Шымкент қаласы – халық саны жылдан жылға көбейіп жатқан үлкен мегаполис. Жер аумағы да кеңейді. Сондықтан мұнда құрылыс жұмыстарының, жалпы барлық сала бойынша қарбалас тірліктің болуы заңды. Алайда осындай кездері кейбіреулердің сапаға емес санға жұмыс істейтіні де жұрт наразылығын туғызып жатады.
Рас, соңғы жылдары шаһарда жерасты және жерүсті өткелі көп салынды. Көлік қозғалысы көбейіп кеткендіктен, тұрғындардың өмір қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан бұл игі іс қуантарлық-ақ. Алайда айтпағымыз жерүсті өткелдеріне қатысты олқылықтар болмақ.
Үшінші мегаполисте көлік қозғалысы мен жаяу жүргінші көп жүреді деген екі аумаққа жерүсті көпірін орнату жоспарланған. Оның бірі 18 шағын ауданы «Евразия» базары маңындағы Рысқұлов көшесінің бойынан орнатылған көпір. Сметалық құны 129 млн теңгені құрайтын бұл жаяу жүргіншілер өткелі небәрі бір жылдың көлемінде бітті. Кейін қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үшін лифт қойылды.
Ал одан кейін 1 жылдан соң құрылысы басталған «Жаңа шахар» базары маңындағы Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысында салынып жатқан жерүсті көпірі сақалды құрылысқа айналған. 4 жылдан бері жыры бітпей келе жатқан, айналасын құрылыс материалдарына толтырып, сол маңдағы тұрғындардың ашу-ызасын тудырып жүрген бұл көпірдің тарихы сонау 2013 жылы басталып, жобасы сызылған. Құрылысты 2015 жылы бастап, 2017 жылдың сәуір айында пайдалануға беру тиіс болатын. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметіне сүйенсек, жобалық құны 214 млн теңгені құрайтын осынау көпірге бүгінге дейін 160 млн теңге бөлініпті. Құрылыс жұмыстары басталғалы мұнда бірнеше мердігер компания ауысқан. Енді биыл жұмысты аяқтау үшін тағы бір компания мердігер деп танылып, оған қазынадан 54 млн теңге қаралыпты. Әрине, мұның бұрынғыдай құрғақ уәде болып қаларын, әлде толыққанды шешімін табатынын ешкім дөп басып айта алмайды. Себебі жұртшылықтың құрғақ уәделерге құлағы үйренген.
Иә, қалай болғанда да басталған істің тұрғындарды қанша әуре-сарсаңға салса да түбі бітетіні белгілі. Дегенмен дәл осы екі аймаққа да жерүсті көпірін салу қаншалықты тиімді? Осы тұрғыдан келер болсақ, бүгінде №18 шағынауданда Т.Рысқұлов көшесінің бойына салынған көпірден өтіп жатқан адамды көрмейсіз. Ал мынау Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшесі қиылысындағы сақалды құрылыс атанған жерүсті көпірінің тіпті мүлдем қажеттілігі байқалмайды. Себебі мұнда бағдаршам және жаяу жүргінші жолы да бар. Екі көшенің арақашықтығы да оншалықты үлкен емес. Мұндай наразылықты әрі-бері өткен жүргізуші де, жолаушы да айтып жатады. «20-30 шаршы метр қашықтықтағы жолдың арғы бетіне өту үшін баспалдақпен 5 метр биіктікке көтерілем дегенше бағдаршам да жанады ғой, кім оған мініп, тағы сонша уақыт түсіп жүреді?» дейді жаяу жүргіншілер. Ендеше, бюджетін ары тартса да, бері тартса да жеткізе алмай, әлеуметтік мәселесі ақсап тұрған Шымкент қаласы әкімдігінің 214 млн теңгені тиімсіз нәрсеге жұмсауы қаншалықты ақылға қонымды?! Жуырда ғана бұқаралық ақпарат құралдарына өткізген брифингте қала әкімінің орынбасары Е.Садыр қазынадағы қаржы жетіспеушілігін айтып, салдарынан әлеуметтік, білім, медицинадан бастап ауыл шаруашылығы, құрылыс, коммуналдық саладағы бірқатар мәселе шешуін таппай тұрғанын жеткізген. Әрине, осындай тиімсіз жобалардың басталып, бірнеше мердігер ауыстыруы да қала бюджетіне едәуір зиян келтіреді.
Оның қасында егер түбі салынуы керек болса қалада жерүсті немесе жерасты көпіріне қажеттілік бүгінде «Автонұр» базары маңында туындап тұр. «Автонұр» қазіргі таңда Шымкент қаласындағы халық ең көп баратын, қашанда ығы-жығы болып жататын базар. Қаладан келетіндер жолдың арғы бетіндегі қоғамдық көліктен түскен соң бері өтемін дегенше уақыты өте аз қойылған бағдаршамның жасыл түсі өшіп қалады. Нағыз үлкен жолдың бойындағы бұл маңға жаяу жүргіншілер үшін қандай да әрекет керек екені анық. Сондай-ақ «Алаш» және арзан азық-түліктің отаны саналатын «Акбар» базарларының маңы да дәл осындай күйде. Көлік нөпірі қалың мұнда үнемі кептеліс туындап жатқаны. Жоғарыда атап өткен Темірлан тасжолы мен Мангелдин көшелеріндегі адам қарасы аталған базарлардың жанында түкке тұрмайды десе де болады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы