Қазақстан тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауды күшейтпек. Келесі аптадағы жалпы отырыстарында қалаулылар тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану мен оған ілеспе заң жобаларын екінші оқылымда мақұлдайды деп күтілуде. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палатаның Бюро отырысы өтті.
Келер аптаның сәрсенбісінде Мәжіліс депутаттары әкімшілік-аумақтық құрылыс, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджет-аралық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заң жобасын бірінші оқылымда талқылау ұсынылады. Осы заңнамалық түзетулер қабылданса, бұдан былай шағын және орта бизнестен корпоративті табыс салығын жинау орталықтан жергілікті әкімдіктерге табысталмақ. Нәтижесінде, олардың ауыл-аймақта шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға деген ынта-ықыласы артуы тиіс. өйткені сонда жергілікті бюджетке құйылатын кірістер көлемі де ұлғаяды.
Ал тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану мен оған ілеспе заң жобаларын Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда қарайды. Егер олар өздерінің барлық қажетті ескертпелері мен ұсыныстары енгізілді деп санаса, құжатты Сенатқа жолдайды. Жобаны палата қабырғасында талқылау барысында айтылғандай, қазіргі кезде Қазақстанда 25 мыңнан астам тарихи және мәдени ескерткіш тіркелген. Әрине, анықталмағаны қаншама. Бірақ осының өзі сарапшыларға ұлы даланы «ашық аспан астындағы музей» деп атауына мүмкіндік береді. Бұл ескерткіштердің жалпы санының 11 мыңнан астамы – республикалық мәртебеде. Ал 14 мыңдайы – әзірше алдын ала тізімде тұр.
Жалпы отырыста сондай-ақ 1994 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан мен Ресей арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгеріс енгізетін үкіметаралық хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы депутаттар талқысына тартылады.
Бұдан бөлек, Мәжіліс жаңа келіп түскен заң жобаларын жұмысқа алып, олар бойынша тиісті комитеттерінің қорытынды әзірлейтін мерзімін белгілейді деп жоспарлануда. Арасында бірқатар ратификациялық құжаттар да бар. Бұлар – 2014 жылғы 15 тамыздағы Көлік құралы паспортының (көлік құралының шассиі паспортының) және өздігінен жүретін машина және техниканың басқа да түрлері паспортының бірыңғай нысандарын енгізу және электронды паспорттар жүйелерін ұйымдастыру туралы келісімге Арменияның қосылуы туралы; 2012 жылғы 11 мамырдағы Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы екі ел азаматтарының осы мемлекеттер аумағында болу тәртібі туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаларды күшіне енгізетін заң жобалары.
Сонымен қатар Мәжіліс 2006 жылғы 6 қарашадағы Қазақстан және Армения үкіметтері арасындағы «Табыс пен мүлікке салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияны» және оған хаттама шеңберінде Қазақстан мен Армения уәкілетті органдары берген резиденттікті растайтын ресми құжаттарды тану тәртібі туралы ноталар алмасу нысанындағы келісімді ратификациялайтын заң жобаларын қабылдап алады.
Жалпы отырыста теміржол көлігі мәселелеріне қатысты жаңа заң жобасына қорытынды қашан әзір болатыны да анықталады.