Қазыбек би қазіргі заманда өмір сүрсе «Біз желіде жай отырмаған елміз, тролль болып пікір жазып отырған елміз» дер ме еді, кім білсін? Өйткені шынында жай жатпай, мал баққан елден, жай жатпай, «мал тапқан» елге айналып келеміз. Мал табу дегенде пікір жазып, сөзбен шағу арқылы қалтаны қомпайтуды айтамыз. Үлкен компаниялар болса, қарсыластарын тұқырту мақсатында түрлі әдіс қолданады. Мұндай қақтығыстарға бірі ренжісе, енді бірі кері жауап қайтарады.
Сонымен, троллинг термині жайлы қысқаша түсіндіре кетсек. Айталық, елде қызу талқыға түсіп жатқан бір оқиға болды. Осы орайда қарсы тарап іске кірісіп, жанды жерден ұстап, «жаралауға» тырысатын болса, троллинг деген сол. Әсіресе, әлеуметтік желілер дамыған сайын ауқымы кеңейіп, араны ашылып келеді. Арандату, кемсіту мақсатында жасалған қадам мен сөз біткенді осы терминнің аясына сыйғызуға болады. Ашуландырып, негатив эмоция сыйласа, демек сіз трольдің нақ өзімен бетпе-бет келдіңіз деген сөз. Миығынан күлген «тролль-фейс» бейнесін желіде бірнеше рет кездестірген де боларсыз. Қазір интернет кеңістігінде троллингтің деңгейі, тіпті шарықтап кетті. Өйткені «аузым бар» деп неше түрін айтудан қаймықпайды. Бетпе-бет көріспейтінін жақсы білген ол «саусағыма күш-қуат берсін» деп пікірдің неше атасын жазады. Ал сол негативті қабылдаушы тараптың реакциясы – тіпті бөлек әңгіме. Себебі адамның жеке басына өтіп, кемсіткенде көңілі құлазып, өмірдің мәнін жоғалтқандай күй кешетіндер бар. Ал трольге керегі – сол. Мақсатын орындаған сайын масаттана түседі. Десек те, «сыйға – сый, трольге – тролль» жасай білген тіпті жақсы. Соның ішінде үлкен компаниялардың арасында мұндай әдіс жақсы жүреді. Қалай десек те, ситуациялық PR-ды өз пайдасына шешудің бір жолына айналуы да ғажап емес.Қарсылас компания керісінше клиентінен айырылғанда сол сәтті пайдаланып, «Мобайл операторлар чемпионаты. Tele2 vs Кисель. Раунд 1. 1:0» деп билборд ілгені бар. Ал қарсыластың жауабы, тіпті қызық болды. Байланыс сапасын сынаған олар «Kcell дейсің бе, Кисель дейсің бе? Естілмей жатыр» деп олар да қаланың қақ ортасына билборд орналастырған.
Сонау 2012 жылы өткен PR-форумда осы тақырып талқыға түскен еді. Сонда Әлішер Елікбаев мынадай жағдайды есіне алған. Еліміздегі сайттардың біріне жаңа мейрамханалар желісі тураы репортаж жарияланады. Бір күннің ішінде әлгі жазба 300 пікір, он мыңдай қаралым жинайды. Бірақ сол пікірлердің дені негатив болып шыққан. Әрі оқырмандар репортажға төмен баға береді. Содан бұл неге олай болғанын анықтау үшін анализ жасалады. Сөйтсе, пікір жазғандардың көбі сайтқа сол күні тіркелген, әлеуметтік желідегі парақшалары фейк болып шығады. Демек, ұжымдық троллинг жасалған деген байламға келеді. Ал енді ұйымдастырушыларына келсек, мұндай пікірлер ағынынан нақты кімнің тапсырыс бергенін анықтау қиын. Бір анық: бақталастардың тақталасы сынды бәсекелестік. Елікбаевтың айтуынша, тролль тікелей қарсыластан қаймықпайды. «Оған айналадағылардың реакциясы әлдеқайда қызығырақ. Өзіне жақтас табуға тырысып бағады. Оларды тамырымен құрту мүмкін емес. Сондықтан күрестің механизмдерін дамыту керек» дейді пиаршы. Бұрын ұялы байланыс қызметін көрсететін компанияда жұмыс істеген Юрий Дорохов басынан өткен қызық жағдайды бөлісті. Операторлар арасында маркетингтік соғыстың өршіп тұрған кезінде оның қызмет ететін компаниясы туралы жағымсыз ақпарат жиілеп кетеді. Содан бәсекелестердің бірі деп топшылап, басшылығына хабарласады. «Бізге шабуыл жасалып жатқанын білесіз. Біздің басшылық оны ұйымдастырып отырған сіздер екендеріңізді біледі. Дәл сіздің тікелей қатысыңыз болмаса да, кімнің ұйымдастырғанын біле қалсаңыз, тоқтатуын сұраңыз. Әйтпесе, бәрімізге қиын болады» дейді. Артынша бір сағаттың ішінде троллинг тоқтаған. Ұялы байланыс операторлары дегеннен шығады. Осы күнге дейін троллингтің ең жарқын мысалдарының авторы да — операторлар. Бірнешеуін еске алып көрелік. 2015 жылдың алғашқы жартыжылдығының нәтижесінде абоненттерінің саны бәсекелестерінен гөрі артқан оператор оларға «Жәй ғана өзіміздікін алып кетіп барамыз» деп 4 миллион деген жазуды тартып алып бара жатқан адам бейнеленген торт сыйлаған. Тағы бірде жаңа абоненттер көп қосылып, қарсылас компания керісінше клиентінен айырылғанда сол сәтті пайдаланып, «Мобайл операторлар чемпионаты. Tele2 vs Кисель. Раунд 1. 1:0» деп билборд ілгені бар. Ал қарсыластың жауабы, тіпті қызық болды. Байланыс сапасын сынаған олар «Kcell дейсің бе, Кисель дейсің бе? Естілмей жатыр» деп олар да қаланың қақ ортасына билборд орналастырған. Енді бірде Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің төбесінде Kcell логотипі тұрған билбордтың дәл жанына «Tele2-ге көшуге кеңес береді» деп жазып қояды. Сөйтіп, екеуін қосқанда мағынасы бар сөйлем шығып, күлкіге қарық қылған. Ел болып Наурыз мейрамын тойлап жатқанда, «Мейрамыңмен, ҚЫМБАТТЫ Кисель. Сенің ҚЫМБАТ емес Теле2-ің» деп тағы маңдайша ілгені есімізде. Басы троллингтен басталып, соңы ньюсджекингке айналатын кездер де жиі болады. Есіңізде болса, «Мадина, маған тұрмысқа шықшы» деген жазуды салынып жатқан үйдің қабырғасына ілген жағдай болған. Содан басқа құрылыс компаниялары осы ақпаратты іліп әкетіп, ньюсджекингке айналдырған болатын. Әйтсе де, әзілдің орны осы екен деп сөзбен шаға берген тағы болмайды. Медиасарапшы Тимур Асланов осындай пікірде. «Арзан тауарлар сататын лоукост сегмент бар. Ондайларға жарасады. Мысалы, Aviasales қолданушыларын ренжітіп, кейде қатты кетіп жатады. Бірақ сондай күлкілі әрі ерекше сөздерді қолданып, бетін бері қайтарып алады. Ал қаржы саласы, мысалы банк болатын болса, бұл жерде салмақты болу керек. Өйткені адамдар ақшасын кімге сеніп тапсырып отырғанына күмәнданбауы керек. Әсіресе, зейнеткерлер басты мақсатты аудитория болса, олар мұны тіпті түсінбейді. Ал жастар болса, бұл әдіс өтімдірек» дейді маман. Күні кеше еліміздегі бір банктің сервисі уақытша жұмыс істемей қалғанда, қарсыластарының атынан «Бізге қосыл. Біз қатпаймыз» дегендей постерлер тарады. Дегенмен ресми түрде әлгі қарсыласы бұл іске өздерінің қатысы жоғын мәлімдеп, бәсекелестерді бұлай бүйірден ұрмайтынын жеткізген. Әйтсе де, желідегілерге бұл қызық болды. Ситуациялық контенттің арқасында «хайп» туады. Айтпақшы, «хайп» қылу мемлекеттік органдарға да айып емес. Орнымен жасай алса, не кедергі? Мысалы, Атырау облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтегілер дер кезінде хайп видеолар түсіріп, Тик-Токқа жариялап тұрады. Әйеліне көлік әперуге бекініп, автосалоннан машина таңдап жатқанда, айнадан антикор қызметкерлерін көрген кейіпкер басын ала қашады. Есіңізде болса, әйеліне 12 көлік мінгізген басшының оқиғасына орай туындаған әзіл бұл. Одан бөлек, Тик-Ток желісіндегі трендтерді де өз қызметтеріне орайластырып тұрақты түсіріп тұрады. Қызу талқыдағы тақырыпқа тұздық болатын троллингтің алда талай болары анық. Хайптың да көкесі шыға жатар. Желі дамыса, көрген күнің осы болар.Жадыра АҚҚАЙЫР