалса, мемлекет қауіпсіздігіне қатер төнетінін ескертті. Жөн-ақ. Бірақ біздің жақсы өмір аңсап көшіп жатқан жастарды жазғыруға құқымыз бар ма? Әрине, жоқ. Өйткені шекаралық өңірлердегі халық денсаулық сақтау мен білім беру саласындағы мемлекеттік қызметтерді уақытылы ала алмайды. Олардың рухани өсуіне де жағдай жасалмаған. Бұл проблемалар жинала келе қиын әлеуметтік-психологиялық ахуалды қалыптастыруы, салдарынан қылмыстың көбеюі мүмкін ғой. Статистика дерегіне сүйенсек, осы жылдың бірінші жартыжылдығында республикадағы орташа жалақы 212 мың теңгені құрады. Ал шекарадағы тұрғындардың түсіне мұндай жалақы кірмейтін де болар. Олардың арасында жеткілікті кіріс пен кепілдің болмауынан баспанаға да қол жеткізе алмай жүргені қаншама? Сенатор Ольга Булавкинаның айтуынша, ол ауылдарда жиған-терген қаржысы болса да сатып алатын баспана табу қиын. Себебі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасында Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, облыс және аудан орталықтарында ғана тұрғын үй салу қарастырылған. Ал шекаралық және шағын елді мекендерде бағдарламаны жүзеге асыру назардан тыс қалған. Осылайша, халық саны 200 адамға жетпейтін 1 300 ауыл (ауыл) мемлекеттік қолдаусыз қалып отыр. Баспана салып алайын десе, жер алуда кілтипан көп көрінеді.«Қазірдің өзінде тұрғын үйлер салынған ауылдық жерлердегі жер телімі мәселесі шешілмей жатыр. Өйткені үй салған азаматтар жер теліміне және тұрғын үйге меншік құқына рұқсат ала алмай жүр. Себебі жер телімінің тағайындалған мақсатында сәйкессіздік бар. Жер кодексінің 44-бабы 5-3-тармағына сәйкес, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер теліміне құқық беру ережелері, тұрғындарының саны 5 мың адамға дейінгі елді мекендерде, құрылыс және құрылыс схемасына сәйкес жер телімі сумен және электрмен жабдықтау желілерімен қамтамасыз етілуі керек. Алайда бірқатар аймақтарда инженерлік желілерді жобалауға бюджет қаражаты жоқ, бұл азаматтардың жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу құқын бұзып отыр», – дейді.Сондықтан сенатор шекара маңындағы аумақтарда мақсатты мемлекеттік қолдау мен экономикалық белсенділікке қолайлы жағдай негізінде тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамудың белдеуін құрған жөн деп санайды.
500 шақырым жолды жүріп өтсең тірі қаласың...
Мемлекеттік шекарамыздан 50 шақырымға дейінгі аралықта орналасқан әкімшілік-аумақтық құрылымдар мен елді мекендердің аумақтарын шекаралық аумақтар деп атайды. Сондай ауылдың бірі – Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданының Жәнібек ауылы. Батысында Ресейдің Волгоград (Паллас ауданы), солтүстігінде Саратов облыстарымен (Новоузен ауданы) шектеседі. Осы ауданның тұрғыны Ерлан Атаев шекарадағы ел-жұрттың аудан орталығына қоныс аударып жатқанын айтады. Себебі шалғайдағы халықты жол мәселесі титықтатып жіберген. Бұл ауданның халқы мал асырап күнін көреді. Басқа өндіріс ошағы мен өнеркәсіп орны жоқ. Ауданда 200-дей шекара қызметкері мен олардың отбасылары тұрады. Жалақысы жақсы, ауданға ақша түсіретін де солар көрінеді.«Медициналық көмек қажет болса, 500 шақырым жол жүріп, Оралға барады. Бұрын шекара ашық кезде Ресейге баратын. Бізде интернет жылдамдығы өте баяу. Жуырда байланыс операторлары интернет тартамыз деп жүрген. Нағыз шекаралық ауыл деп Жәнібектен 100 шақырым жерде тұратын Борсы ауылын атауға болады. Ауыл мен Ресей шекарасының арасы 4-ақ шақырым. Міне, осы ауылға баратын жолды жол деп айтудың өзі ұят. Жаңбыр жауса батпаққа айналады. Бұл ауылға кезінде «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы су жеткізілген. Бірақ оның өзін уақытпен береді. Себебі жұмыс істеп тұрған жап-жақсы үш скважинаның екеуін маман болмаған соң жас балалар бүлдіріп алды. Уақытында күтім жасалмады. Енді бір скважинаның суын уақытпен алуға мәжбүр. Ол ауылда 60 шақты үй тұрады. Малдан басқа тіршілік көзі жоқ. Қалаға барсақ қалай өмір сүреміз деп, ешқайда қозғалғысы келмейді», – дейді Е.Атаев.Жәнібек ауданындағы тұрғындардың арасында Атырауда вахталық режиммен жұмыс істеуге баратындар көп. Пандемиядан кейін жартысы қысқаруға ұшырады. Бүгіндері үйінде отыр. Жұмысқа шақырып қалар деген үмітпен телефонына телміріп қояды. Себебі 200 мың теңге жалақы алып үйренген олар Жәнібектегі жалақыны місе тұтпайды.
«Біздің ауданның 500 орындық ауруханасы бар, бірақ хирургы жоқ. Операция жасау үшін көрші ауданға – Қазталовка немесе облыс орталығы – Оралға жібереді. Жағдайы ауырына санавиация шақырады. Көп жағдайда жедел жәрдеммен жібереді, ал ол көлікпен 500 шақырым жолды жүріп жеткені – тірі қалады, жетпегені жолда жан тапсырады. Жақында танысымның аяғын жылқы басып кетіп, аяғы салақтады да қалды. Аудан дәрігерлері ештеңе істей алмады, Оралдағылар өзі жетсін депті. Сосын такси жалдады. Оралға жеткенше ауырғанды басатын екпе салғызып барыпты», – дейді ол.
Шекарадағы ел қанағатшыл келетін сыңайлы, көп мәселенің бетін ашқанымен, жолды ғана жөндеп берсінші, басқасын жөнге келтіруге болады деп отыр. Алайда мына бір мәселені өзіміз айтуды жөн көрдік. Мал шаруашылығымен ғана күнелтетін жәнібектіктерге осы өңірдегі киік басының көбеюі мәселе туындатып отыр, жайылымның бәрін жеп қояды, таптап өтеді. Киік санын шектеу немесе басқа өңірге ауыстыру туралы мәселе көтерген екен, нәтиже шықпапты. Биыл бұл өңірге жаңбыр тамбаған. Су арнасын сорғы арқылы толтырады. Ал оны киік ішіп тауысады, тауыспағанын лайлап бүлдіреді екен. Содан халық қолындағы малына шөп таба алмай, су жеткізе алмай қиналып жүр.
Қазақстанда тұрады, Қытайдың уақыт белдеуімен өмір сүреді
Ал оңтүстік өңірде жағдай мүлдем басқаша. Мысалы, Өзбекстанмен шекаралас ауылда тұратын Ербол Исламбек көрші елдегі отшашуды естіп жататынын айтады. Бұл өңірдегі байланыс операторлары шекарадағы жұрттың басын қатырып тұр. Ойламаған жерден Өзбекстанның роумингіне өткізіп жібереді. Оңтүстік өмір сүруге қолайлы өңір болғандықтан, Өзбекстаннан қоныс аударған қандастарымыз Солтүстікке берілген квотадан бас тартып, Сарыағаштың маңынан өз қаржысына жер сатып алып тіршілік етуге көшкен. Енді олардың өзі емес, еккен қияры мен қызанағы, болгар бұрышы мен баклажаны солтүстікке кетіп жатыр. Тіпті, Ресейге экспорттап үлгеріпті. Жер жаннаты – Жетісудың жұртын да жеміс-жидегі мен егін шаруашылығы асырап тұр. Әйтпесе, Алматы облысының Ұйғыр ауданына қарасты Үлкен диқан ауылының халқы көз ашқаннан Қытай арналарын көріп өседі.«Тіліміз қытай қазақтарына ұқсап кеткені де содан ба деймін. Қытай қазақтары аударған фильмдерді көп көреміз, қытай қазақтарының радиосын тыңдаймыз. Біздің ауылға келген адамның сағаты Қытайдың уақыт белдеуіне ауысып кетеді. Әйтпесе, өзіміз Қытайды көрген емеспіз, бірақ сол елдің уақыт белдеуімен өмір сүреміз», – дейді Үлкен диқан ауылының тұрғыны Арайлым Ботанқызы.Оның айтуынша, шекарадағы ауылдардың жолымен жүріп өткен соң көлігіңізді міндетті түрде жөндеуге апарасыз. Ал байланыс желісі арманға айналған.
«Қаладағы әріптестеріме ауылға кететінімді міндетті түрде ескертемін. Себебі ұялы байланыс ұстамайды. Қашықтан оқу басталғалы бері 1-2 жерге интернет орнатыпты. Оның өзін тау-тасқа шығып жүріп әрең пайдаланады. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл бола ма, ал менің туған ауылыма су былтыр ғана жетті. Оның өзі таудағы үйлерге жетпейді, төменнен тасып аламыз. Соған да қуандық. Біз жас кезімізде қалаға ағылып едік, қазіргі жастар ауылда қалып жатыр. Соған қуанамын», – дейді ол.
Елге ел қосылып жатыр
Ал Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданына қарасты Марқакөл ауылдық округіне ел қосылып жатыр. Шекаралық аудандардың бәрі осындай болса, ел іргесінен ел көшіп несі бар? Биыл Өңірлерді дамыту бағдарламасы шеңберінде аталған ауылдық округке қарасты ауылдарды дамытуға 1 млрд теңге бөлініпті. Көп жыл жөндеу көрмеген мектептер, ауыл клубтары, бірнеше жол жөнделген. Ауыл халқын толғандырған ауызсу мәселесі де шешімін тапқан. Кезінде бұл округте 7 мың халық тұрған. Бүгінде соның 3 700-і ғана қалған. Округке қарасты ауылдар мен ұжымшарларды қосқанда жалпы округтегі халық саны – 4 674 адам. Ең қызығы, бұл өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үй құрылысы басталған. Ауыл маңында ашылған алтын кеніне 20-дан астам адам жұмысқа орналасыпты. Алдағы уақытта комбинат салынса, тағы да жұмыс орны құрылады деген үміт бар.«Енді Күршім өзені үстінен салынатын көпір пайдалануға берілсе, бұл маңда тіршілік жанданады деп ойлаймын. «Елге ел қосылса, құт» деуші еді, карантин басталғалы қалаға қоныс аударғандар ауылға қайта бастады. Біздің ауылға Қытайдан 400-ге жуық отбасы көшіп келді. Қызылордадан қоныс аударған отбасылар да бар. Шағын ауылдардан қалаға көшу үдерісі тоқтады. Марқакөл ауылы кезінде аудан орталығы болған ғой. Сол заманнан қалған 12 көпқабатты үй бар, соның 4-5-і бос тұр. Терезесін жауып сақтап отырмыз, келесі жылы жөндеу басталады. Құжаты сараптамаға жіберіліп жатыр», – дейді Марқакөл ауыл округінің әкімі Рүстембек Кемешев.Қытаймен шекарасы 2 шақырым ғана болатын ауыл халқы қауіпсіздігі үшін алаңдамайды. Себебі шекарамызда застава бар дейді. Біз Рүстембек Кемешевтің ауылдарды көркейту үшін аянбай жүргенін сол өңірдің қарапайым тұрғындарынан білдік. Білдік те, қоңырау соқтық. Ол Өңірлерді дамыту бағдарламасы, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы, «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы ауылдағы қордаланып қалған мәселелерді шешуге болатынын дәлелдеп жүр. Демек, қалауын тауып, қар жандыруға болады. Ол үшін ықылас пен ниет керек. Біз сол ниеттің Үкімет мүшелерінде болғанын қалар едік. Себебі шекарадағы елді мекеннің бәрі оңтүстік пен шығыста орналаспаған. Еліміздің батысы мен солтүстігіндегі үдере көшкен елдің жұртын елеусіз қалдыруға болмайды...
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ