«Кәсіпқор» холдингі мен «Өрлеу» орталық қызметінің тиімділігіне Adal Bilim жобалық кеңсесі күмән келтіріп отыр. Олардың болжамынша, Білім және ғылым министрлігінің қарамағындағы бұл ұйымдар қызметкерлеріне айлық жалақы мөлшерінде төрт есе көп негізсіз сыйақы берген.
Тексеріс барысында олардың мемлекеттік тапсырмаларды тиімсіз орындағаны жөнінде фактілері анықталды. Мысалы, «Кәсіпқор» холдингінің «Ағылшын тілінде арнайы пәндерді оқыту процесінде интеграцияланған пәндік-тілдік оқыту» әдістемесі бойынша кәсібилігін арттыруға келген 20 тыңдаушының тек үшеуінің бағдарламаны түсінуге ағылшыны жетік болған. Сауалнама бойынша тілді білмеуі маңызды мәселе екені анықталды. Себебі курстың өзі ағылшын тілін кемінде Intermediate деңгейінде білетін студенттерге арналған екен.
Осындай кемшіліктері көп ұйым қызметкерлеріне сыйақы төлеудің негізсіз екені аталды. Әсіресе, «Білім және ғылым министрлігінің кейбір ведомстволық бағынысты ұйымдарындағы бонустардың мөлшері қызметкердің айлық жалақысының 400%-на дейін болуы – әділетсіз» деп есептейді Adal Bilim жобалық кеңсесінің әкімшісі Сергей Пен.
Оған қоса материалдық-техникалық базаны талдауда қызметкерлердің саны аздығына қарамастан ғимараттар мен үй-жайларды мақсатсыз пайдаланған фактілер анықталды. Мәселен, «Кәсіпқор» холдингінің ғимаратының жалпы ауданы 1567 м2 бола тұра, оның жалдау шығыны 52,5 млн теңгені құрады. Сондағы штаттық қызметкердің бар-жоғы – 70-ақ адам. Мысалы, холдинг төрағасының орынбасары кеңсесі 144 м2 болса, демалыс бөлмесі мен қабылдау бөлмелері 48 және 40 м2. Ал құрылымдық бөлімше басшысының кабинеті – 175 м2. Сергей Пеннің пікірінше, жыл сайын қомақты бюджеттік қаражатты игеретін «Кәсіпқор» КЕАҚ» холдингі және «Өрлеу» БАҰО» АҚ сияқты министрлікке бағынышты ұйымдар қызметінің тиімділігі мен мемлекеттік тапсырмаларды орындау тәртібі көбіне күмән келтіреді.
Adal bilim жобалық кеңсесінің әкімшісі тұжырымдағандай, Білім және ғылым министрі өзі мұндай тексерістерге бастамашы болып отыр. Сонымен бірге жоба кеңсесінің есептері мен сертификаттарын үнемі тыңдап, қолдау білдіруде. Осы аталған мәселелер жақында Білім және ғылым министрлігінде өткен аппараттық кеңесте талқыланды. Онда Асхат Аймағамбетов осы бағытта одан ары жұмыс істеу үшін арнайы комиссия құруды тапсырды.
Негізі Adal Bilim жобалық кеңсесі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бастамасымен құрылған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қолдауымен министрлік сараптау мен оңтайландыру процесін бастаған еді.