400 пайызбен сыйақы алғаны рас па?
400 пайызбен сыйақы алғаны рас па?
132
оқылды

«Кәсіпқор» холдингі мен «Өрлеу» орталық қызметінің тиімділігіне Adal Bilim жобалық кеңсесі күмән келтіріп отыр. Олардың болжамынша, Білім және ғылым министрлігінің қарамағындағы бұл ұйымдар қызметкерлеріне айлық жалақы мөлшерінде төрт есе көп негізсіз сыйақы берген.

Тексеріс барысында олардың мемлекеттік тапсырмаларды тиім­сіз орындағаны жөнінде фактілері анықталды. Мысалы, «Кәсіпқор» холдингінің «Ағылшын тілінде арнайы пәндерді оқыту процесінде интеграцияланған пәндік-тілдік оқыту» әдістемесі бойынша кәсі­билігін арттыруға келген 20 тың­дау­шының тек үшеуінің бағдарла­маны түсінуге ағылшыны жетік болған. Сауалнама бойынша тілді білмеуі маңызды мәселе екені анық­талды. Себебі курстың өзі ағыл­шын тілін кемінде Intermediate деңгейінде білетін студенттерге арналған екен.

Осындай кемшіліктері көп ұйым қызметкерлеріне сыйақы төлеудің негізсіз екені аталды. Әсіресе, «Білім және ғылым ми­нистрлігінің кейбір ведомстволық бағынысты ұйымдарындағы бо­нустардың мөлшері қызметкердің айлық жалақысының 400%-на де­йін болуы – әділетсіз» деп есеп­тейді Adal Bilim жобалық кеңсе­сінің әкімшісі Сергей Пен.

Оған қоса материалдық-техни­калық базаны талдауда қызмет­кер­лердің саны аздығына қарамастан ғимараттар мен үй-жайларды мақ­сатсыз пайдаланған фактілер анық­талды. Мәселен, «Кәсіпқор» холдингінің ғимаратының жалпы ауданы 1567 м2 бола тұра, оның жал­дау шығыны 52,5 млн теңгені құрады. Сондағы штаттық қыз­мет­кердің бар-жоғы – 70-ақ адам. Мысалы, холдинг төрағасының орынбасары кеңсесі 144 м2 болса, демалыс бөлмесі мен қабылдау бөлмелері 48 және 40 м2. Ал құ­рылымдық бөлімше басшысының кабинеті – 175 м2. Сергей Пеннің пі­кірінше, жыл сайын қомақты бюджеттік қаражатты игеретін «Кәсіпқор» КЕАҚ» холдингі және «Өрлеу» БАҰО» АҚ сияқты ми­нистрлікке бағынышты ұйымдар қызметінің тиімділігі мен мемле­кеттік тапсырмаларды орындау тәртібі көбіне күмән келтіреді.

Adal bilim жобалық кеңсесінің әкімшісі тұжырымдағандай, Білім және ғылым министрі өзі мұндай тексерістерге бастамашы болып отыр. Сонымен бірге жоба кең­се­сінің есептері мен сертификаттарын үнемі тыңдап, қолдау білдіруде. Осы аталған мәселелер жақында Бі­лім және ғылым министрлігінде өткен аппараттық кеңесте тал­қы­ланды. Онда Асхат Аймағамбетов осы бағытта одан ары жұмыс істеу үшін арнайы комиссия құруды тапсырды.

Негізі Adal Bilim жобалық кең­сесі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бастама­сы­мен құрылған. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қолдауымен министрлік сараптау мен оңтайландыру процесін бас­таған еді.