Қаттырақ айтуға тура келді. Қашанғы жауырды жаба тоқып, жарамсақтанамыз? Бүгінгі қоғамда ақсақалдарға деген бұқараның өкпесі қара қазандай. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Алайда көзге шыққан сүйелдей көрініп тұрған кемшіліктерін айтпасақ, азаматтығымыз қайсы?! «Үлкеннің алдын кеспе, елеусіз қаласың, кішінің жолын кеспе, көмусіз қаласың» деген тәмсілді де санамызға түйіп жүрміз. Үлкен атына сай болса дейміз ғой баяғы. Бірақ аға буынның аузынан сөзі, үстінен бөзі түскен өкілдерінің өкінішті қылықтары мен өткінші сөздері өзегемізді өртеп жүр.
Жақында Алматы облысы Көксу ауданында Балпық би бабамыздың 325 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бабалардың ерлігі – Тәуелсіздіктің тірегі» атты мерейтойлық шаралар қатарында батагөй қарттардың «Бата сөзі – ата сөзі» атты сайысы өтті. Балпық әулиенің ғана емес, ел ісінде жатталып қалған даналарымыздың баталары, ел бірлігіне қатысты айтқан ұлағатты сөздері мен пайымды пікірлері айтылған, бүгінгі үлкендеріміздің жастарға жөн сілтеуі мен бата беруі сынаққа түскен оңтүстік өңірлік (Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент және Алматы қалалары атынан) батагөй қариялар арасында болған байқаудан басымыз төмен салбырап қайттық. Аймақтық жарыс болған соң тайлы-таяғы қалмай жиналып, жан дүниесін байытып қайтуға құлшынған, дуалы ауыз ақсақалдар бата беруден, ғибратты сөздер айтып, елді аузына қаратады деген үмітпен жиналған жұрттың көңілі су сепкендей басылды. «Байқау байқау болмады, миды шайқау болды».
Республикамыздың түкпір-түкпірінен сауын айтып, алысқа хат жіберіп, жақынға ат шаптырып, атан түйедей қалап шақырған «ақсақалдарымыз» «мақтаған қыз тойда бүлдіріпті» дегеннің керін келтірді. Қоржынға салынған таңбаланған асықты алып, кезек-кезек сахна төріне көтерілгендердің аттарын атап, түстерін түгендеуге дәтіміз бармайды. Аузы дуалы, батасы бәтуәлі дейтіндей бір қарияны көрмедік.
Осы мақаланы оқығандар «ел ішінде небір айтқыштар бар ғой» дейтіні хақ. Бірақ біз көрген үлкен қариялар ақсақал деген аттың жалаң шапанын жамылып жүргендер ғана болып шықты. Көзі ашық, көкірегі ояу, жазу-сызуды білетін, ақ самайлы, сары тісті шалдарымыз тым құрыса, жанынан шығармаса да тұшымды бата жаттап алмағанына қарнымыз ашты, көңіліміз жасыды. Халық батыры Бауыржан Момышұлының жасы үлкен қарттарды «шал, қария, ақсақал, абыз» деп төртке бөлгені осындайда еріксіз ойға оралады. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатынды шал, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізе білетінді қария, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деген екен бұрынғылар. Ал батагөйлер жарысына келген 13 қарияны Бауыржан бабамыз теліген төрт топтың қайсысына жатқызарымызды білмедік. Байқауға келгендердің арасында сақал-мұрт жапсырып алғандарды да көрдік. Залда отырған көрермендердің: «Бұлар кешегі кеңестің шекпенінен шыққан шал-шауқандар ғой, қандай кінә арта аласың? Баяғының шалдарындай болу қайда?!» деп ақтауға тырысқандарын да, күйінгеннен не күлерін, не жыларын білмегендерін де көрдік. Расында кеңес кезінде өмір сүріпті, бірақ заманнан кінә іздеген жөн емес. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болса да, өзге тілде шүлдірлеп, ұлттық құндылығымызды жоғалтып, жаһандану деген жалмауыздың өңешінде жұтылып барамыз.
Әу баста әмин деп қайта-қайта қол жайып, қарық боламыз, Оңтүстік, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларынан небір айыр көмей қариялар келетін шығар деген дәмеміз Мәдениет үйінің дәлізінде қалды. Бата жарысынан бөлек, салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға кейбір ақсақалдарымыз «білмейді екем» деп «ағынан» жарылды.
Көріп жүргеніміздей, той-томалақта, ас-жиындарда жарытып бата беретін қариялар жоқтың қасы. Ас-жиында батаны молдалар қайырып жүр. Олардың жас шамалары да әртүрлі, ақсақалдарға немере болатындар да бар арасында. Кейбір тойларда, кешегі партократ шалдар бата бере алмай, кемпірлер бата бергенін де шыққыр көзіміз көруде. Көрерменді жинап алып, драмалық көрініс қоятын осындай жасандылықты қашанғы қайталап, елді алдап-арбай береміз. «Жастар бұзылып барады, үлкенді сыйлауды қойды, әбестік істерге үйір» деп жазғырамыз. Соларды тезге салатын, тентегіне тек дейтін, сөзі мірдің оғындай, айбарынан ауыл-аймақ ыққан, керек кезде би-болысты алдына жүгіндірген, елдің іс-әрекетіне нақты баға берген, арғы-бері тарихты қозғап, ұлттың рухын аспандататын абыздар жоқ бізде. Шөп арасына түсіп кеткен инедей іздесең де, таппайсың. Керісінше, әкім-қараларды мақтап, солардан шапан киіп, теріс қылығын көрсе де көрмегендей болып, қызметінен кеткенде, «өзі де бір оңбаған еді» деп ауыл арасына саясат соғып жүретін шал-шауқандар қамқа тонға сірескен биттей өріп жүр.
Батагөйлер байқауында шал-шауқандарымыз Төле бидің он бес жасында:
– Ақты ақ деп бағалар!
О, игі жақсы ағалар!
Өзегі талса ел біткен,
Өзен бойын жағалар, – деген даналық сөзін бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай қайталаумен болды. Тіпті, Балпық бидің асына келіп тұрып бабаның нақылдарын, ғибратты сөздерін айтқандар жоқтың қасы. Ол – ол ма, өздері туған өңірдегі би-шешендердің ел аузында қалған сөздерін де білмейтін болып шықты. Қазылар құрамының төрағасы Нұртілеу Иманғали да көңілі толмағанын жасырмады. «Баталы ұл арымас, батасыз ұл жарымас» дегендей, батаға жарымай, салымыз суға кетті. Әу баста әмин деп қайта-қайта қол жайып, қарық боламыз, Оңтүстік, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстары мен Шымкент, Алматы қалаларынан небір айыр көмей қариялар келетін шығар деген дәмеміз Мәдениет үйінің дәлізінде қалды. Бата жарысынан бөлек, салт-дәстүрге байланысты сұрақтарға кейбір ақсақалдарымыз «білмейді екем» деп «ағынан» жарылды. Өткен тарихымызды, сол кезеңдерде өмір сүрген ата-бабаларымыздың би-шешендеріміздің ғибраттарын бүгінгі қариялар білмесе, кімге кінә артқандайсың. Сол бабаларымыз, оқу-сызу жоқ дәуірде даланың заңымен жүріп, ауыздан-ауызға тараған аңыз-дастандарын, қисса-жырларын, шешендік өнерлерін кімге мұра етіп қалдырды сонда? Бүгінгі қариялардың көзі ашық, көкірегі ояу, жазады-сызады, тіпті интернеттің құлағында ойнайды. Тым құрыса, бабаларымыз шайнап, ауызға салып беріп кеткен баталарды жаттап алуға болады ғой.
Батаның да түр-түрі бар. Дастарқанға, мал сойылғанда, отау құрған жастарға, тағы басқа да ырым-жоралғыға байланысты беріледі. Жетісу өңірінде, «Тақиялы періште» аталып кеткен Әбілғазы Райымбеков ақсақалымыз – батагөй. Сол кісі оқыған, көңілге тоқыған баталарын айтып отырады. Әкім-қаралар да жиын-мереке бола қалса, сол кісіні арнайы шақыртады. Батаны Әбілғазы атадан сұрайды.
«Даланың дара ділмарлары» қалдырған аталы сөздерді оқысаң, арқаң қозып, қаның тулап, па шіркін бабаларым-ай, «ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген» деп тамсанасың да, солардың бүгінгі жалғасын көргенде, қарадай түңілесің. Қашанғы бабаларымыздың бір кездегі даңқын айтып, мақтана береміз? Егер сол құндылықтарды ретімен жалғастырып отырсақ, мақтанайық, насихаттайық. Бірақ оны насихаттайтын ақсақалдарымыздың түрі анау, ақсақ қой ұқсап түстен кейін маңырап тұрса не дауа? Талай ғасырдан бері келе жатқан баталар, мақал-мәтелдерде, аталы әрі баталы сөздерде халқымыздың қаншама таусылмас асыл қазынасы жатыр. Соған сай бүгінгі жастар жүрісіне қарап үлгі алып, аузына қарап сөз құдіретін түйсінер қариялардың көкірегі кең дария болса, қанеки... Күні бүгінге дейін сынын бұзбай жеткен қасиетті құндылықтарды жастарға аманаттап тапсырар ақсақал таппай састық. Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, отбасы-ошақ қасынан аса алмаған бүгінгі шалдарға қарап, жер орта жасқа келгенде, бала-шағасын бағудан арыға аса алмағанына қатты налисың. Ықылым заманнан қанық бояуын жоғалтпаған, талайларды бақ пен таққа жеткізген уәлі баталарды, семсерлесе де жігін бұзбайтын аталы сөздерді, ширатылған шешендік орамдарын, қорыта айтқанда, уақыттың екшеуінен, елеуінен өткен сөз өнерін меңгере алмаған қарттарға қарап, қарнымыз ашты. Тіл басқармасын Ахмет Кендірбек басқарып тұрғанда Алматы облысында батагөйлер жарысы өтіп тұрған. Одан кейін бұл шара жал-құйрығы күзелген жылқыдай сойысқа кетті. Мүлдем тоқтады. Соның кесірін батагөйлер байқауында көрдік. Десек те, бәрі адамның өзіне байланысты. Мүмкін нағыз дария кеуде қариялар ауылда қалып, пысықайлар жиналып қалды ма деген күдік те көңілді кеміреді.
Данышпан Абай атамыз айтқан: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел!» деген. Бірақ біздің қазақтың сөзі әлі түзелер емес. Сөз маржанын санамызға сіңіріп, сақтағанды айтпағанда, бүгінгілердің дастарқан басында бата бере алмайтынынан соны аңғарамыз.
Айтақын БҰЛҒАҚОВ