Жамбылдық дәрігер алғаш рет әлемді мойындатқан неміс технологиясы арқылы 15 жасар баланың бас сүйегін титан пластикпен (жасанды темір) ауыстырды.
Жалпы жасөспірім ауруханаға түскенге дейін өзінің ауырғанын білмей уақытты создырып алған. Алайда аяқ астынан жағдайы нашарлап, әлсірей түскен баланы ата-анасы жедел жәрдем көлігімен Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізеді. Компьютерлік томографиялық сараптаманың көмегімен дәрігерлер баланың бұрыннан бас сүйегінің ақауы бар екенін анықтап, оған қоса ишемиялық инсульт алғаны белгілі болып дәрігерлер шұғыл түрде оның өмірі үшін күреседі. Білікті нейрохирург Саят Жұмабаевтың басшылығымен жасөспірімнің оң жақ бас сүйегінің ісінген бөлігіне титан пластик салынады. Ең алғаш рет Германия мемлекетінде қолданылған титандық пластика – қазіргі ең соңғы хирургиялық жетістіктердің бірі саналады. Немістер 1996 жылдан бері шіріген үш сүйекті алып тастап, орнына титаннан жасалған протез салуға машықтанған. Бұл протез темір болғанымен, салмағы 2-ақ микрограмм, өте жұқа әрі нәзік. Титандық пластикалық операцияның нәтижесінде ми тамырларының қабынуы, ісіну жағдайлары азаяды. Оны салу асқан сақтық пен дәлдікті қажет етеді. Міне, осындай модельденген титан торының қолданылуы арқылы бас сүйегінің кемістігіне жасалатын отаны Тараздық дәрігерлер алғаш рет жасап отыр. Қазір алғашқы отаны бастан өткерген 15 жасар жасөспірімнің жағдайы жақсы. Алайда мамандар оған ұдайы дәрігерге тексеріліп, жылына екі мәрте оңалту орталығана келуге кеңес беруде. Күні кеше жамбылдық дәрігерлер эндопротездеу тәсілі арқылы арбаға таңылған азаматты бір аптада аяғына тұрғызса, енді міне адамның бас сүйегін темірге ауыстырып жатыр. Бұл өңір медицинасының өркениет көшінен қалмай, қарыштап дамып жатқанын айқындауда.Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы