Әскери қызметі аяқталып, запасқа не отставкаға шыққан офицерлер бейбіт өмірде өз орнын іздеуге мәжбүр. Саналы ғұмырын Қарулы күштерге арнаған азаматтар мемлекеттен ерекше қамқорлық күтуге құқылы. Өйткені әскерден кейін ортаға тастай батып, судай сіңу қиын. Жаңа жұмыс табудан бастап қалыптасқан дағдыларды қайта қарауға дейін ұзақ уақыт қажет.
Әскерилерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау – мемлекеттің негізгі бір қағидасы. Қазақстанда офицерлер мен олардың отбасы мүшелеріне тегін медициналық көмек көрсетіледі. Тәуір зейнетақы тағайындалған. Әуе, теміржол, су, автомобиль көлігі қызметтеріне жеңілдік жасалған. Басқа да қолдау шаралары баршылық. Өйткені олар өмірлерінің ең жарқын кезеңдерін ел қорғауға арнаған азаматтар. Күн-түн демей қызмет еткен адамдар. Бірақ запастағы немесе отставкадағы әскерилер дегенде тіліміз тұтқырланып қалады. Өйткені олардың азаматтық қоғамға бейімделуінде түрлі қиыншылықтар да, өзіндік ерекшеліктер де болады. Армия офицерлері түрлі факторға қарай 40-45 жастан соң запасқа шығады. Кейде денсаулығы жарамайды, кейде жасы келеді. Бұрынғы майорлар, подполковниктер, білдей бір бөлімшелерді басқарған полковниктер азаматтық салаға өткен соң да қоғамнан тыс қала алмайтыны белгілі. Сондықтан олар азаматтық салаға бейімделуі керек. Өйткені 45-47 жас дегеніңіз – «ер жасының табалдырығы». Олай болса, запастағы немесе зейнеттегі әскерилердің қызметін әрі қарай да пайдалану мүмкіндігі бар деген сөз. Алайда біздің қоғамда олардың өз орнын толық табуына кепілдік жоқ. Әрине, мемлекет түрлі қамқорлықты жасайтыны рас. Мәселен, бұрын аға офицерлер қатарында болған азаматтардың зейнетақылары да тәуір. Шамамен 200-300 мың теңге аралығында зейнетақы алады. Зейнетақы мөлшері оның мәртебесіне, лауазымына, шеніне байланысты. Әрі экс-әскерилердің зейнетақысы азаматтық сала мамандарынан әлдеқайда мол. Мәселен, 2020 жылдың қазан айында еліміздегі орташа зейнетақы мөлшері 94 913 теңге болса, осыдан 3 жыл бұрын, яғни 2017 жылы зейнетке шыққан әскерилердің орташа зейнетақысы шамамен 110 мың теңге шамасында еді. Әрі сол кезде зейнетке шыққан әскерилер саны 15 мың деп көрсетілген болатын. Бүгінде олардың нақты саны қанша екені айтылмайды. Ал зейнетақыларының көлемі өскені анық. Өйткені 3 жыл ішінде еліміздегі базалық зейнетақының да біршама өскені бар. Алайда экс-әскерилердің бәрінің бірдей шекесі шылқып, аузынан ақ май ағып отырғаны шамалы. Біреулер өтемақысы мен зейнетақысын азырқанады, әлі де көбейе түскенін қалайды. Сонымен, экс-әскерилердің бас ауруы не? 1-2 жыл бұрын ғана ірі әскери құрылымдарды басқарған азаматтар қазір не істеп жүр? Олар азаматтық салада қандай мәселемен бетпе-бет келеді? Сауал көп. Толыққанды жауап та жоқ. Өйткені запастағы әскерилердің әлеуметтік-психологиялық ахуалын зерделейтін зерттеуді көзіміз шалмады. Болғанның өзінде әскерилер оны құпия ұстай ма, қайдам, әйтеуір олар жайлы айтылмайды. Былай қарасаңыз, зейнетақысы тәп-тәуір. Нанға да, жағып жейтін майға да жетеді. Алайда әлі тұғырдан таймаған, күш-қуаты тұла бойында тулаған 40-45 жастағы адамдарды қоғам онша қабылдамайтын сияқты. Шынында да, кешегі шекара майоры, немесе арнайы қызмет подполковнигі қайда барады? Бәлкім, олар күзет фирмаларын құрып, соны басқарып, мектептерде бастапқы әскери даярлық пәнінен сабақ беретін де шығар. Түрлі салалардан орын табуға тырысатыны анық. Алайда олардың азаматтық қоғамға бейімделуіне бірқатар кедергілер бар. Мәселен, қазіргі заманда жақсы қызметке орналасу – қиямет-қайым шаруа. Компаниялардың көбі сауатты, сабырлы, шет тілдерін меңгерген, бірнеше жылдық тәжірибесі бар, 35 жасқа дейінгі маман іздейді. Ал 25-ке толмаған не 40-45 жастан асқан кадрларда мүмкіндік аз. Бұл санатқа студенттер, жақында ғана ЖОО бітірген түлектер, бұрынғы әскерилер мен полиция қызметкерлері кіреді. Қазір Қарулы күштердің жеке құрамының 70-73 пайызын құрайтын келісімшарт әскерилерінің де зейнетақы, қоғамнан орын табуы тәрізді мәселелері туындауы мүмкін. Бірақ ол болашақтың «әңгімесі». Жалпы, әскерилер бұйрықты бұлжытпай орындауға үйренген. Көбі жауынгердің Ар-намыс кодексін қатаң ұстанады. Сондықтан кәсіби дағды негізінде қалыптасқан мінез кейде азаматтық салаға сіңісе алмауына себеп болатыны бар. Ондай адамдардың, мәселен пәтер өткізетін риэлторға, болмаса сату жөніндегі менеджерге айналуы неғайбіл. Жылдар бойы тұрақты жүйеде жұмыс істеген экс-офицерлердің қысқа күнде қырық құбылатын жаһандық өзгерістерге ілесуі де оңай емес. Мундирдің абыройын сақтаймын деп бизнестен ат-тонын ала қашқандарды да талай естідік. Күзетші, жүргізуші, алғашқы әскери дайындық мұғалімі, кинолог, қоян-қолтық төбелестен жаттықтырушы – запастағы әскерилер игеретін кәсіптердің ұзын-ырғасы шамамен осындай. Запастағы подполковник, әскери журналист Алтай Сиырбаевтың пікірінше, бұрынғы офицерлердің әлеуетін толық пайдаланған жөн. – Олар шаруашылыққа мықты. Қарапайым сержанттар мен прапорщиктер күзетші ғана емес, электрик, сантехник, тіпті инженер бола алады. Мейлі, зейнетақысы 200 мың теңге болсын, оны есептемеу керек. Олар мемлекетке пайдасын тигізеді. Ал тәжірибелі майор, подполковник, полковниктерден ПИК (КСК) төрағасы, мектеп, колледж директорының тәрбие жөніндегі орынбасарлары шығар еді. Баяғыда Ауғанстаннан қайтқан жауынгерлер жер-жерде аула клубтарын құратын. Осы идеяны жаңғырту керек. Ардагерлердің біразы бокс, каратэ, самбо, дзюдо, жекпе-жек өнерін жетік меңгерген. Балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға болар еді. Бірнеше спортшыны танимын. Зейнетақысын жеп, үйінде бос жатыр. Бос жатқан адамның іші пысады. Кейбірі араққа салынады. Үлкен ұлттық компанияларда кеңесші болып отырған генералдарды да білемін. Әрине, олардың тамыр-танысы, тәжірибесі, интеллектісі бар. Генералдар ондай орынға лайық. Полковниктер күзет агенттіктерін, қауіпсіздік қызметтерін басқарып жүр. Майор, капитан сияқты ұсақ офицерлер амалсыз күзетші болады, – дейді Алтай Сиырбаев. Әскери салада 21 жыл қызмет атқарған Мұхарбек Махамбеттің сөзінше, бұрынғы әскерилердің өз иерархиясы бар. – Қатардағы офицерлер болмаса, 100-200 адамдық ірі құрылымдарды басқарған полковниктер күзетші болмайды. Олар кабинетте отырып, күзет фирмаларын басқарады немесе өздері сондай компания ашып алады, – дейді зейнеткер. Негізі, не ішем, не кием деп уайымдамай, ақшаның жайын күйттемей, қызметін ғана ойлауға тиіс мемлекет адамының жұмыстан өзге нәрсеге басы қатпауы керек. Сонысына қарай Үкімет оған жағдай жасауға міндетті. Амал қанша, Қазақстанда «Әскери қызмет және әскерилердің мәртебесі туралы» заңға сай не баспанаға, не өтемақыға қол жеткізе алмай, сергелдеңге түскен экс-офицерлер көп. Бір жылдары үйсіз қалған запастағы әскерилер «СВ БОМЖ» қозғалысын құрған. Олардың жетекшісі, запастағы подполковник Дәулет Жұмабековтің Қорғаныс министрлігіне наразылық белгісі ретінде құрылыс алаңында тұрған кранға шығып алғаны да есімізде. Осы орайда, Мұхарбек Махамбет «Әскери қызмет және әскерилердің мәртебесі туралы» заңда азаматтардың мүддесіне қайшы шикі жерлер барын алға тартады. – 2016-2017 жылдардан бастап зейнетке шыққан әріптестеріме ауыр тиді. Неге десеңіз, қызмет еткеніне күнтізбелік 20 жыл толғандар өтемақысын алды. Менің алты балам бар. Құдайға шүкір, заң бойынша ақшамды берді, таңдаған пәтерімді сатып алдым. Қорғаныс министрлігіне ешқандай ренішім жоқ. Ал біреулер ала алмады. Оның себебі әртүрлі. Кейбірінің 20 жылға 1-2 күні жетпей, 1-2 күн үшін жылдар бойы соттасқан, – дейді экс-офицер. Аты-жөнін атамауды өтінген тағы бір подполковник зейнетақыдан мүлдем қағылғанын айтып ашынады. – Өзім ұмытылған санатқа жатамын. 2012 жылы 16 ақпанда «Әскери қызмет және әскерилердің мәртебесі туралы» заң шықты. Ол заң бойынша полковниктен шені төмендер 47 жастан соң зейнетке шығуы керек. 2013 жылы запасқа жіберілдім. Мен секілді жұмысымен шарасыз қоштасқандар көп. Енді қараңыз, олардың жартысы зейнетақы алады, жартысы алмайды. Неге? Себебі біз сияқтылар Қарулы күштерде үзіліссіз қызмет етпегенбіз. Біраз жыл басқа салада істеп, әскерге барғанбыз. Баяғыда ондайлардың еңбек өтілін қосып есептейтін. Жаңа заң бойынша қоспайтын болды, – дейді экс-офицер. Дәл осы мәселені көтерген запастағы бір топ әскери қызметші Президентке хат жазып, былтыр мамыр айында баспасөз жиынын ұйымдастырған. Оған Қорғаныс министрінің сол кездегі орынбасары Талғат Жанжүменов үзілді-кесілді қарсылық білдірген. «Бұл – бұрынғы әскерилердің жекелеген санатына қатысты мәселе. Қолданыстағы заң кәсіби әскерилерге ғана арналған. Біреулер армияда 11 жыл қызмет етеді де, пәтер сұрайды. Әскерге дейін зоотехник, заңгер болғандар, әр жерде жұмыс істегендер үй бермедіңдер деп ренжиді» деген еді шенеунік. Әр ел Отан игілігіне қызмет қылғандарға қамқор болуы керек. Әйтпесе, «еңбегі адал, еті арам» деп азаматтарын тағдыр талқысына тастай салатын мемлекетті ешкім қорғамайтыны анық. Шетел үлгісімен бұрынғы әскерилерді бейбіт өмірге бейімдейтін арнайы мемлекеттік бағдарлама құру идеясы да көңілге қонады.Айдар ДӘУІТҰЛЫ