Түркістан қаласын түлету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Олай дейтініміз, облыс орталығы Түркістанға көшірілген күннен бастап қаланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция бағытталса, жаңа бас жоспарға сәйкес қала аумағы 3 мың гектарға жуық ұлғайды. Алдағы 15 жыл шамасында қала тұрғындарының саны екі есеге өседі деп жоспарланып отыр.
Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Түркістан қаласын дамытудың жаңа бас жоспары қаралды. Жиында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев баяндама жасады.
Түркістан қаласын дамытуға бағытталған жұмыс барысын саралаған Үкімет басшысы А.Мамин алдағы жоспарларды да атап өтті.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи бастамасы мен шешімінің арқасында түркі әлемінің мәдени-рухани астанасы ретінде қасиетті Түркістан қаласын дамытуға үлкен серпін берілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанның дамуына ерекше көңіл бөледі. Қазіргі таңда Түркістан қаласы Қазақстанның рухани жаңғыруының символы мен ел мақтанышына айналды», – деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы Түркістанның жаңа дамуын қамтамасыз ету, тарихи құндылықтарды сақтай отырып, оны одан әрі өркендету мақсатында 2018 жылғы қыркүйекте Түркістан қаласын дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасы мақұлданғанын атап өтті. Қысқа мерзімде ауқымды жұмыс атқарылды. Тарихи-сәулет, әкімшілік-іскерлік орталықтардың, көлік және инженерлік инфрақұрылымның, тұрғын үй аймағының құрылысы қарқынды түрде жүргізілді. Облыс орталығы Түркістанға көшірілген күннен бастап қаланың негізгі капиталына шамамен 400 млрд теңге инвестиция бағытталды. Жаңа бас жоспарға сәйкес қала аумағы 3 мың гектарға жуық ұлғайды. Халық саны 165 мыңнан 176 мың адамға дейін өсті. 2025 жылға қарай ол шамамен 250 мың, ал 2035 жылға қарай 350 мың адам болады деп болжанып отыр. Үкімет басшысы Түркістанды дамытудың жаңа бас жоспары белсенді дамып келе жатқан қаланың барлық қажеттілігін ескеретінін және оның тұрғындары мен қонақтары үшін толыққанды жайлы орта құруға жол ашатынын атап өтті. Жоспар қаланың және Түркістан облысының атқарушы органдарымен, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдармен келісілді. Бүгінде қарқынды жүріп жатқан қаланың құрылыс жұмыстарымен қатар инфрақұрылымын дамытудың барлық егжей-тегжейлі схемалары әзірленді. Үкімет басшысы қасиетті қаланы дамытуға бағытталған барлық жоспардың жобаларын жүзеге асыру бақылауда болатынын жеткізді.