Мемлекет басшысы Үкімет алдына халық өмірінің деңгейі мен сапасын арттыру, табысы аз азаматтардың тұрғын үй мәселелерін шешу, білім беру және денсаулық сақтау, аймақтарды кешенді түрде дамытуға бағытталған басым міндеттер қойған. Соның ішінде халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдаудың маңызы аталған. Көпбалалы, табысы аз отбасылар ерекше қамқорлыққа алынды. Осының бәрі – елдегі әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге септігін тигізуде.
Мәселен, жұмыс сапары барысында Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Қызылорда облысына Талсуат ауылдық округіндегі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған оңалту орталығында болып, ондағы заманауи технологияларымен танысты. Мұнда мұқтаждарға медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбек және тұрмыстық қызметтер көрсетеді. Жалпы аумағы 17,6 гектарды алып жатқан орталық 2012 жылы пайдалануға берілген. Оның екі қабатты ғимараты 5 блоктан тұрады. Олардың әрқайсысында асхана, емдеу кабинеті және демалыс бөлмелері бар. Орталық толығымен заманауи кабинеттермен жабдықталған. Емделушілер биованна, сенсорлық кабинеттерде де ем алып, тігін шеберханасы, ағаш бұйымдарын дайындау шеберханасы мен кітапхана жұмысымен таныса алады.
Сонымен бірге орталық 1 және 2-топтағы мүгедектерге сапалы арнайы әлеуметтік көмек көрсетуге қажетті барлық заманауи құрал жабдықпен жабдықталған. Соның арқасында соңғы 6 жылда 57 арбадағы мүмкіндігі шектеулі жан аяғынан тұрып, 284 адамның қол-аяқ қозғалысы жақсара түскен. Ал 170 адам тұрмыстық өзіне-өзі қызмет көрсетуге бейімделсе, 110-ы мүгедектік топтағы көрсеткіші төмендеп, жұмысқа орналастырылған. Және 66 адам өз кәсібін ашуға мүмкіндік алған.
«Сіздер қиын жағдайға душар болған адамдарға, көмек пен қолдауды қажет ететін жандарға қызмет етіп, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түсуіне атсалысып жүрсіздер. Елге деген ақ пейіл мен шынайы махаббат үшін алғыс білдіремін» деген Бердібек Сапарбаев әлеуметтік қызметкерлер күніне арналған мерекелік іс-шараға қатысып, келесі жылдан бастап әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 30%-ға артатынын жеткізді. Оған қоса, облыстың үздік әлеуметтік қызметкерлеріне Премьер-министрдің орынбасары мен Облыс әкімінің алғысхаттары, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік сала үздігі» төсбелгілері және естелік сыйлықтар табысталған.
– Мемлекет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемесін толық көлемде орындап отыр. Әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің 45%-ы бағытталды. Мемлекет басшысы халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға ерекше көңіл бөледі, жалақы, зейнетақы мен жәрдемақы өсуде, жүздеген нысан – мектептер, ауруханалар, әлеуметтік тұрғын үйлер салынып, жолдар жөнделуде. Биылғы жылдың 9 айының өзінде АӘК төлеуге 200 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды, – деді Б.Сапарбаев.
Б.Сапарбаевтың айтуынша, көпбалалы отбасыларды қолдау республикалық бюджет қаражатынан мемлекеттік жәрдемақыны енгізу есебінен қамтамасыз етіледі. Аталған мемлекеттік жәрдемақы жанұяның табысына қарамастан, барлық көпбалалы отбасыға төленеді. Мемлекеттік жәрдемақының мөлшері балалардың санына байланысты сараланып, әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден беріледі. Ал АӘК аз қамтылған отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға да төленетін болады.
Сонымен қатар министр АӘК алатын еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істеуі тиіс екенін атады. Оларды жұмысқа орналастыру үшін өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының барлық тетігі пайдаланатын болады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі барлық отбасы мүшелері үшін тоқтатылады.
Кейін Премьер-министр Шиелі ауданындағы желтоқсанда пайдалануға берілетін жаңа аудандық аурухананың жұмысымен танысты. Артынан құрылысы былтыр біткен Шиелі Гежуба цемент зауытын көрді. Заманауи технологияларымен жабдықталған зауыт жылына 1 млн тонна өнім шығаруға қуатты екен. Аудандағы мекемемен танысу барысында тұрғындар Премьер-министрмен әңгімелесе алды. Жергілікті тұрғындарды зейнеткерлік және тұрғын үймен қамтамасыз ету, мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, жұмысқа орналастыру, мемлекеттік қолдау шараларын көрсету және басқа да мәселелер талқыланды.
Миуа БАЙНАЗАРОВА,
Қызылорда облысы