«Жүз жылдық жылнама» – дәуір шежіресі
«Жүз жылдық жылнама» – дәуір шежіресі
566
оқылды

Қазақ баспасөзінің баста­уында тұрған басылым Egemen Qazaqstan газетінің жарыққа шыққанына биыл 100 жыл тол­ды. Бас басылымның ғасырлық тойы аясында бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның бірі – «Жүз жылдық жыл­нама» атты 5 томдық жинақ­тың дүниеге келуі. Бұл кітап – ға­сыр­лық мол мұра. Олай дей­тініміз, аталған бестом­дық­тан сонау 1919 жылы ашылған «Ұш­қын» газетінен бастап 1976 жыл­ғы «Социалистік Қазақ­стан­ға» дейінгі кезеңде газетте жария­лан­ған тіл, дін, ұлт, жер мә­селе­лерін өзек еткен маз­мұн­ды мақалалар басылды.

Бұл кітап несімен құнды? Қазір кей адамдарда Egemen Qazaqstan газетін орталық комитеттің органы болды, сондықтан газетте сүйекті мақалалардың жарық көруі мүмкін емес деген қасаң қағида қалыптас­қан. Бұл жинақ алдымен осы ойды жоққа шығарды. Себебі жинаққа енген газеттің 1919-1976 жылдарда­ғы сандарында Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов бастаған ұлт қаймақтары, ел зиялыларының түрлі тақырып­тағы, атап айтқанда ұлт мәселесі, тіл тағдыры, ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс зардаптары, тың игеру науқаны секілді қазақтың басынан өткен нәубетті кезеңдерде жазған өзекті мақалалары қамтылған. Кі­тап атауының «Жүз жылдық жыл­нама» болуы да бекер емес. Өйткені бұл жинақ бір газеттің ғана емес, бүкіл бір елдің 100 жылдық тари­хынан, шежіресінен, жылна­ма­сынан хабар береді. Газеттің шыға­ру­шылары, қызметкерлері һәм авторлары өз дәуірінің шындығын жазды. Осылайша, сол заманның шежіресін қалыптастырды.

Көптомдықты парақтап отыр­сақ, шынымен әр дәуірдің өз үнін естисің. Мысалы, әу бастағы, 1919 жыл­дың 17 желтоқсанында жарық­қа шыққан «Ұшқын» газеті­нің мақ­сұты «шаруа халқына бас-көз болу, түрлі хабарлар һәм керек істерді уақытымен жазып, халықты құлақ­тан­дыру» болыпты. Содан болар, көбіне жалаң ұрандар мен жалпы­ла­ма пафостарға көбірек орын бері­ліпті. КирРевкомның рес­ми органы болған соң ба, «Ұш­қын» Алаш арыс­тары шығарған басы­лымдар се­кілді емес, сөзі солғындау шық­қан­­дай көрінді. Соған қара­ғанда са­ралау, сараптау, сол дәуірдің шын­ды­ғын ашық айту әлі арман болған секілді.

Газет атауы «Еңбек туы» болып өз­герген 20-жылдары да аса қатты өз­геріс байқалмайды. Бұл кезде газет Алаш арыстарын қисынсыз қағы­­тып, ұлтшыл деп айыптап, ұлт­тық мәселелерді қозғауды азайт­қан­дай әсер қалдырды. Қазақтың мүд­де­сі емес, жұмысшы жұрттың жағ­дайы басты назарға шығып, газет бірыңғай төңкерісті мадақтауға көшкендей әсер қалдырады. Ол уа­қытта солай болуы заңды да шығар. Алайда соған қарамастан батыл айылған пікірлер де болды. Сәкен Сейфуллиннің 1923 жылы жария­лан­ған «Қазақты «қазақ» дейік, қа­­тені түзетейік» деп тақырып қо­йып, орыс отаршылары қойып бер­ген «киргиз» деген мазақ атауды «қа­зақ» деген төл атымызға ауысты­ра­­йық деп араша түсуі – соның дәлелі.

Сәкен Сейфуллин газетке ре­дак­торлық еткен тұста ұлттық мәсе­ле­лер аракідік көтеріліп тұрды.

«С.Сейфуллиннің «Еңбекшіл қа­заққа» редакторлық еткен жылда­рын­дағы айқын басымдық берген тақырыбы – ұлттық тіл мәселесі. Әсіресе, оның «Қазақ тілінде жүргі­зіл­се екен», «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу», «Қазақ ті­лін жүргізуде елден келген мағлұ­мат», «Не қылдыңдар?», «Қанына отар­шылдық сіңген Шубилин», «Бөкей­лікте қазақ тілін жүргізу жа­йында» т.б. мақалалары қазақ тілі­нің қолдану аясын кеңейту, мәрте­бе­сін көтеру жайлы болды. Осындай алмағайып кездің өзінде батыл айтып, өткір сынға құрылған мақа­ла­лар­дың жарық көруі Сәкен редак­тор­лық еткен жылдардағы «Еңбек­шіл қазақтың» мінезі еді» деп жаза­ды Egemen Qazaqstan газетіне шық­қан мақаласында Намазалы Ома­шев.

Көптомдықты Намазалы Ома­шевтан бөлек Жанболат Аупбаев, Сүлеймен Мәмет, Айбын Шағалақ құрастыр­ған болатын. Біз Жанболат Аупбаевтан көптомдық­тың қалай дайындалғаны туралы сұрағаны­мызда, кітап дайындау идеясы сонау 90-жылдардың аяғын­да қолға алына бастағанын айтып берді.

«Газетте әр жылдары жария­лан­ған мақалаларды жинақтап жинақ дайындау 90-жылдардың аяғында Ержұман Смайылдың бастамасымен қолға алынды. Оған дейін «Егемен Қазақстанның» тарихы жөнді жа­зыл­маған болатын. 1999 жылы га­зет­тің 90 жылдығы келе жатты. Жақ­­сы дүние дайындау керек бол­ды. Сөйтіп, газеттің ескі тігін­ді­ле­рін ақтардық. Жақсы деген мақала­лар­ды жүйеледік. Бірақ 1999 жылы дайын­дап үлгере алмадық. Өйткені сол жылы газет Астанаға көшті. Алай­да мереке қарсаңында сол ма­те­риалдардың бас-аяғын құрас­ты­­­­рып, А3 форматымен 32 бет қы­лып газет шығардық. Осы басы­лым­да тұңғыш редакторынан бастап Ер­жұ­ман Смайылға дейінгі бүкіл бас­шы­ның өмірдерегін жүйелеп, арнайы санға шығардық. Кейін газеттің 85 жылдығына арнап «Егемен Қазақ­стан­да» жұмыс істеген, еңбегі сіңген адамдарды, олардың өмірбаяны мен жазған дүниелерін түгендедік. Жиналған еңбектерді құрастырып, 2004 жылы «Жәдігер» деген жинақ шығардық. Газеттің алғашқы жүйе­лен­ген тарихы осы еді. Кейін еге­мендік жекелеген адамдар тура­лы 2009 жылы «Егеменқазақ­стан­­дықтар» деген жинақ шықты. Газеттен 1919 жылы Орынбордағы ең алғашқы «Ұшқынның» верст­ка­сын жасаған адамның естелігін таптық. Ол кісі 1962 жылы газеттің қалай ашылғаны, ұйымдастырыл­ғаны туралы жақсы жазыпты» дейді Жанболат Аупбаев.

Айтуынша, 60-жылдары газеттің аудармашылары өте мықты болып­ты. Маркстің, Энгельстің кітабын аударған кісілер «Социалистік Қа­зақ­станда» жұмыс істеген екен. Одан бөлек, ұлт тағдыры да талай мақалаға арқау болыпты.

– Заманында «Социалистік Қа­зақ­станда» елдік мәселелер көп кө­те­­рілді. 1976 жылы қарашада қа­зақ тілінің жағдайы туралы Ғабит Мүсіреповтің «Авгейдің ат қора­сы­нан бастайық» деген мақаласы шық­ты. Осындай мақалаларды мысалға келтіріп, басшылыққа га­зет­тегі руханиятқа қатысты дүние­лер­ді іріктеп алып, кітап шығару туралы ұсыныс айттым. Сөйтіп, сол уақытқа шейін шыққан мақалалар­ды іріктеуді бастадық. «Социалистік Қазақстанда» жарияланған ұлттық мәселелер, мәдениет, руханиятқа қатысты жақсы дүниелерді ала бастадық. Мысалы, 40-жылдары қазақ ауылдарына алғаш рет кино бара бастапты. Қасым Аманжолов соны тілші ретінде мақала етіп жазыпты. 1943 жылдың қазанында Шәкір Жексембаевқа генерал атағын беріпті. Хамит Шурин соны «Қазақтың тұңғыш генералы» деген мақала қылып жазыпты. Хамит Шурин – Ленинмен кездескен адам. Ол кісіні біз көрдік, СХИ-да сабақ беріп жүретін. Міне, осындай салмақты кісілердің сүйекті дүние­лерін жинақтадық, – дейді ол.

Жанболат Аупбаев газеттің 100 жылдығы қарсаңында жинақталған осы құнды қазынаны көптомдық кітап қылып шығаруды ұсынғанын айтады. Оны Дархан Қыдырәлі бастаған газет басшылығы қолдай кетіпті.

– Газеттің 1919 жылдан бастап 40-жыл­дарға дейінгі төте жазу, латын қарпімен шыққан тігінділерін дайындауға Намазалы Омашев атсалысты. Бізге көп көмектескен ақсақал Зияда Ижанов болды. Осы кісі 1919-1949 жылдар арасындағы үлкен дүниелерді жинақтауға кө­­мек­­­тесті. Оны Намазалы толық­ты­рып, одан ары дамыта түсті.

Ал 40-жылдардан бері қарай­ғы­сын біржақты болмау үшін Сүлей­мен Мәмет, Марат Аққұлов үшеуміз дайындадық. Марат Аққұлов 40-60-жылдар аралығын, Сүлеймен Мә­мет 60-80-жылдар аралығын зертт­еді. Осылайша, менің тапқа­ным­ды олар толықтырды. Сөйтіп, мақалалардың ішіндегі ең маңыз­ды­­лары ғана таңдалып, жүзжылдық мерейтой қарсаңында 5 томдығы сұрыпталып жарыққа шықты, – дейді Жанболат Аупбаев.

Көптомдықты оқып шығып, бізге өз пікірін айтқан Серік Неги­мов бұл кітапты баға жетпес қазына деп бағалады.

«Қазақ баспасөзі тарихында бір кездері «Ұшқын» болып басталған «Егемен Қазақстан» газетінің тари­хы өте бай. Ол бір кездері «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социа­листік Қазақстан» болып өзгерді. Тәуелсіздік алғаннан кейін «Егеменді Қазақстан», «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.

Мен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941-1945 жылғы бүкіл нөмірін сараптап, саралап шықтым. Себебі 1980-1985 жылдары Жамбыл Жабаевтың Ұлы Отан соғысы жыл­да­рындағы шығармашылығы, Мә­лік Ғабдулиннің осы жылдары «Социалистік Қазақстанға» жария­лан­ған материалдары, осы газетте жарияланған майдандағы қазақ жауынгерлерінің жазған хаттары, 1943 жылы 4 желтоқсанда өткен Бірінші республикалық айтыстың тарихы мен мән-жайын зерттедім. Жам­былдың арнауы, Нартай Беке­жанов, Нұрлыбек Баймұратов, Мол­дахмет Тырбиев, Қалқа Жап­сар­баев, Орынбай Таймановтың сол кездегі бүкіл айтысы «Социа­лис­тік Қазақстанда» жарияланды. Осы материалдарды мен жақсы білемін. Көптомдықтан көріп, қуанып қал­дым.

1960 жылдан күні бүгінге дейін «Егемен Қазақстанның» әр нөмірін оқып келе жатырмын. Министр Дар­хан Абаев, төраға Дархан Қы­дырә­лінің басшылығымен шыққан «Жүз жылдық жылнама» кітабы біздің қазақ баспасөзі тарихындағы ерекше құбылыс болды. «Егемен Қазақстанның» бұл кітабы қазақ халқының өсіп-өркендеу жолы, ұлт­тық сана-сезімі, мәдениеті, та­ри­­хынан хабар береді» дейді Серік Негимов.

Рас, «Жүз жылдық жылнама» біздің ұлттың есею жолдарының айшықты көрінісі іспетті. 1919 жыл­дардағы төңкеріс салқынынан бас­тап, ашаршылық, репрессия кезде­ріндегі кеңес идеологиясының салқы­ны анық байқалады. Оның бәрі де біз үшін сабақ, өнеге. Ал өткеннен өнеге алу – баршамызға міндет.