LRT лаңы: кім кінәлі?
LRT лаңы: кім кінәлі?
235
оқылды

Бюджетті талан-тараж ету бойынша Қазақстандағы ең ірі «бизнес-афера» саналатын LRT үшін бірде бір жауап­ты тұлға қамауға алынбаған. Ал келтірілген шы­ғын 1 миллиард теңгеден асып кетті. Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екінші депар­та­ментінің басшысы Сергей Перов LRT құрылысына қа­тыс­ты тергеу жалғасып жатқанын хабарлады.

Қазіргі кезде елорда әкім­дігінің төрт жауапты қызметкері күдікке іліккен. Жалпы алғанда, 6 адам күдікті деп танылып отыр. Бірақ ешқайсысының қолына кісен салынбаған.

С.Перов сараптама жұмыс­тары аяқталып қалғанын жет­кізді.

– Келтірілген шығын сомасы бірнеше есеге өсіп шыға келді және бүгінде 1 миллиард тең­ге­ден асты. Бұл іс бойынша 6 адам күдікті деп танылды. Оның 4-еуі – әкімдіктің лауазымды тұлғалары. Қатардағы қызмет­керлер емес, басшылық қызмет­тегі лауазымды адамдар, әкім­діктегі бұрынғы басшылар. Нақ­тысын айта алмаймын, өйткені тергеу жүргізілуде, – деді анти­коррупциялық агенттік өкілі.

Оның дерегінше, LRT жоба­сына қатысты экономикалық, сондай-ақ құрылыс сарапта­малары қатар жүзеге асырылуда. Оның барысында жұмсалған қаржыға нақты қандай жұмыс ауқымы атқарылғаны тексе­рі­луде, мемлекетке келтірілген шы­ғын сомасы есептеліп жатыр.

Барлық сараптаманы бір ай ішінде тамамдау жоспарланып отыр.

Қалалық әкімдік жанынан құрылған «Астана LRT» кәсіпор­ны басшысының қайда бой та­салағаны сол бұрынғыдай бел­гісіз. Оған Интерпол желісі бо­йынша халықаралық іздеу жа­рияланған.

– LRT компаниясының бұ­рынғы басшысы Талғат Ардан жасырынып үлгерген. Қазір ол іздеуде. Қалған күдіктілермен жұмыс істеп жатырмыз. Ешқай­сысы тұтқынға алынған жоқ. Олар тек күдікті деп танылды, бізбен белсенді ынтымақтасуда, тергеу амалдарына қатысуда. Тер­геулер, беттестіру (очная став­ка) жүргізіліп жатыр, – деді С.Перов.

Оның айтуынша, барлық сараптама аяқталған соң күдік­тілердің әрқайсысына айып тағылады.

– Қылмыстық іс ақша ұрлау факті бойынша тергелуде. Оның қорытындысында іс-әрекеттер түпкілікті сараланып, квали­фикацияланады. Біз 1 ай ішін­де күдіктілерге айып тағуды жос­парлап отырмыз, – деп түйді Сергей Перов.

Үйлердің үшінші қабаты деңгейіндегі эстакада – жеке жо­лымен қозғалатын жеңіл рельс­ті көлік әу баста EXPO – 2017 көрмесіне орай ел игілігіне тап­сырылуға тиіс болатын. Алай­­да қалалық шағын жоба әл­де­кім­дердің діттеуімен қаржы­лан­дыруы жөнінен халықаралық кең ауқым алды да, құрылысы барлық келісімдер мен уағда­ластықтар рәсімделгесін, тек 2017 жылы басталды.  

Жобаны жүзеге асыруға Қы­тайдың Мемлекеттік даму банкінен қарыз тартылды. Одан алынған қаражаттың бір бөлігі банкрот болған «Астана банкін­де» қалған. Сондай-ақ жобаны іске асыру барысында миллиард­тан көп қаражаттың ұрланғаны мәлім болуда.

Тергеу анықтағанындай, мемлекеттік сараптама бойынша жоба құны 2,6 миллиард долларға тартқан. Алайда «Астана LRT» 4,2 миллиард долларға келісім­шарт жасасқан. Оның 3 мил­лиард доллары мердігерлерге төленген. Қалғаны «бір күндік фирмалар» көмегімен ұрланған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жобаны бірнеше рет қатаң сынға ала келе, Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне ешкімнің бе­дел-ажарына қарамай, жо­ғарғы басшыларына дейін жаза­лауды қатаң тапсырды.

Сонымен бірге жоба құры­лысын ары қарай жалғастыру туралы шешім қабылданған. Бірақ Президент пен халық сы­нына байланысты шығындары азайтылыпты.

Жеңіл рельсті көліктің алғаш­қы телімі 2020 жылы іске қосылады деп мәлімделді. Жал­пы алғанда, LRT елорданың жаңа «Нұрлы жол» теміржол вок­залын қаланың халықаралық әуежайымен байланыстыруға тиіс.