Елімізде соңғы уақытта урбанизация деген сөз пайда болды. Елімізде бұл саланың белді өкілі деп урбанист-сәулетші Асхат Садуовты айтуға болады. Көзі қарақты оқырман оны елордада балыққа ұқсатып салынған «Атырау» жаяу жүргіншілер көпірінің және бірнеше керемет жабдықталған парктің авторы ретінде таниды. Ал қысқаша таныстыра кетсек, ол – концептуалист, креатор, қала мәдениеті мен оның сәулеттік ландшафтын дамыту тақырыбындағы дәрістер мен шеберлік сабақтары сериясының авторы. Урбанист маманмен еліміз үшін жаңа бір әлемге есік ашатындай тың сала туралы сұхбаттасқан едік.
– Асхат Кеңесұлы, оқырманға түсінікті болу үшін айта кетсеңіз, урбанизация, соның ішінде урбанизм дегеніміз не? – Урбанизм дегеніміз – ең бірінші кезекте әлеуметтік технология. Қаланың өмірін ұйымдастыруда қолайлы орта туғызуды басты мақсат етіп алатын сала. Оның ең бірінші бағыты адам мен оның жайлы өмірінің негіздерін айқындау. Ал қала дегеніміз – осы жайлылықтың басы екенін өзіңіз де білетін боларсыз. Ендеше ол пәтерден шыққан бетте үзіліп қалмауы үшін қалалық тұрғынның өмір салты жан-жақты зерделенуі қажет. Инфрақұрылым мен көлік қатынасы, әлеуметтік-қоғамдық тағы да басқа құрамдас бөлшектері саралануы тиіс. Бұл – кешенді мәселе. Оларды бір-бірінен бөлек қарастыруға немесе бір-бірінен артық маңыз беруге болмайды. Мұндағы ең бір шешуші фактор – қала тұрғындарының осындағы процестер мен талқылауларға тікелей араласуы. Сонда ғана мұнда нақты нәтиже мен ортақ шешімге қол жеткізуге болады. Олардың сыртынан ештеңе шешуге болмайды. Ал ол үшін тұрғындар да белсенділік танытуы қажет. Қазір әлемдегі дамыған қалаларда «кеңістікті ізгілендіру» деп аталатын жаңаша үрдіс жүріп жатыр. Мәселен, бұрын бәрін жергілікті атқарушы билік шешетін. Қаланың бас сәулетшісі хирург сияқты болатын. Қаланың бір жерінде бір нәрсені кесіп алып тастап жатса, енді бір жерінде тігіп жататын. Енді оның қазіргі рөлі психоаналитикке көбірек келеді. Белгілі бір аумақта жаңа жоба жасамас бұрын ол тұрғындар арасында оларды не толғандыратыны жөнінде сауалнама жүргізеді. Біз де астананың урбанистика орталығында жүрген кезімізде осы үрдістен қалмай, қаланың әр жеріндегі кеңістіктерді қалай жақсартуға болатынын талқылауға тұрғындарды араластыруға тырыстық. Дауыс беру мен сауалнама практикасынан бас тартып, түрлі жоба бойынша үш ай бойы бетпе-бет кездесулер өткіздік. Дұрыс шешім қабылдағанымызды түсіну үшін олардың эмоциясын анықтауға бағытталған эксперименттер жасап көрдік. Оларды қала өміріне белсенді қатысуға шақырдық. – Тұрғындардың белсенділігі қандай болды. Әдетте тұрғындар арасынан суырылып алға шығатындар тым көп болмайды. Ал сіздер оларға қандай міндет жүктедіңіздер? – Қаланың бүгіні мен ертеңіне деген жауапкершілікті сезіну керек. Өзінің қаладағы болып жатқан өзгерістерге тікелей қатысы бар екенін түсінуі керек. Ол әкімшілік маған бір нәрсе жасап береді деп күтпеуі керек. Өзі де қаланы көркейтуге байланысты, жайлылығына қатысты мәселелерге араласуы қажет. Қала тұрғыны ең бірінші кезекте өзінің құқын білуі керек. Мәселен, мәслихаттың қалай жұмыс істейтінін, қалалық қызметтердің қалай жұмыс істейтінін білуі тиіс. Сонда ғана ол жауапты шенеуніктермен олардың құзыретіне қарай қалай дұрыс сөйлесу керек екенін біледі. Егер тұрғындардың азаматтық белсенділігі жоғары болса, қала әкімдігі де бірдеңені дұрыс істемеуден тартынып тұрады. Өзінің құқын, әрбір процестің толықтай іске асу ретін білетін адамдарды әкімдіктегілер де сырғытпа жауаппен алдаусырата алмайды. Менің ойымша, қалалық мәслихат дегеніміз оның әрбір ауданынан шыққан, сол ауданның проблемасын терең білетін және азаматтық бастамада қорғап шыға алатын адамдардан тұруы керек. Мәселен, «Встречадан» бір адам, «Евразиядан», «Лесозаводтан», «Көкталдан», «Чугункадан», сол жағалаудан және тағы басқалар. Әр ауданның тұрғындары да ол кісіні өз араларынан өздері ұсынып, сайлай алатындай белсенді болуы керек. Урбанизацияның әлеуметтік бір шарты осындай. Ал архитектуралық әлеуетін одан кейінгі кезекте қарастыруға болады. – Қалалардың құрылыстық-сәулеттік әлеуетіне қатысты сіздің тың ойлар айтып жүргеніңізді білеміз. Жол кептелісіне қатысты да ұсыныстарыңызбен таныспыз. Осы ретте, бұл ойлардың барлығын алдын ала қаланың бас жоспарында қалай қарастыруға болады? – Бас жоспар дегеніміз – Кеңес Одағының қалдығы. Мұндай жүйе қазіргі экономика талаптарына жауап беруді әлдеқашан қойған. Бұл картадан қала тұрғындарының қазіргі сұранысын көре алмаймын. Онда айтылғандардың көпшілігі 2050 жылға дейінгі фантастикалық нәрселер. Мәселен, осыдан 5 жыл бұрын қабылданған жоспарда биыл қалада не болу керек екені жазылуы керек емес пе? Мен оны көріп тұрған жоқпын. Мұндай жағдай біздің елдегі барлық қаланың бас жоспарында кездеседі. Сондықтан бұл жүйеден бірте-бірте бас тарту керек. Оның орнына алдағы 5 жылда немесе 10 жылда қандай бағытта қозғалатынымыз айқындалатын нақты құжат болу керек. Сонда ғана біз, ғылыми тілмен айтқанда реперлік өлшемдер жасай аламыз. Ол шынайы жағдайға жақын картинаға алып келер еді. Негізі, қала дегеніміз бірінші қабаттардағы бизнес нысандары мен жүргіншілердің қайнаған ортасы болуы тиіс. Ол үшін не істеу керек? – Рас, не істеу керек? Бізде құрылыс компаниялары урбанист мамандардың кеңесіне жүгінбей ме? Әлде, урбанистиканы бұл салаға қатысы жоқ ғылым деп ойлай ма? Түсіндіріп беріңізші. – Біздегі құрылыс компанияларының көпшілігі жекеменшік. Сондықтан да бізге бас жоспар мен детальдық жоспарлау жобасы (ПДП) арасын жалғап тұратын, мұндағы экономикалық құрамдас бөліктерге жауап беретін тетік табу керек. Құрылыс – экономиканың локомотиві, даму драйвері дейміз, ендеше мұндағы жобалар құрылыс нысанының алдағы уақытта қандай да бір экономикалық ресурс ретінде пайдаланылатындай болып жоспарлануы қажет. Әрбір жаңа құрылыс нысаны қалаға табыс әкелуі тиіс. Ыңғайлылығы сондай, онда бизнес көп уақыт өтпей өздігінен ашылып жатуы тиіс. Ол нысандар ешқандай өзгерту жасауды, қосымша инфрақұрылым тартуды талап етпейтін, күзет жүйесі мен өрт қауіпсіздігіне дейін барлығы қарастырылған, таза әрленген дайын кәсіпкерлік орынжай болуы қажет. Сонда ғана ол қазіргідей абаттануы мен күтімі үшін бюджеттен ақша соратын кварталдарға айналмайды. Сервистік экономикаға негізделген көшелер түптеп келгенде шаһар қазынасына салық құяды. Бұл қаланың дами түсуіне күш қосады. Мен бұл жерде жан-жақты ойластырылған экономикалық талаптарға жауап беретін кешенді шешімдер туралы айтып отырмын. Егер жаңа кварталдар пайда болатын болса, олар қала экономикасына нәр бере алатындай ретпен орналастырылған көшелердің торынан құралуы керек. Қаланың бастапқы сипаты осылай жобалануы қажет. – Бізде қалай жоспарланып жатыр? Сырт көзге қалаларымыз тәуір жоспарланғандай көрінеді ғой. Әсіресе, Нұр-Сұлтан қаласы... – Ал біздің қазіргі көріп отырғанымыз – кәдуілгі кеңестік жоспарлы экономиканың жалғасы. Оларға тек құрылыс үлкен дүмпумен қарқынды жүріп жатса болды. Яки, мұндағы шешім қабылдайтын адамдардың тек «шаршы/метр санатымен» ойлайтынын көріп отырмыз. Оларға белгілі бір уақытта осынша миллион шаршы/метр құрылыс салынса, бірнеше аз қамтылған отбасы баспанамен қамтылса немесе сатуға шығарылса болды. Оның экономикалық аспектілеріне үңіліп жатқан ешкім жоқ. Бұл өте қысқамерзімді мақсаттар. Бізге кеңірек ойлану қажет. Девлопмент деген бар. Қаланы дамыту қызметі. Осы қызмет жаңадан тұрғызылып жатқан нысандардың бірінші қабатындағы бизнестің табыс әкелетініне мүдделі болуы тиіс. Сонда ғана ол жер экономикалық тартымды болады. Бұрын құрылыс салушылар ғимаратты салғаннан кейін астындағы бос ғимараттарды пәтер иелері кооперативтеріне беріп кететін. Қазір оны өздеріне алып қалып, табыс табуға болатынын түсінді. Девлопмент қызметін жандандыра бастады. Ғимаратты басқарудың тиімділігін арттырған сайын қала экономикасы да жандана түседі. Жол кептелісі туралы да айтарым – осы. Жергілікті билік бірінші басымдықты бірінші қабаттардағы бизнес пен жаяу жүргіншілерге беруі тиіс. Бірақ қазіргі жүйе автомобиль жүргізушілеріне тым босаң. Бәлкім, бірте-бірте біз оған де келетін болармыз. – Осы ретте, қаланы шағынаудандарға бөлген дұрыс емес деген пікір айтып жүрсіз. Осыған тоқталсақ. – Қаланы шағынаудандарға бөлген дұрыс емес. Ол экономикалық тиімсіз. Айталық, ол жерге инфрақұрылымдар тартылады, неше қабат нысандар салынады, қаншама құрылыс шығындары жұмсалады, ал ақыр аяғында бұл шағынаудан тұрғындары күнде-күнде мұқтаждықтары үшін орталыққа жосылып барып келуге тура келетін оқшау мекенге айналады. Олай болмауы тиіс. Үздіксіз даму болуы тиіс. Сондықтан да ол қала шағынаудандардан емес, интенсивті қозғалыстар сипатындағы кварталдардан тұруы керек. Шағынаудан үлгісі бізге Кеңес Одағының құрылыс салу моделімен келді. Ал қаланы көшелерге, жолдардың торшасына бөлу патша заманынан бар. Ендеше бұл табиғи сұрыпталып келген модель болатын. Айталық, қалаға алыстан керуен келіп, жергілікті көпестермен сауда жасайды. Олар қаланың экономикалық орталығы саналатын бас көшеде орналасқан сауда нысандарында заттарын сатады. Осы көшенің бойындағы ғимараттар сауда үйлері мен базарлар оның ажырамас бөлшегі. Осылайша, көшелер қалыптасқан. Біз осы үлгіні дамытуымыз керек. Әр қалада өзінің сәулет мектебі болуы тиіс. Сонда онда сәулеттік дәстүр сақталады. Қаланың сәулетшісі дегеніміз дамудағы бас идеолог болуы тиіс. Егер ол беделі бар, қала басшылығының көзін жеткізіп, қалай істеу керек екеніне көндіре алатын болса, қала дамитын болады. Әйтпесе, барлығын бизнес өкілдері сатып алады да, олар өздерінше жасайды. Қаланың өзінің даму тәртібі болмайды. Ал билік, бизнес және қоғам өз мүдделерін мақұлдаса отырып жасайтын болса, қаланың жайлылығы да, экономикалық тиімділігі де арта түспек. Сол себептен қаладағы әрбір жер телімі сауатты игерілуі қажет. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ