Бұл бағытта бүгінде ауқымды жұмыстар басталғанымен арнаулы орта білім беретін оқу орындарының жатақханасының жағдайы мәз болмай тұр. Бұған Nur Otan партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Jas Otan Жастар қанатының жастары жуырда көз жеткізіп қайтты.
Былтырғы жүргізілген мониторинг барысында айтылған сын-ескертпелерден шыққан сабақты саралай барған жасотандықтар колледждерде кемшіліктер сол «баяғы жартас» күйі тұрғанын анықтады. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің Төле би даңғылының бойында орналасқан жатақханасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Жаңарту жұмыстары соңғы рет 10 жыл бұрын жүргізілген. Былтырғы сын-ескертпелер сол қалпында. Қырық жылға жуық студенттердің үйі болған ғимаратқа жаңарту жұмыстары ауадай қажет. Бір аптаға созылған мониторинг аудандағы колледж жатақханаларына да жүргізілді. Алғаш болып жасотандықтар барған мекеме Жамбыл ауданында орналасқан №17 Жамбыл колледжінің жатақханасы болды. Мұнда да былтырғы зерделеу жұмыстарының сын-ескертпелері орындалмаған.Білім ордасы ескі ғимаратты сырлап-әктеп әзер ұстап отыр.Аталған колледжде жуынатын арнайы орын жоқ. Сол себепті жастар сенбі-жексенбі күндері үйлеріне жіберіледі. Ауданнан 30-40 шақырым жерде орналасқан мекемеге студенттер өздері жетеді. Себебі көлік мәселесі әлі күнге шешілмеген. Талас ауданында орналасқан 4 колледждің жатақханасына жүргізілген зерделеу барысында №2 Қаратау колледжінің жатақханасында 36 студент жатқаны анықталды. Оның 26-сы ұл, 10-ы қыз бала. 1977 жылы салынған жатақхана күрделі жөндеуді қажет етеді. Ғимарат ескіріп, терезелері сынған. Есіктері құлттанбайды және тозып кеткен. Ғимараттың сыртында «Жатақхана» деген атауы да жоқ. Ал ең сорақысы былтырғы мониторинг нәтижесінде республикадағы ең нашар 10 колледж тізіміне осы жатақхана енген. Қалған 3 колледждің жатақханасының жағдайы орташа. Алайда ХХ ғасырда кірпіші қаланған студенттер үйі бүгінгі таңға дейін күрделі жөндеу көрмеген. Жуалы ауданында орналасқан №16 Жуалы колледжінің жатақханасы да күрделу жөндеуді қажет етеді. 32 орынға арналған жатақханада карантин талаптарына сәйкес 20 студент жатыр. Алайда сұраныс өте жоғары. Биылғы оқу жылының өзінде 50 студент өтінім берген.1956 жылы соғылған жатақхана күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазір студенттер дәстүрлі оқу форматында білім алып жатқандықтан олар жатақханада өлместің күнін кешуде. Бөлмелердің есігі мүлдем құлттанбайды.
Jas Otan Жастар қанаты аталған кемшіліктерді тізіп, қазір Жамбыл облыстық Білім басқармасына жолдап отыр. Енді бұл олқылықтың орнын басқарма қалай толтыратындығы белгісіз. Алайда Елбасы тапсырмасын елеусіз қалдыру жақсылыққа апармайтындығы да айқын.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы