Әлемде пандемия
Әлемде пандемия
178
оқылды

Шымкент қаласының Наурыз алаңын­да жаңашыл идеялар фести­валінің жабылу салтанаты өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен шара бүгінде әлеуметтік же­лілерде қызу талқыға түсіп жатыр. Әлемде  коронавирус пандемиясы қайта өрши бастаған кезде  үшінші мегаполис шенеуніктерінің мұндай «тойды» не үшін жасағанын түсінбедік. Сақтық шараларына қала басшылығы назар аудармағаны ма сонда?

Бізге және шымкенттік қоғам белсен­ділеріне бұл фестивальдің мәні мен маңызы емес, бүкіл әлем қайта карантинге жабылып, елімізде де күннен-күнге қауіпті дертті жұқтыру өршіп келе жатқан тұста салтанатты шараға жүздеген, тіпті одан да көп адамның қатысып, тамашалағаны таңдандырды. Қатысқанынан бұрын оны Шымкент қаласының әкімдігі қолдап, тіпті жоба авторының қала әкімі М.Әйтеновтің қабылдауында болып, барлығы да келісілген түрде салтанатты жағдайда өткені түсініксіздеу болып тұр. U:hack shymkent online 2020 жаңашыл идеялар фестивалі деп аталатын,  шығармашыл және бейресми ортада кез келген тұлға өз идеяларын ұсынатын бұл жобаның бірнеше секциясы да бар. Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайты таратқан мәліметтерге сүйенсек,  U:hack алғаш рет 2019 жылы Шымкент қала­сында өткен.  «Жобаның басты мақсаты – мық­ты мамандар мен дарындарға өз идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік жасау және сенімділік сыйлау. Жоба қатысушылары тек қоршаған ортамызды «түзетіп» қана қоймай, қоғам стереотиптері мен өз жалқаулығын да жеңуі қажет. 11 ел мен 25 түрлі қала тұрғындарынан тұратын 1 500-ден астам қатысушы 24 са­ғат ішінде қоғам мен қаланың маңызды мә­селелерін шешуге арналған, жалпы, 400-дей жоба қорғайды», – депті ресми сайтта. Ал атал­ған фестивальдің сайтында көрсетілген ақ­параттық технология, кәсіпкерлік, контент және медиа, кино және видео мен смарт ғылым сынды секцияларына өзіңіз таңдаған тақырып бойынша қатыса аласыз.  Ондағы спикерлер арасында  Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан да бар. Демек, осынау шараға қала әкімі ғана емес, оның бірінші орынбасарының да қызығушылығы басым болып тұр. Иә, ашылу салтанаты тікелей трансляция форматында өткенімен жабылуы Наурыз саябағында автокинотеатр форматында болады деп хабарланған еді. Алайда  мұнда көрермендердің бәрі сыртта шулап, өнер жұлдыздарымен қоса ән шырқап жатқаны көрініп тұр. Квартирник Drive In ән кешімен жалғасқан кештің қонағы «Ирина Кайратовна» музыка тобы өнер көрсетіп жатқанда жастар қалай шыдап тұрсын?! Желі белсенділерінің бірін ипподромда ұлттық спорттан өтетін турнирге рұқсат бермей жатқанда ұлттық құндылығымыздың орнын осындай жын-ойнақ шараның басуы алаңдатса, коронавирус жұқтырғандар көбейіп, әлем елеңдеп жатқанда мұндай кештің әкімдік қолдауымен өткені де көпшілікке түсініксіз жағдай болды. Ал заңгер Айгүл Орынбек «заң бәрімізге ортақ болса, осы шараны ұйымдастырған Шымкент қаласы әкімдігі жазаға тартылсын!» деген жанайқайын білдірді өзінің парақшасында. Тағы біреулер мұны Хэллоуин мерекесін тойлаушылар деп шатасуда. Шынында да, қала әкімінің бірінші орын­басары Шыңғыс Мұқан өзінің жеке парақшасына әр күн сайын екінші толқынның басталып кетуі мүмкіндігін тұрғындарға қайта-қайта ескертіп, елді тәртіпке шақырып жатқаны мен мына әрекетін қалай түсінуге болады? Бұл қылығы «молданың айтқанын істе, істегенін істеме» дегенге саяды екен. Сондай-ақ «отыз адамнан артық жиналмау керек» деген бас санитарлық дәрігердің қаулысы, одан бөлек прокуратура, әкімдік, ішкі істер саласының күн сайын мейрамхана мен кафелерге жүргізіп жатқан рейдтері көз­бояушылық болғаны ма? Желі белсенділерінің жанайқайына кейбір әкімдік өкілдері «арақашықтық сақталған, тек көлік ішінде отырып тамашалайтын іс-шара»  деп жауап қатыпты. Көпшіліктің күлкісін келтірген бұл жауапты біз «сасқан үйрек артымен сүңгиді» деп қана қабылдадық немесе дұрыс ұйымдастырылмаған. Әйтпесе, көзге көрініп тұрған алаңдағы лық тола  кө­рерменді қайда тығып қоймақ? Онда түсірілген бейнежазбалар да бүгінде әлеуметтік желіні шарлап кетті...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы