Соңғы 16 жылда ауылдарды дамытуға түрлі бағдарлама шеңберінде 2 трлн теңгеге жуық қаржы бөлінген. Соған қарамастан, қарыштап дамып кеткен ауылды көріп отырғанымыз шамалы. Әсіресе, ауызсу мәселесі әлі шешілмей келеді. Нақты осы мақсатта бөлінген қаржы да талан-таражға салынып, соңы сиырқұйымшақтанып кеткен кез де аз емес.
Жақында Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин осы су мәселесін көтерген. Қазіргі ахуалдың қалай боп жатқанын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов айтып берді. «Қостанай, Жамбыл, Павлодар облыстарында ауызсумен қамтылу деңгейі төмен. Ал Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау облыстарында қала халқы орталықтандырылған сумен толық қамтылған», – деді министр. Атамқұловтың айтуынша, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында ауылдарды сапалы және қажетті мөлшерде сумен жабдықтау қызметін кезең-кезеңмен қамту жөнінде жоспар әзірленген. Бұл мақсатта сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкциялауға 934 млрд теңге көзделген. «Биыл 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға кірістік. Осы бағдарлама аясында 2025 жылға қарай ел халқын толықтай сапалы ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Қазір «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске асырылып жатыр», – деді сала министрі.Бүгінде республика бойынша барлығы 6 341 ауыл бар. Оның ішінде 4 078 ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталған. 279 ауылда кешенді блок-модуль орнатылған. 1 146 ауылда орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесі салынып жатыр. Халық саны 200-ден аз ауылдарда өз елімізде өндірілген су тазартатын кешенді блок-модуль орнатылады. Бұл – бізге белгілі ақпарат қана.
Күмән қосып айтып отырған себебіміз құжат жүзінде қамтамасыз етілген болып баяндалғанымен, іс жүзінде әлі күнге дейін құдықтан су тасып не сатып ішіп отырған ауылдар бар. Сондай елді мекеннің бірі – Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылы. Құжат жүзінде ауылға ауызсу осыдан 2 жыл бұрын келіп қойған. Шын мәнінде, тұрғындар сусыз отыр. «Ауылға су тарту мақсатында 2018 жылы қазу жұмыстары басталған. Бірақ құжатта сол кездің өзінде сумен қамтамасыз етілді деп көрсеткен. Демек, әлі қазылмаған дүниені қабылдап қойған. 2019 жылдың соңында су берді. Төрт айдан кейін бір тамшы да су жоқ, тоқтап қалды. Сөйтсе резервуардан ақау шыққан. Бүгінде жұмыс жасалып жатыр, бірақ қарқыны өте баяу», – дейді ауыл тұрғындары. Осы ретте, заңсыз жасалған құжат, сапасыз жұмыс, соның кесірінен зардап шегіп отырған қара халық жайын айталық. Бүгінде тұрғындар суды бірі шелектеп, бірі арбалап тасып ішіп отыр. Кейбірінің көшесіндегі колонкалар су келген кезде алып тасталған. Ал арада төрт ай өткен соң баяғы күйге көшемін деп ешкім де ойламаған болса керек. «Суды қазған соң ол жерді дұрыс көмбеген. Қар еріп, көктем келгенде ол жер опырылып, ішіне су кіріп, ол аз болғандай сол шұңқырға мүгедек балам түсіп кетті. Сөйтіп, сапасыз жұмыстың кесірінен баламнан айырылып қала жаздадым. Ендігі қорқынышым – қыста су тасуға сыртқа шығып кеткенде балам пешке күйіп қалмаса деймін. Өйткені жалғызбасты анамын, үйде бала қарайтын басқа адам жоқ», – дейді Жадыра Жүнісова.Айтпақшы, кезіндегі «Ауызсу» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінген қаражаттың талан-таражға салынғанын материалдың басында тілге тиек еткен едік. Нақты дәлелмен айтар болсақ, сол бағдарламаға бөлінген бюджеттің 250 млн теңгесі қолды болған. Бұл жердегі сценарий де жоғарыдағы Тұғыл ауы-лындағыға ұқсас. Өйткені тексеріс барысында ақшаның жымқырылып, тиімсіз жұмсалғанынан бөлек, сапасыз құрылыс, жөндеу-құрылыс жұмыстарының мерзімін кешіктіру, су сапасының сәйкес келмеуі, жеке тұлғаларға мемлекет меншігін заңсыз беру сынды дүниелер әшкере болған еді. «Ақ бұлақ» аясында бюджет ашықтығы болса, түрлі заңсыздық су бетіне шығар еді. Байқасақ, XXI ғасырдың басынан, нақты айтқанда 2002 жылдан бері Қазақстанның түкпір-түкпірін сумен қамтамасыз ету мәселесі күнтізбеде тұрды. Алдымен «Ауызсу», одан «Ақ бұлақ» бағдарламалары қабылданды. Аты басқа болғанымен, заты бір. Мақсаты орындалдамаған арнайы бағдарламадан бөлек ауызсу мәселесін шешу үшін «Аймақтарды дамыту», «Нұрлы жолға» да осы проблеманы қосты. Соның өзінде бұл бір шешілмей жатқан үлкен түйін болып отыр. Биыл 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы қолға алынып жатыр. 5 жылда қандай тірлік бітері бізге беймәлім, бірақ 20 жылда жолға қоя алмағаны ақиқат. Жыл сайын ауылдық жерлерді сумен қамтамасыз етуге ең кемі 100 млрд теңге бөлінеді. Биыл 303 жобаны жүзеге асыруға 113,6 млрд теңге республикалық бюджеттен қарастырылды. Жыл соңына дейін қалалық жерлер – 97,5 пайызға, ауылдар 87,7 пайызға сумен қамтылуы тиіс. Суға қатысты таршылық көрмей отырған жерлерге келсек, Алматы (98,8%), Атырау (98,4%) және Қызылорда (97,2%) облыстары сумен қамтылған. Елімізде әр аймақта су тапшылығы түрлі деңгейде екені белгілі. Қола түскен зерттеу жұмысында, атап айтқанда «Қоршаған орта жағдайы мен табиғи ресурстарды пайдалану» туралы ұлттық баяндамада 2016 жылғы деректер келтіріліпті. Сумен қамтылған аймақтар деп Ертіс өзенінің бассейні маңындағы Шығыс Қазақстан облысын айтады. Ал су тапшы аймақтарға Маңғыстау облысын жатқызыпты. Жалпы, Қазақстан аумағында сегіз өзен бассейні бар. Олар: Ертіс, Балқаш-Алакөл, Арал-Сырдария, Жайық-Каспий. Су тапшылығы жылдан-жылға өсе беретіні туралы осыдан 7 жыл бұрын сол кездегі Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қапаров айтқан болатын.
Бұдан бөлек, сенатор Ерік Сұлтановтың да ауызсу мәселесіне көңілі толмайды. Депутат бюджеттік бағдарламалардың дұрыс бақыланбауы мен 2019-2020 жылдары бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілмеуі себеп болып отыр деген пікірде. «Бюджеттің тапсырыс берушісі де, әкімшісі де саналатын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті қызметінің сын көтермеуі де себеп болып отыр. Еліміздің солтүстігі мен Қостанайдағы жағдай бұған дәлел. Солтүстік Қазақстан облысының су құбырларының 67 пайызы немесе 1 955 шақырым толығымен тозған және топтық су құбырлары жүйесінің ақаулы техникалық жағдайы төтенше жағдайлардың туындауына алып келіп отыр. Олар Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 200-ден астам ауылдық елді мекендерін сумен қамтамасыз етуге қауіп төндіріп отыр. Магистральды құбырлардың қатты тозуына байланысты тасымалдау кезінде су шығынының жалпы көлемі 65 пайызды құрайды», – дейді Сұлтанов.Сенатор, сонымен қоса проблемалық жобаларды да тілге тиек етті. Мәселен, Преснов топтық су құбырын қайта қалпына келтіру жобасын іске асыру 2014 жылдан бері жүріп жатыр, алайда әлі аяқталмаған. 2019 жылы жұмыстарды орындау қарқынының төмендігіне байланысты 2,9 млрд теңге игерілмей, бюджетке қайтарылған. «2020 жылы жобаны жалғастыруға 1,1 млрд теңге бөлінді, бірақ бұл қаражаттың да игерілмеу қаупі бар. Аталған проблеманың барлығы Мемлекет басшысы берген тапсырманың дұрыс орындалмауына және халық денсаулығының нашарлауына әкеп соқтырады». Қанша мәселе көтеріліп жатқанымен, алға жылжу байқалмайды. Тіпті, кері кетіп жатқан сыңайымыз бар. Себебі жақында еліміздің аудандық маңызы бар 13 қаласы статусынан айырылып, ауылға айналуы мүмкін деген жаңалық шықты. Бұл – бөлек мақалаға жүк. Айтпағымыз, қаражатты тиісті жерге жұмсамау, жымқырып қалу мен ауылды дамытуға деген шынайы ниеттің болмауы бірден-бір себеп болып отырған секілді. Осы 20 жыл ішінде тым құрығанда шүмекті бұрай қалғанда, сарылдап су келетіндей жағдайды жасай алмай отырғандар өз саласының маманы дегенге кім сенеді?
Жадыра АҚҚАЙЫР