Деген екен

Деген екен

Асекең мен Әшекең

Қазақтың көрнекті сыншы-жазушысы Асқар Сүлейменов бір күні «Зерде» журналының бас редакторы, белгілі ақын Есенғали Раушановқа телефон соғады. Тұтқаны бас редактордың орынбасары Әшірбек Амангелдиев көтереді. – Алло, – дейді ар жақтағы  дауыс. – Әу, – дейді Әшекең. – Есенғали бар ма? – Есенғали  жоқ боп тұр. – Бұл кім? – дейді Әшекең. – Біреу ғой, – дейді ар жақтағы дауыс. – Ал сен  кімсің? – Бұл да біреу ғой. – Қаршаңқы тілің бар екен. Қазір барамын. Сені көргім келіп тұр. – Келсеңіз, келіңіз, күтейін. Сәлден соң, Асекең кабинетке кіріп келеді де: – Жаңағы сен бе? – дейді. – Иә. – Мені танушы ма едің? – Естуім бар. – Дұрыс екен. – Мен өзі – жылқыны жақсы көретін қазақпын. Мына жылқының суреті бар плакатты берші. – Асеке,  бәрі  дұрыс  қой.  Бірақ  ол ырымға жаман. Қазақ өлі атты сыйламаушы  еді. Мен  қалай  беремін? Сонда  Асекең  Әшекеңнің  сөз  тапқанына  риза  болып: – Мен  сөзден  ұтылдым, – деп  есіктен  шығып  жүре  беріпті.  

Жерге қаратқан ұрпақ

Өткен  ғасырдың   90-жылдарының   басы  болса керек. Нарықтың  шөміштен қысып тұрған кезі. Халықтың әл-ауқаты төмен. Зауыт-фабрикалардың  бәрі  жекешеленіп, жұрттың  бәрі  базар  жағалап  кеткен. Бір күні «Зерде» журналының бас редакторы Әшірбек Амангелдиев ойға шомып, төмен қарап, Жібек жолы көшесінің бойымен келе жатады. Оның алдынан  белгілі  сатирик-жазушы  Қажытай  Ілиясов  шыға  келеді. – Әй, Әшірбек, саған не көрінді? Төмен қарап келе жатырсың ғой, – дейді Қажекең  салған  жерден. Сонда  Әшекең: – Сіздер  ғой – аға  ұрпақ  бізді  жерге  қаратып  кеткен, – деген  екен. Тағы бірде... Тағы  да  сол Қажытай Ілиясов пен Әшірбек Амангелдиев көшеде жолығысып  қалады. Іні  болғаннан  кейін  ағаға  ізет  көрсетіп  Әшекең: – Ассалаумағалейкум, Қажеке, көрінбейсіз ғой, – деп екі қолын созып, ықылас  таныта  амандасады. – Сен  мені  Алатау деп пе едің күнде көрінетін, – дейді Қажекең бұра сөйлеп. Сөзден  тосылып, есе  жібере  қоятын  Әшекең  емес. – Қажеке, мен сізді аға көріп, тау көріп жүрмін. Төбе болсаңыз, амандаспас едім ғой, – деген екен. «Сөз тапқанға қолға жоқ» демекші, інісінің тапқырлығына риза болған Қажекең  Әшірбек  Амангелдиевтің  қолын  алып, арқасынан  қағыпты.  

Дипломды жазған кім?

Өткен  ғасырдың сексенінші жылдарының басы болса керек. Ол кезде жоғары  оқу  орындарында  Коммунистік  партияның  көсемдері  Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Владимир Ильич Лениннен сілтеме жасалмай, бірде-бір диплом қорғалмайтын. Бұл – Леонид Ильич Брежневтің бүкіл мемлекет басшыларын қапсыра құшақтап, қос бетінен шөпілдетіп сүйіп, дәурені  жүріп  тұрған  шақ.  Сондықтан  оның да өзі жазбаған, тіпті оқымаған еңбектерінен сілтеме жасауың қажет. Сондай тоқырау кезеңінде диплом қорғап жатқан Әбдіғани Қасымбеков деген студент бітіру жұмысында   Брежневтің   еңбектерінен  көбірек сілтеме жасап жіберсе керек.  Соны айтқысы келген белгілі фантаст-жазушы Абдулхамит Мархабаев  сөз  кезегі  келгенде  мінберге  шығып  тұрып: – Бұл  дипломды  жазған  Брежнев  пе,  әлде Қасымбеков пе? Мен  соны айыра  алмай  тұрмын, – дейді  мемлекеттік  комиссия мүшелеріне мысқылдай  қарап. – Бәлкім,  екеуі  қосылып  жазған  шығар, – дейді  комиссия  мүшелерінің  бірі  Қабижан  Құсайынов.  Сонда  Абдулхамит  Мархабаев: – Бәлеге  қалатын  жайымыз  жоқ.  Онда  жұмысты  өте жоғары бағалауға тура  келеді, – деген  екен.  

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ