Қарыздан – қарызға...
Қарыздан – қарызға...
155
оқылды

Елде проблемалық несие мәселесі әлі шешілген жоқ. Ұлттық банктің мәліметіне қара­ғанда, жеке тұлғаларға бе­рілген банк несиелерінің төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен қарызының үле­сі – 9,5 пайыз. Кейбір банк­­­­­терде бұл көрсеткіш жо­­ғары. Бұдан бұрын ха­бар­­­­­­лағанымыздай, 14 екін­­­­­­ші деңгейлі банктің ак­тив­­­­тер сапасын бағалау (AssetQualityReview – AQR) әлі жү­ріп жатыр. Реттеуші банк­­­­тің ресми мәліметі бойын­ша, қазіргі таңда проб­­­ле­малық несиесі ең көп – First Heartland Jýsan Bank. Бұл банктің дер ке­зін­де қайтарылмаған несие көлемі 44,5 пайызды құрап отыр. Бұл аз сан емес.

Өзге банктердің проблема­лық несие жағдайына тоқталар болсақ, Қазақстандағы «Пәкіс­тан Ұлттық банкі» ЕБ АҚ – 26,2%, AsiaCredit Bank – 19,4%, Capital Bank Kazakhstan – 17,27%. Цеснабанк осы жылдың жазында First Heartland Bank-пен бірігіп, First Heartland Jýsan Bank атанған. Өткен жылдың қыркүйегінде Цеснабанк пен Проблемалық несиелер қоры 450 миллиард теңге проблемалық несиені сату-сатып алу келісімшартына отыр­ған. Бұл сол кезде банк­тіңнесие қоржынының 24,9 па­­­йызы болды. Қаржы негі­­зі­­нен аграршылардың несие­сінен тұратын. Келісімшарт ел Үкіметінің Ұлттық банк­пен бірлесіп аграрлық сектор­ды сауықтыру, топтың тұрақ­тылығын арттыру мақсатында іске асқан. Осылайша, реттеуші банк тек Цеснабанкті емес, аграр­ларды да құтқарып қалды деуге болады. Аталған банк был­тыр автонесие берудегі проб­ле­малық қоржынды да сатқан. Бұл қоржын 24,9 миллиард тең­гені құрайтын және ол 26,5 мил­­лиард теңгеге сатылды.

Халық банкінің жағымсыз несие үлесі – 8,8 пайыз көле­мін­де. Жасыратыны жоқ, Ха­лық банк те проблемалық несие­ден құтылу жолын үнемі қарас­ты­рып отырады. Мәселен, өткен жылы коллекторлық ко­мис­сияға 459 миллион теңге жұмсаған. Бұрнағы жылы бұдан 34,2 пайыз аз қаражат бөлген болатын. Ақшалай шаққанда бұл – 342 миллион теңге.

Проблемалық несиелер жө­нінен Халық банктің өкшесін басып келе жатқан – Сбербанк ЕБ. Бұл қаржы институтының жағымсыз несие көлемі – 6,9 па­йыз. Одан ары қарай ForteBank, Kaspi bank, ЦентрКредит банкі, АТФ Банк, Еуразиялық банк болып жалғасып кете береді.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел азаматтарының банк алдын­да­ғы қарызын жеңілдету мақса­тын­да Жарлығы шықты. Бұл – 500 мың отандасымыздың ке­піл­сіз тұтынушы несиелерін не жар­тылай, не тұтас өтеп беру. Не тұтас, не жартылай деп отырған себебіміз – өтелетін несие 300 мың теңге көлемінен аспау керек. Банк және микро­қар­­жылық ұйымдар қарызын өтеу үшін бюджеттен қаржы бө­лінді. Ал осы жылдың 1 шіл­де­сіндегі жағдай бойынша өсім­ақы мен айыппұлдың үлкен бөлігі сол қаржы институт­та­рының мойнына жүктелді. Осы не­сиенің біразы өтеу мер­зі­мі әлдеқашан өтіп кет­кен проблемалық болуы да мүмкін. Өсімақысы мен айып­пұлы күннен-күнге артып отыр­ған­дары да кездесіп қалар. Осы жер­де баса айтарымыз, мойнын­дағы несиесінен мемлекет­тің жеңілдігі есебімен құтыл­ған­дар тағы да несиеге ұрынба­сы­на ешкім кепілдік бере алмайды. Өйт­кені оларға несие берілмесін деген ешқандай заң жоқ. Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев­тың да үлкен қаупі – мемлекет несиесін өтеп бергеннен кейін олардың тағы да несиеге ұры­нуы. «Несие бюросындағы төлемді қайтарғаны туралы оң баға азаматтарымыздың жүгіріп барып тағы да жаңа несие ал­сын деген сөз емес. Егер шынында осылай болса, онда бұл – үлкен проблема. Әрине, несие тарихы жақсы болса, олардың банктен несие алуға деген құқын ешкім шек­темейді. Ал мемлекеттік түрлі жәрдемақымен күн көріп оты­рып немесе олардың кіріс көзі күнкөріс деңгейінен төмен бол­са, ондайлардың тұтынушы не­сиесін алуына қатаң бақылау жаса­луы тиіс» дейді ол.

«Мемлекеттің 500 мың қа­зақстандықтың несиесін өтеп беруі проблемалық несие кө­лемінің азаюына септігін тигізе ме?» деген сауалымызға Қоғам­дық проблемаларды талдау орталығының директоры Меруерт Махмұдова «Әлі нақ­­ты ста­тисти­ка шыққан жоқ. Де­­ген­­мен салаға сәл де бол­са оң әсер береді деп ой­лай­мыз» деген ойын білдірді. Әйтсе де, экономист Расул Рысмамбетов­тың пікірі өзгеше. Ол «Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­лығы саяси және қазіргі эконо­ми­калық және әлеу­меттік жағдайға қараған­да құптарлық. Бұл әре­кет тұрғын­дар­­дың бір бөлігін қиын жағ­дай­­дан құтқарады. Дегенмен негізгі NPL, яғни қай­тару мер­зімі 90 күн­нен асып кеткен проб­лемалық несие­нің басым бөлігі банкке тиесілі. Сондықтан бұл әрекет NPL-дің төмендеуіне айтар­лықтай оң ықпал етеді деп айта алмай­мыз» дейді.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, кепілсіз несие алған­дар саны 5 миллионнан аса­ды. Олардың қаржы институт­тарына қарызы 4 трлн теңгеден артық. Осы соманың банктер мен микроқаржы ұйымдарынан алынғаны 3,6 трлн теңге болса, ал реттелмеген сектор болып саналатын несие ұйым­дары, атап айтқанда, онлайн несиегерлер, несие серіктестері мен ломбардтарға 420 мил­лиард теңге тиесілі.

Проблемалық несие өзге мем­лекетке де тән. Мәселен, көр­шілес Ресейде кемінде әрбір оныншы несие NPL. Fitch рейтингтік агенттігі ресейлік 20 ірі банкке зерттеу жасағанда осындай қорытындыға келген. Бұл қорытындыны Ресейдің Орталық банкі де жоққа шы­ғар­ған жоқ. Проблемалық не­сиеге айналған негізінен кәсіп­орындардың алған заемдары. NPL кәсіпорындарға тиесілі болғандықтан, оның анағұрлым қомақты екенін елестету қиын емес.

Проблемалық несиесі көп елдердің қатарында әлемде Украина көш бастап тұр. Украина ұлт­тық банкі төрағасы Яков Смолий ел банктері берген не­сиенің жартысына жуығы проб­ле­малық екенін мойын­дады. Оның басым бөлігі банк қожайындары шетелдік қаржы институтынан алған несиеге байланысты. Халықаралық валюта қоры зерттеуі бойынша, сыбайлас жемқорлық пен басқа да кері фактордың әсерінен Украина экономикасы тұралап тұр және бұл өз кезегінде банк сек­торына да салқынын тигізуде.

Байқап отырғандай, проб­лемалық несие мәселесі бізді ға­на емес, әлемнің көптеген елін­дегі қаржы институттарын алаң­датып отыр. Сондықтан күр­делі мәселенің күрмеуін ше­шуге өте байсалды қадам жасаған жөн.