Бөліп берген айлықта береке бар ма?
Бөліп берген айлықта береке бар ма?
357
оқылды

Тамыз айынан бері Алматы әкімдігі мұғалімдерге педагогикалық шеберлік бойынша үстемеақы төлемеген. Әкімдіктің 15 мың мұғалімге 2 млрд теңгеге жуық берешегі болған.  Жауаптылар 10 қарашаға дейін тиісті соманы аударамыз дегенімен мұғалімдер шырылдап отыр. Өйткені олар ипотека, кредит және тағы басқа қажеттілікке ақша таппай дал болып жүр. Мәселенің тереңіне бойлай келе, кей өңірлерде педагогтердің жалақысын 3-ке бөліп беру белең алғанын байқадық.

Педагогтердің сөзіне сүй­ен­сек, қосымша ақы дауы қа­ла­дағы әр ауданда әртүрлі. Бірі педагогикалық шеберлік бойынша, бірі республикалық бюджеттен бөлінетін 25% үс­темеақыны алмаса, ендігісінің дәптер тексеру мен сынып же­текшілікке төленетін ақы қолына тимеген.  Сондықтан ипотекасын төлей алмағаннан ломбардтың көмегіне жүгінген ұстаздар бар.

8 100 мұғалімге қосымша ақы төленген

«260 мың теңге жалақы аламын. Соның 170 мың теңгесі түсті. Педагогикалық шеберлік бойынша қосымша ақымды ала алмай отырмын. Жалақым біреуге көп болып көрінуі мүмкін. Алайда мегаполис тұрғыны үшін бұл қаражат жоспарлы жұмсағанда ғана жетеді. Қосымша ақы уақытылы түспеген соң, алтындарымды ломбардқа өткізуге мәжбүр болдым. Өйткені несиені төлеу мерзімі өтіп кетті. Білесіздер, төлем мерзімі өтсе, үстіне ақша төлеу керек. Сондықтан әлеуметтік желіде оқыған ақпаратыма сеніп, 10 қарашаны күтіп жүрмін», – дейді  Алматы қаласының тұрғыны Жібек Т. (есімі өзгертілді – авт.)
Ал тарих пәнінің мұғалімі Сұл­тан Сүлеев тамыз айынан бері республикалық бюджеттен мұ­ғалімдерге берілетін 25%  үстеме­ақыны алмаған. Ұстаз бұған түсі­ністікпен қарап, шешімін кү­тіп жүр. Өйткені бұл мәселенің ас­тарында карантин шарасы тұр.
«Шаһардағы мұғалімдерге қосымша ақы әртүрлі санат бо­йынша түспеген. Өйткені Ал­матыда бірнеше аудан бар. Кей­бірі педагогикалық шеберлік бойынша, бірі бюджеттен бөлі­нетін 25% үстемеақысын алмаған. Мәселен, мен де үстемеақымды алмадым. 3 айдың ақшасы шама­мен 90-100 мың теңгенің арасында болуы керек. Иә, педагогикалық шеберлік бойынша ақша мөл­шері мүлдем бөлек болуы мүм­кін. Себебі санат, тәжірибе және тағы басқалары есептеледі. Мұ­ғалімдердің біразын несие төлеу, ипотека жайы қинап жатыр», – дейді педагог Сұлтан Сүлеев.
Мұғалімдер әлеуметтік желіде бас көтеріп, шағым айтқаннан соң Алматы қаласы білім басқар­масы мен әкімдік шешім табу үшін министрлікке жүгінген. Нә­тижесінде, қала әкімдігі БҒМ-мен бірлесіп, аталған мә­селенің шешімін тапқан.  Білім бас­қармасы хабарлағандай, рес­публикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінеді. Ал осыған дейін қаладағы 8 100 мұғалімге жергілікті бюджеттен қосымша ақы төленген.
«Мұндай тапшылық педа­гогикалық мөлшерлеменің ай­тарлықтай өсуіне байланысты қа­лыптасты. Педагогикалық шеберлігі үшін қосымша ақы төлеуге бөлінетін қаражат рес­публикалық бюджетте қаралып жа­тыр. Қаланың білім басқармасы республикалық бюджеттен қо­сымша қаражат бөлуге өтінім берді. Өтініш расталды. Жақын арада, 10 қарашаға дейін қалған мұғалімдер тамыз-қыркүйек ай­ларына қосымша ақы алады», – деп хабарлады Алматы білім бас­қармасы.
Оңтүстік астанада жалақыға қатысты дау туғасын, елордадағы ахуалды білгіміз келді. Білім бас­қармасына хабарласып, қосымша ақының жайын сұрадық. Басқарма өкілі Алтынай Зарлыққызы Нұр-Сұлтан қаласында ұстаздар тара­пынан мұндай шағым түспегенін айтты.

Жалақы қолға «бүтіндей» тимейді

Қосымша ақы жайын сұрас­тырып жүргенде тағы бір мәселенің шеті шықты. Өңір мұғалімдері біраздан бері жалақыны 3-4-ке бөліп алып жүр екен. Педагогтер жалақы есептеу жүйесіне нара­зы. Олар айлық есептерде жер­гілікті бюджет, республикалық бюд­жет деп бөліп қарастырудан шаршаған. Әрі бұл механизмді түсінбей бас қатырған мұғалімдер жағдай қалыпқа келмесе бас көте­руге бар. «Бөліп-бөліп берген айлықтан берекеміз кірмей тұр. Қолда бар айлықты ипотеканың несиесіне құйып отырмыз», – дейді мұғалімдер. «Жетісай ауданында үнемі жалақыны кеш аламыз. Несиені ай сайын айыппұлымен қосып төлейміз. Айлықты бөліп бергесін не алып, не қойғанымыздың есебін  білмейміз. Неге білім саласына қатысты республикалық бюджет пен жергілікті бюджетті біріктірмеске? Бөліп алғасын ба, жалақының көбейгенін де сез­бедік», – дейді Айнұр Алтуреева.
Негізінен, мұғалімдерге жер­гілікті бюджеттен берілетін жала­қы мен республикалық бюджеттен түсетін қосымша ақы бөлек бері­леді. Бірақ педагогтердің ай­туынша, ақшаның банк кар­точкасына аударылу арасы 1 са­ғат­тан аспайтын-ды. Кейінгі кез­де аударым уақыты сағат емес, күн бойынша өзгеріп кеткен. Ал мұның салқыны баспана ақысын төлеуге, үй алуға өтініш беруге тиген. Кейіпкеріміз Салтанат Тура­лина «Баспана хит» бағдарламасы арқылы үй алуды жоспарлаған. Бағ­дарлама шарттарымен таны­сып, енді үйге қол жете ме дегенде айлықтың зейнетақы қорына аударымдары дұрыс болмаған. Оның айтуынша, бір ай аударып, екінші ай толық сомасын аудармағаннан бағдарламаға қатыса алмаған. Ол тезірек жа­ла­қы аударымы мәселесінің ше­шілгенін қалайды. Оған қоса мұғалімдер несиеге, бөліп төлеу­ге зат алу жағы да қиындап кетке­нін айтады. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Зәу­ре Бексұлтанқызы жалақыны «жы­рым­дап» аударудың зиянын айтып берді.
«Мәселен, бізге кейінгі кезде айлықты 4-ке бөліп түсіреді. Бөліп аударудың мұғалімге төмендегідей кесірі тиеді. Бізге қомақты сомада несие алу қажет болса, банк 4 аударымның орташа бір бөлігін ғана «жалақының максималды бө­лігі» деп қабылдайды. Өйткені банк дәптер тексеру, республикалық бюджеттен берілетін қосымша ақы мен педагогикалық шеберлік ақысын емес, негізгі жалақыны есептейді. Содан қажетті сомада несие ала алмаймыз. Сондықтан айлықты бөліп-жармай беру меха­низмі енгізілсе екен», – дейді ол.
Ұстаздардың қалауы – осы. Олар маңдай тер, табан ақымен алатын жалақысының қолға бүтін тигенін қалайды.

 Айзат АЙДАРҚЫЗЫ