Тегін дәрі қолға тисе игі
Тегін дәрі қолға тисе игі
374
оқылды

Жұрт тегін нәрсені жақ­сы көреді. Ал тегін дүниені тарататындар барынша пайда табуды ойлайды. Қолдан келсе, қонышынан басуды жөн көреді. Кейде өзіне тиістіні талап ете алмайтын халықта да кінә бар ма дейсің.

Елімізде тұрғындарды тегін және жеңілдігі бар дәрі-дәрмек­пен қамтамасыз ету 2005 жылдан басталды. Жүйе Денсаулық сақ­тауды реформалау мен дамы­тудың 2005-2010 жылдарға ар­налған мемлекеттік бағдарла­масы ая­сын­да жүзеге асты. Қазіргі таңда дәрілік заттардың 400-ден аса түрі 49 нозология бойынша жіктелген. Ел нары­ғында дәрілік заттардың жалпы жиынтығы 2017 жылы 458,6 млрд теңгені құрады. Соның ішінде 181,2 млрд теңге тегін меди­циналық көмек көрсету үшін дәрілік заттар сатып алуға бөлін­ді. Мұны республикалық және жергілікті бюджет қаржылан­ды­рады. Денсаулық сақтау минис­трінің айтуынша, 2010-2018 жыл­дар аралығында медици­на­лық препараттарды бірыңғай дистрибьютор арқылы сатып алу 31,3 млрд теңгеден 196,6 млрд теңгеге өсті.

Қаржы бөліп, тегін дәрі та­рат­қан соң нәтижесін білу ма­ңызды. Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі аймақтарға тексеру жүргізген. «Үңілсең, көресің» де­гендей, министрлік біраз былық­тың бетін ашқан. Дәрі-дәрмекті тегін таратпаған 11 өңірде 20-дан астам қылмыстық іс қозғалған. Тексеруге себеп болған – тұр­ғын­дардың тегін препаратқа қолымыз жетпеді деген жанайқайы. Мә­селен, БАҚ-та министрліктің фар­мация комитеті төрайымы Люд­мила Бюрабекованың мәлім­демесі жарияланды. Ол бірқатар өңір жұмысына сипаттама берген. Соның ішінде 2018 жылы Жам­был облыстық СПИД-ке қарсы орталыққа дәрі-дәрмек қажет бол­ған. Ал 2017 жылы алынған жалпы құны 28 миллион теңгелік препараттар ескерусіз қалған. Нәтижесінде, екі есе шығын­дануға тура келген. Енді артылып қалған дәрілерді жойып жіберуі мүмкін.

Жоғарыдағы ақпардан жапа шегетін қарапайым халық. Осын­дай олқылық салдарынан емде­лушілер жиі тегін дәрі-дәрмексіз қалады. Министрлік мәлімдесінде 2016-2017 жылдары жергілікті медициналық мекеме басшылары 4 млрд 300 млн теңгенің тегін дә­рісін таратып бердік деген. Шын­туайтына келгенде, дәрі қоймада қалып қойған. Себеп анықтал­маған. 70 мекемеге СПИД, құрт ауруы, онкологиялық аурулар бо­йынша берілетін тегін препа­рат­тарға қатысты тексеру жа­саған. Дәріні дұрыс таратпау, жал­ған құжат толтыру, өтініштегі қа­телік бойынша іс Бас проку­ратураға өткен.

Медицина саласындағы бар жағдайды министрлік жіті қада­ғалап отыр. Егер сізге тегін дәрі-дәрмек бермесе немесе дәрі үшін ақы талап етсе, 1439 нөміріне ха­барласыңыз. Шағымды Денсау­лық сақтау министрлігі жанынан құрылған дәрі-дәрмек ақпарат­тық-сараптамалық орталығы тыңдайды. Шара қолданады, тексеру жүргізеді. 2017 жылғы дерек бойынша, елімізде 264 дәрі-дәрмек тегін таратылады. Сіз тегін дәрі-дәрмек алушы катего­риясына кірсеңіз, өз құқыңызды талап ете аласыз. Тұрғылықты мекенжай бойынша медицина мекемесіне барып, диагнозыңызға байланысты дәріні сұрауыңызға болады. Кейде тегін дәріні барып алуға ерінетін отандастарымыз бар. Үкімет берген мүмкіндікті барынша қолданған абзал емес пе? Көршілес мемлекеттерде де мұндай жүйе бар. Олар да тегін дәрі-дәрмекпен қамтуды қолға алған.

Қазір ресейліктердің 19%-ы, сондай-ақ ауруханалардың емде­лушілері тегін дәрі-дәрмек алады. 2018 жылы бұл нарықтың көлемі 364 млрд рубльді құрады. Барлық ресейлік азаматтарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мем­лекетке 500 млрд рубльге түседі. Болашақта соманы 700 млрд ­ру­бль­ге көтеру жоспарда бар екен.

Үкімет халыққа барынша жағдай жасауға тырысады. Тиім­ді мүмкіндіктерді қарастыра­ды. Сондай шешімнің бірі – 2020 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап ба­лаларға рецепт бойын­ша бе­рілген дәріні тегін тарату. Елжан Біртановтың айтуынша, бұл міндетті әлеуметтік сақ­тандыру аясында жүзеге асады. Ал екі жыл­дан кейін аталған жүйе нау­қастардың бәріне бірдей әсер етеді.

Министр өз сөзінде тұрмысы төмен азаматтарды сақтандыру шаралары мемлекет есебінен жүргізілетінін айтты. Меди­ци­налық сақтандыру бойынша дә­рігердің жазып берген дәрі-дәр­мегін тегін үлестіру әлемдік тә­жірибе екенін қосты. Сондықтан аталған категориядағылар да дәрі-дәрмекті тегін алады.

Министрлік еліміздегі дәріха­налар жұмысына зерттеу жүр­гізген. Есеп бойынша ел тұрғын­дары жалпы сомасы 300 миллиард теңгенің дәрісін рецепт бойынша сатып алады. Аталған соманың үштен бір бөлігі ғана тегін беріледі екен. Ал медициналық сақтан­дыру бойынша рецепте көрсетіл­ген бар дәріні тегін алуға болады. Сол себепті медициналық сақ­тандыру турасында жақсылап ойланған жөн. Шетелде тіпті дене мүшелерін, одан қалса жан-жа­нуарды сақтандыратындарды естіп жатамыз. Сондықтан жүйе­мен толық танысып, мүмкіндікті пайдаланған абзал.

Тегін дәрі-дәрмектің қолға тегін тигенін қадағалау міндетті. Ардан гөрі пайда ойлайтын за­манда мүмкіндік – байлық. Бас­ты байлық – денсаулық. Мем­лекеттен бөлінген қаржы халық­тың тегін емделуіне бағытталған. Ал ел тұрғындарына Үкімет та­рапынан берілген жеңілдік толы­ғ­ымен қадағалануы тиіс.


Айзат АЙДАРҚЫЗЫ