Сарсаңға салған «сақалды» құрылыс немесе үміті үзілмеген үлескер
Сарсаңға салған «сақалды» құрылыс немесе үміті үзілмеген үлескер
373
оқылды

Жеке пәтер аламын деп өзінің жиған-тергенін, маңдай терімен тапқан қаражатын жаңадан көтере бастаған үйлерге салып, кейін сол армандаған баспанасына жете алмай жүрген үлескерлердің жыры бітер емес. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне үлескерлердің ақшасын қалтасына басып, халықты зар қақсатқан алаяқтардың мәселесімен нақты айналысуды тапсырды.

Жаңа салынып жатқан үйден жылжымайтын мүлік сатып ал­ған­ның несі тиімді? Өйткені әлі енгізілмеген мүліктің бағасы тө­мен. Бірақ бұл – қауіпті. 2009 жы­­лы жарияланған «Үлестік қатысу туралы» заңға қарамастан, құ­рылыс салушылар талаптарды аттап өтіп, үлескерлерден тиісті рұқсатсыз ақша жинау тәсілін тапты. Олар бірқатар негізгі тұ­жырымдаманы жалған ұғымға алмастырды. Үлестік қатысу ор­нына тұрғындарға тиісті түрде рет­телмеген, заңнамалық реттеу са­ласынан шыққан инвес­тиция­лық келісімшарттарды жаппай ұсынған болатын. Нәтижесінде, қазір қаншама алданған үлескер өзіне тиісті пәтерден айырылып қалды.

Негізінде үлескерлер мәселесі 2010 жылы әлемдік ипотека дағ­дарысынан кейін үй құрылысы қарқын алғанда басталды. Әрине, ірі құрылыс компанияларына сеніп, баспанаға жетемін дегендер үлескер ретінде қомақты сома сала бастады. Үлескердің бірі ар­мандаған үйіне қол жеткізіп жатса, енді бірі алаяқтардың жеміне айналды.

Алғашқылардың бірі құрылыс саласында қыруар қаржыны қал­тасына басып, елден қашқан «Азбука жилья» құрылыс компа­ниясының басшысы, экс-депу­тат Ерқанат Тайжанов еді. Ол 2013 жылы астанада үлескерлердің 40 миллиард теңгесін жымқырып кетті. Оның құрылыс компаниясы 3 500 адамды тақырға отырғызды.

Тек қана бас қалада 2018 жы­лы проблемалық тұрғын үйлердің саны 36-ға жетті. Яғни, 15 мың үлес­кер шырылдап қалды. Сол уақыттағы Бас прокуратураның мәліметіне сай, үлескерлер мә­селесіне қатысты 156 азаматтық іс қозғалған. Оның 112-сі сотта қа­ралып, шешімін тапқан. Сол кезде «Ақжол» тұрғын үй құрылыс кооперативінің басқарма мүшесі Айман Тілеуханова 5 жылдан бері пәтеріне кіре алмай жүргенін айт­ты. Қаланың орталығында орна­ласқан «Ақжол» тұрғын үйіне ке­зінде өзге 63 адаммен бірге үлес­кер ретінде 5 миллион доллар қаржы құйған. Ал құрылыс ком­паниясының басшысы болса, 6,5 жылға сотталып кеткен. Бұл – бір ғана мысал.

Дегенмен бұл қауіпті де селді­рететін заңға кейін өзгерту енгі­зілді. Онда үй салушылар: тұрғын үйді кепілдендіру қорының үлес­тік салымға кепілдік беруі; екін­ші деңгейлі банктердің бірімен қаржыландыру туралы келісімнің болуы; өз қаражаты есебінен тұр­ғын үйдің қаңқасын салу шарт­тарын орындағанда ғана үлескер­ден қаражат тартуға қақы бар деп тайға таңба басқандай жазылды. Міне осы уақыттан бастап алаяқ­тық істер сап тиылды. Дегенмен бұрынғы үлескерлердің ақшасын қалтаға басып, құрылысты баста­май не бастап тастап кеткен алаяқ­тардың кесірінен болған мәселе әлі күнге дейін Үкіметтің бас ауруы болып тұр. Олай дей­тініміз, сақалды құрылыстарды бітіріп үлескерлерді баспанамен қамтамасыз ету үшін миллиард­таған қаржы керек. Ол қаржы бө­лінгенмен игеру керек.


Алғашқылардың бірі құрылыс саласында қыруар қар­жыны қал­тасына басып, елден қашқан «Азбука жилья» құ­рылыс компа­ниясының басшысы, экс-депу­тат Ерқа­нат Тайжанов еді. Ол 2013 жылы астанада үлескерлердің 40 миллиард теңгесін жымқырып кетті. Оның құрылыс компаниясы 3 500 адамды тақырға отырғызды.


Иә, сөзіміз орынды болсын. Үлескерлер мұңы Мемлекет ­бас­шы­сына да жетті. Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаев: «Үлес­керлік мәселесі де жедел шешуді қажет етіп отыр. Қалада 49 проб­лемалық нысан қалып отыр. Олар­­дың құ­рылысының аяқ­та­луын 13 500 үлескер күтуде. Бұл проб­леманы шешуге 2018-2019 жылдары 40 млрд теңге бөлінді. Бірақ небәрі 4,5 млрд теңгесі ғана игерілген. Бұған қоса, әкімдік қосымша 170 млрд теңге сұрайды» деген болатын жақында өткен елор­даны одан ары дамыту мәсе­лелері жөніндегі мәжілісте. Ол проблеманы шешуге бағытталған нақты тапсырмалар да берді.

Қазір үлескерлер мәселесін шешу үшін әртүрлі іс-қимыл жүргізілуде. Соның бірі – Нұр-Сұл­тан қаласында өткен «Елор­дадағы қауіпсіздік пен жай­лылық» жобасы шеңберінде аяқталмаған құрылыс нысан­дарының жәрмең­кесі. Бұл жәр­меңкеде 70-тен ас­там құрылыс компаниясы өкілде­рінің наза­рына «Араби-2», «Үміт береке», «Көктал-2» «Аниса-2» тұрғын үй кешендері сияқты қа­ла­дағы құ­рылысы аяқсыз қалған 21 нысан ұсынылған болатын.

Міне, осылай үлескерлердің мәселесін шешу жұмыстары қол­ға алынуда. «Жәрмеңкені өткі­зудегі мақсатымыз – проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау­ды қолға алу үшін кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту. Инвес­торларға жобалардың рента­бель­дігін көрсетіп, үлескерлерге өз­дері қаржысын салған баспана­ларына қол жеткізуге көмектесу. Жәрмеңкеде ұсынылып отырған 21 нысанның алды 2006 жылы, соңы 2014-2015 жылдары салына бастаған. Үлескерлердің қар­жысын жымқырып, құрылысты ­аяқ­сыз қалдырған компаниялар ­тек­серіліп, үстерінен қылмыс­тық іс қозғалуда. Олардың 29-ы те­мірторға тоғытылып, мүлкі тәр­кі­лен­ді», – деді прокуратура өкілдері.

Олардың айтуынша, құрылыс жүргізуші компания қолданыс­тағы заңнамаға сәйкес, ТҚК мен құзырлы органдардың келісі­мі­мен жобаны өзгертіп, тиімді етіп қайта дайындауға құқылы екен. Алдыңғы өткен жәрмеңкелер нәтижесінде 500 адамның үлесі бар 6 нысанның құрылысын аяқ­тау жөнінде құрылыс компания­лары мен үлескерлер арасында келісімшарт жасалған. Осы жоба іске асса үлескерлердің арман­даған пәтерге кеш болса да қолы жетері анық.

Әрине, сенімге селкеу түсір­ген, үлескерлердің миллиондаған қаржысын қалтасына салып ­қаш­қан, алаяқтар жазасын алды. Де­генмен ақша орнына қайтпа­ды, құрылыстар толық салын­бады. Пре­зидент Қасым-Жомарт ­То­қаев осы салаға қатысты ми­нистр­ліктер мен құқық қорғау органдарына үлескерлерді тақыр­ға отырғызғандарды қатаң жаза­лауды, сонымен бірге күрделенген мәселелерді жедел шешу жөнінде тапсырма берді. Енді үлескерде үлкен үміт бар!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ