Ауылға бөлінген 2 триллион теңге қайда кетті?
Ауылға бөлінген 2 триллион теңге қайда кетті?
136
оқылды

Соңғы 16 жылда ауылдарды дамытуға түрлі бағдарлама шеңберінде 2 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Соған қарамастан, қарыштап да­мып кеткен ауылды көріп отырғанымыз шамалы. Әсі­ресе, ауызсу мәселесі әлі шешілмей келеді. Нақты осы мақсатта бөлінген қаржы да талан-таражға салынып, соңы сиырқұйымшақтанып кеткен кез де аз емес.

Жақында Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин осы су мәселесін көтерген. Қазіргі ахуалдың қалай боп жатқанын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып берді. «Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында ауызсумен қамтылу деңгейі төмен. Ал Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарында қала халқы орта­лықтандырылған сумен толық қамтылған», – деді министр. Атамқұловтың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылдарды сапалы және қажетті мөлшерде сумен жабдықтау қыз­метін кезең-кезеңмен қамту жөнінде жоспар әзір­ленген. Бұл мақсатта сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және ре­кон­струкциялауға 934 млрд теңге көз­делген. «Биыл 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдар­ламасын іске асыруға кірістік. Осы бағдарлама аясында 2025 жылға қарай ел халқын толықтай сапалы ауызсумен қам­тамасыз ету міндеті тұр. Қазір «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы іске асырылып жатыр», – деді сала министрі.
Бүгінде республика бойынша барлығы 6 341 ауыл бар. Оның ішінде 4 078 ауыл орта­­лық­тандырылған сумен жабдықталған. 279 ауылда кешенді блок-модуль орнатылған. 1 146 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі салынып жатыр. Халық саны 200-ден аз ауыл­дарда өз елімізде өндірілген су тазартатын кешенді блок-модуль орнатылады. Бұл – бізге белгілі ақпарат қана.
Күмән қосып айтып отырған себебіміз құжат жүзінде қамтамасыз етілген болып баян­далғанымен, іс жүзінде әлі күнге дейін құдықтан су тасып не сатып ішіп отырған ауылдар бар. Сондай елді мекеннің бірі – Шығыс Қазақстан облысы Тар­бағатай ау­данындағы Тұғыл ауылы. Құжат жүзінде ауылға ауызсу осыдан 2 жыл бұрын келіп қойған. Шын мәнінде, тұрғындар сусыз отыр. «Ауылға су тарту мақсатында 2018 жылы қазу жұмыстары басталған. Бірақ құжатта сол кездің өзінде сумен қамтамасыз етілді деп көр­сеткен. Демек, әлі қазылмаған дү­ниені қа­былдап қойған. 2019 жыл­дың соңында су берді. Төрт айдан кейін бір тамшы да су жоқ, тоқтап қалды. Сөйтсе резер­вуардан ақау шыққан. Бүгінде жұмыс жа­салып жатыр, бірақ қарқыны өте баяу», – дейді ауыл тұрғындары. Осы ретте, заңсыз жасалған құжат, сапасыз жұмыс, соның ке­сірінен зардап шегіп отырған қара халық жайын айталық. Бүгінде тұрғындар суды бірі шелектеп, бірі арбалап тасып ішіп отыр. Кейбірінің көшесіндегі колонкалар су келген кезде алып тасталған. Ал арада төрт ай өткен соң баяғы күйге көшемін деп ешкім де ойламаған болса керек. «Суды қазған соң ол жерді дұрыс көмбеген. Қар еріп, көктем келгенде ол жер опырылып, ішіне су кіріп, ол аз болғандай сол шұңқырға мүгедек балам түсіп кетті. Сөйтіп, сапасыз жұмыстың кесірінен баламнан айырылып қала жаздадым. Ендігі қорқынышым – қыста су тасуға сыртқа шығып кеткенде балам пешке күйіп қалмаса деймін. Өйткені жалғызбасты анамын, үйде бала қа­­­райтын басқа адам жоқ», – дейді Жадыра Жүнісова.
Айтпақшы, кезіндегі «Ауызсу» бағдар­ламасын жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың талан-таражға салынғанын материалдың басында тілге тиек еткен едік. Нақты дә­лелмен айтар болсақ, сол бағ­дарламаға бөлінген бюд­жеттің 250 млн теңгесі қолды болған. Бұл жердегі сценарий де жоғарыдағы Тұғыл ауы-лындағыға ұқсас. Өйткені тексеріс барысында ақшаның жымқырылып, тиімсіз жұмсал­ғанынан бөлек, сапасыз құрылыс, жөндеу-құ­рылыс жұмыстарының мерзімін кешіктіру, су сапасының сәйкес келмеуі, жеке тұлғаларға мем­лекет меншігін заңсыз беру сынды дүниелер әшкере болған еді. «Ақ бұлақ» аясында бюджет ашықтығы болса, түрлі заңсыздық су бетіне шығар еді. Байқасақ, XXI ғасырдың басынан, нақты айтқанда 2002 жылдан бері Қазақстанның түкпір-түкпірін сумен қамтамасыз ету мәселесі күнтізбеде тұрды. Алдымен «Ауызсу», одан «Ақ бұлақ» бағ­дарламалары қабылданды. Аты басқа болғанымен, заты бір. Мақ­саты орындалдамаған арнайы бағдарламадан бөлек ауызсу мә­селесін шешу үшін «Аймақтарды дамыту», «Нұрлы жолға» да осы проблеманы қосты. Соның өзін­де бұл бір шешілмей жатқан үлкен түйін болып отыр. Биыл 2020-2025 жылдарға ар­налған «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынып жатыр. 5 жылда қандай тірлік бітері бізге беймәлім, бірақ 20 жылда жолға қоя алмағаны ақиқат. Жыл сайын ауылдық жерлерді сумен қамтамасыз етуге ең кемі 100 млрд теңге бөлінеді. Биыл 303 жобаны жүзеге асыруға 113,6 млрд теңге рес­­пуб­­­ликалық бюд­жеттен қарастырылды. Жыл соңына дейін қалалық жерлер – 97,5 пайызға, ауылдар 87,7 пайызға сумен қамтылуы тиіс. Суға қатысты тар­шылық көрмей отырған жерлерге келсек, Алматы (98,8%), Атырау (98,4%) және Қызылорда (97,2%) облыстары сумен қамтылған. Елімізде әр аймақта су тап­шылығы түрлі деңгейде екені белгілі. Қола түскен зерттеу жұмысында, атап айтқанда «Қоршаған орта жағдайы мен табиғи ресурстарды пайдалану» туралы ұлттық баян­дамада 2016 жылғы деректер кел­тіріліпті. Сумен қамтылған аймақтар деп Ертіс өзенінің бассейні маңын­дағы Шығыс Қазақстан облысын айтады. Ал су тапшы аймақтарға Маңғыстау облысын жатқызыпты. Жалпы, Қазақстан аумағында сегіз өзен бассейні бар. Олар: Ертіс, Балқаш-Алакөл, Арал-Сырдария, Жайық-Каспий. Су тап­­шылығы жылдан-жылға өсе беретіні туралы осыдан 7 жыл бұрын сол кездегі Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қапаров айтқан болатын.
Бұдан бөлек, сенатор Ерік Сұл­тановтың да ауызсу мәселесіне көңілі толмайды. Депутат бюджеттік бағдарламалардың дұрыс бақы­ланбауы мен 2019-2020 жылдары бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілмеуі себеп болып отыр деген пікірде. «Бюджеттің тапсырыс берушісі де, әкімшісі де саналатын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті қызметінің сын көтермеуі де себеп болып отыр. Еліміздің солтүстігі мен Қостанайдағы жағдай бұған дәлел. Солтүстік Қазақстан облысының су құбырларының 67 пайызы немесе 1 955 шақырым толығымен тозған және топтық су құбырлары жүйесінің ақаулы тех­никалық жағдайы төтенше жағ­дайлардың туындауына алып келіп отыр. Олар Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыс­тарының 200-ден астам ауылдық елді мекен­дерін сумен қамтамасыз етуге қауіп төн­діріп отыр. Магистральды құ­бырлардың қатты то­зуына бай­ланысты тасымалдау кезінде су шығынының жалпы көлемі 65 пайызды құ­райды», – дейді Сұл­танов.
Сенатор, сонымен қоса проб­лемалық жо­ба­ларды да тілге тиек етті. Мәселен, Прес­нов топтық су құбырын қайта қалпына келтіру жобасын іске асыру 2014 жылдан бері жүріп жатыр, алайда әлі аяқ­талмаған. 2019 жылы жұмыстарды орындау қарқынының төмендігіне байланысты 2,9 млрд теңге иге­рілмей, бюджетке қайтарылған. «2020 жылы жобаны жалғастыруға 1,1 млрд теңге бөлінді, бірақ бұл қаражаттың да игерілмеу қаупі бар. Аталған проблеманың барлығы Мемлекет басшысы берген тап­сырманың дұрыс орындал­­­мауына және халық денсаулығының нашар­лауына әкеп соқ­тырады». Қанша мәселе көтеріліп жат­қанымен, алға жылжу байқалмайды. Тіпті, кері кетіп жатқан сыңайымыз бар. Себебі жақында еліміздің аудандық маңызы бар 13 қаласы статусынан айырылып, ауылға ай­налуы мүмкін деген жаңа­лық шық­ты. Бұл – бөлек мақалаға жүк. Айтпа­ғымыз, қаражатты тиісті жерге жұмсамау, жым­­қырып қалу мен ауылды дамытуға деген шынайы ниеттің болмауы бірден-бір себеп болып отырған секілді. Осы 20 жыл ішінде тым құрығанда шүмекті бұрай қалғанда, сарылдап су келетіндей жағдайды жасай алмай отыр­ғандар өз саласының маманы дегенге кім се­неді?

Жадыра АҚҚАЙЫР