Балық шаруашылығы Үкіметтен қолдау күтеді
Балық шаруашылығы Үкіметтен қолдау күтеді
354
оқылды

Атырау облысы тек мұнай астанасы ғана емес, сондай-ақ балық өнеркәсібін де жолға қойған аймақ. Қазіргі таңда облыста балық аулаумен және оны өңдеумен 18 балық шаруашылығы кәсіпорны айналысады. Бекіре балығын өсіретін екі зауыт  тағы бар.

Бекіре балықтарының табиғи өсім көлемінің қысқаруына және Кас­пий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында көмірсутек шикізатын өн­діруді қарқындатуға байланысты Жайық  өзенінің сағасында өтем­дік нысан ретінде 1998 жылы Аты­рау бекіре балық өсіру зауыты салы­нып, пайдалануға берілді. Кәсіпорын қызметінің мақса­ты – Жайық өзеніне жасанды тәсілмен алын­ған және өсірілген бекіре тұ­қым­дас балық түрлерінің шабақ­та­рын шығару жолымен Каспий теңізі бекіре балық түрінің қорын толықтыру.

 20 жылда 90 миллиард шабақ өсірілді

Балық зауыты директоры Раши­ден Қалидуллиннің айтуынша, жыл сайын зауытта 3,5 млн дана бекіре тұқымдас балықтардың шабағы қолда және тоғанда өсіріліп, Жайық өзені мен Каспий теңізі аумағына жіберіледі. 1998 жылдан бастап 2019 жылға дейін Жайық – Каспий бассейніне 89 млрд данадан астам бекіре тұ­қым­дас балықтардың өміршең ша­бақтары жіберілді. «Біз Мемлекет басшысының тап­сырмасын жүз пайыз орын­дап отырмыз. Шоқырдың 1 келі уылдырығынан 120 мыңға жуық шабақ, бекіренің 1 келі уыл­дырығынан 70-80 мыңдай шабақ, ал қорытпаның 1 келісінен 35-40 мыңдай шабақ өсіреміз. Инемен құдық қазғандай осы жұмыстың барлығын істейтін зауыттың жұ­мыс­шылары. Олардың барлығы дер­лік балық шаруашылығының ма­мандары», – деді Атырау бекіре ба­лық өсіру зауытының директоры Рашиден Қалидуллин. Бұл күнде  балық шаруашылығы саласында 4 120 адам жұмыс істейді. Олардың дені маусымдық жұмыста. Биылғы қазан айында  7 312 тонна балық ауланды. Өткен жылмен салыстырғанда балық аулау көлемі  757 тоннаға өскен. Атырау облыстық Балық шаруа­шылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, жыл сайын министрліктің тап­сырысына сәйкес Жайық-Кас­пий бассейні бойынша ба­лық аулаудың шектi көлемiн айқын­дау мақсатында ғылыми-зерт­теу жұмыстары жүргізіледі. Осы зерт­теу қорытындысы бойын­ша биологиялық негiздеме дайын­да­лады, балық аулау квотасы бел­гі­лене­ді. Ауланған балықтың 6 500 тоннасы өңделіп, оның 5 900 тон­насы Ресей Федерациясы, Украина, Әзербайжан және Израиль елдеріне экспортталды.  Бюджетке 118,0 млн теңге көлемінде биоресурс төлем­дері төленді. Балық қорын көбейту мақса­тында «Жайық-Атырау бекіре ба­лық өсіру зауыты» мен «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» Жайық өзені­нен биыл  329 дана  бекіре балығын аулады. Жылдағы дәстүрмен бекіре тұқымдас балықтар қорын сақ­тау үшін оның санын молайту мақ­са­тында аталған екі  зауыт биыл Жайық өзеніне 7,5 млн-нан ас­там шабақ жіберді. Көктемде «Жайық-Атырау бекіре балық өсі­ру зауытының» балықшылары Жа­йық өзенінен 148 келі салмағы бар қорытпа  балығын ұстады.   Са­йып келгенде, бұл балықтың уыл­дырығынан бірнеше мың шабақ өсіп, балық қорын молайту үшін өзен­ге, теңізге жіберіледі. Жайық өзенінде балықтардың еркін өтуіне, қауіпсіз жерде уыл­дырық шашуына жағдай жасау мақ­сатында өзенді 23,5 шақырым түп тереңдету, 16,9 шақырым жаңа арна құрылысын жүргізу және Қи­ғаш өзенінде 150,7 шақырым түп терең­дету жұмыстары өткен жылы басталып, әлі жалғасуда. Балық шаруашылығын дамыту­да­ғы соңғы талаптарға сәйкес облыс көлемінде тоғанды балық өсіру мә­се­лесіне көңіл бөлінуде. Бұл мақ­сатта «Восток» және «Тілекші» ЖШС мен  «Абдолов» шаруа қожа­лығы тауарлы бекіре және бе­кіре тұқымдас балық түрлерін өсіру жұмыстарын бастауда. балық Атырауда бренд деуге лайық ба­лық өнімдерін шығарумен «Аман­гелді» ЖШС айналысады. Кәсіп­орынның негізгі қағидасы – ең жақ­сы, экологиялық таза балық өнім­дерін шығару. Тәулігіне мұнда 395 тонна балық өңделеді. 2019 жылы 1,1 мың тонна мұздатылған ба­лық, 225 тонна сүйегінен ажы­ратыл­ған балық еті және 50 тон­на өңделген балық өндірілді. «Аман­гелді» ЖШС өнімдері Қазақстан, Ресей, Украина және Әзербайжан, Өзбекстан және Франция, Бол­гария, Германия нарықтарында үл­кен сұранысқа ие. Балықтарды тоғанда өсіретін жеке шаруашылық, Атырау қаласында орналасқан Caspian Royal Fish ЖШС өткен жылы 12,5 тонна тауарлы балық және 620 келі азықтық уылдырық шығарды.

 Еріктілердің көмегі де көп тиді

Орман шаруашылығы және жа­нуар­лар дүниесі инспекциясының, жергілікті атқарушы органдар мен та­биғатты пайдаланушылар, сон­дай-ақ жастар мен еріктілердің бел­сенді қатысуының арқасында бөлінген су айдындарынан 55 млн 551 мың дана ұсақ қара балық шабағы құтқарылып, Жайық және Қиғаш өзендеріне жіберілді. Бұл жұмыстар Құрманғазы, Махамбет және Индер аудандарында қызу жүзеге асты. Әрі мұндай жұмыс қазіргі таңда жастардың бастамасымен жиі ұйымдастырылып келеді. Жас­тардың туған жерге, табиғи бай­лық­қа деген көзқарастары балық қо­рын молайтуға септігін тигізіп, игі бастама одан әрі жалғаса беруі  үшін жергілікті атқарушы билік тү­сін­діру жұмыстарын жүргізіп ке­ле­ді. Дегенмен де балыққа жау­дай тиіп, оны тағылықпен аулау­шылар тарапынан балық шаруа­шылығы залал тартып отыр.  Биыл браконьерлікке қарсы жұмыстар­дың нәтижесінде табиғат қорғау заңнамасын бұзудың 1 886 дере­гі анықталып, оның ішінде бір мың­нан аса тұлға әкімшілік жауап­кершілікке тартылды, 5 қылмыстық іс қозғалып, 20 млн 724 мың теңге айып­пұл салынды.

Балық шаруашылықтарына да субсидия керек

Атырау облыстық Балық шаруа­шылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, қазіргі уақытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ар­қылы тиісті нормативтік-құ­қық­тық актілерге өзгерістер еңгі­зіліп,  мемлекеттік қолдаулар қа­рас­тырылуда. Таратып айтқанда, құн­ды балық түрлерінің аналық табын­дарын сатып алуға және ұстауға ке­тетін шығындарды, балық өсіру био­логиялық негіздемесінің құнын 50 пайызға субсидиялау уақыт күт­тір­мейді. Сондай-ақ балық жемі­нің құнын отыз пайызға дейін суб­сидиялау үшін балық түрлерінің тізі­мін кеңейту де көзделген. Қа­зір­гі кезде субсидиялар бекіре, ал­бырт және тұқы тұқымдас балық түр­леріне таралады. Бұл ретте, оларды жа­йын тұқымдастар, цихлидтер, лат, араван тұқымдас балық түрлері мен шаянтәрізділерді өсіру кезінде жұмсау жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы саласын­дағыдай балық шаруашылығы да  Үкіметтен субсидия алу құқығына ие болғысы келеді. Себебі балық отырғызу материалының сатып алу құнын,  барлық балық өсі­ру шаруашылықтары үшін тұты­нылатын электр энергиясы және дәрілік препараттарды сатып алуға арналған шығындарды 50 пайызға дейін субсидиялау болмайынша, бұл сала табысқа емес, шығынға көп жұмыс істеу үрдісі жалғаса береді. Бұған қоса, балық өсіру кәсіпорындарына арналған кре­дит­тер, флот және балық өңдеу жаб­дықтарын лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесін 10 пайызға дейін субсидиялау осы саланың дамуына қарқын берері анық. Балық шаруашылығын да­мы­ту мақсатында Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министр­лігіне Атырау облысы әкімдігі берген ұсыныстарға тоқтала кете­йік. Бұл алдымен  елге  қайта өң­дел­ген балық өнімдерін және ба­лық өндіруші кәсіпорындар үшін жа­нар-жағармай материалдарын субсидиялау мәселесіне байла­нысты болып тұр. Сондай-ақ балық өндіруші және балық өңдеуші кәсіпорындар үшін жеңілдікті са­лық салу мәселесі пысықталуда. Жыл басынан бері атыраулық балықшылар 7 312 тонна балық ау­лап, оның басым бөлігі шетелге экс­портталғанын жоғарыда жаз­дық. Өндірістік кооперативтер балықты терең өңдеумен айна­лысқысы келмей, оны тұздап, ше­тел­ге жіберуді жөн көреді. Егер мемлекеттік қолдау болып, жо­ғарыда  жіктеп айтқан сала шаруа­шылықтарының субсидиялау шеші­мін тапса, жағдай бұлай болмас еді. Атырау облыстық Балық шаруа­шылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, егер мал өсірушілер көлік құрал­дарын, отынды, жемді сатып алу үшін белгілі бір субсидия алса, ба­лық­шылар қымбат жүзу құралы мен балық аулау құралдарын өздері са­тып алуға мәжбүр.  Мемлекет  балық­шыларға қаржылай қолдау көр­сетпейді. Ал балық аулау ко­оперативтерінің көпшілігінде ха­лықаралық нарықта бәсекеге түсе алатындай балықты терең өңдеуге және балық өнімдерін өндіруге арналған жабдықты сатып алуға қаражат жоқ. Дей тұрғанмен де, облыста балық саласының дамуы  төмендеген емес. Атырауға іссапары кезінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жер­гі­лікті экономиканың мұ­най-газ және мұнай-химия кешен­дерінен басқа да салаларын дамыту қажет. Өңірдің балық өнеркәсібін қалпына келтіру және осы сектор­ға инвесторлар тарту керек. Қабыл­дан­ған шаралардың нәтиже бермей жатқанын көріп отырмыз. Біздің аза­маттар нақты істер күтеді. Ауыл шар­уашылығы министрлігі және әкім­дік бұл мәселеге баса на­зар аударуы керек» деген еді. Бұл тап­сырма да орындалар деген сенім бар.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы