Қазақ баспасөзінің бастауында тұрған басылым Egemen Qazaqstan газетінің жарыққа шыққанына биыл 100 жыл толды. Бас басылымның ғасырлық тойы аясында бірқатар іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның бірі – «Жүз жылдық жылнама» атты 5 томдық жинақтың дүниеге келуі. Бұл кітап – ғасырлық мол мұра. Олай дейтініміз, аталған бестомдықтан сонау 1919 жылы ашылған «Ұшқын» газетінен бастап 1976 жылғы «Социалистік Қазақстанға» дейінгі кезеңде газетте жарияланған тіл, дін, ұлт, жер мәселелерін өзек еткен мазмұнды мақалалар басылды.
Бұл кітап несімен құнды? Қазір кей адамдарда Egemen Qazaqstan газетін орталық комитеттің органы болды, сондықтан газетте сүйекті мақалалардың жарық көруі мүмкін емес деген қасаң қағида қалыптасқан. Бұл жинақ алдымен осы ойды жоққа шығарды. Себебі жинаққа енген газеттің 1919-1976 жылдардағы сандарында Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғаббас Тоғжанов, Ғабит Мүсірепов бастаған ұлт қаймақтары, ел зиялыларының түрлі тақырыптағы, атап айтқанда ұлт мәселесі, тіл тағдыры, ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс зардаптары, тың игеру науқаны секілді қазақтың басынан өткен нәубетті кезеңдерде жазған өзекті мақалалары қамтылған. Кітап атауының «Жүз жылдық жылнама» болуы да бекер емес. Өйткені бұл жинақ бір газеттің ғана емес, бүкіл бір елдің 100 жылдық тарихынан, шежіресінен, жылнамасынан хабар береді. Газеттің шығарушылары, қызметкерлері һәм авторлары өз дәуірінің шындығын жазды. Осылайша, сол заманның шежіресін қалыптастырды.
Көптомдықты парақтап отырсақ, шынымен әр дәуірдің өз үнін естисің. Мысалы, әу бастағы, 1919 жылдың 17 желтоқсанында жарыққа шыққан «Ұшқын» газетінің мақсұты «шаруа халқына бас-көз болу, түрлі хабарлар һәм керек істерді уақытымен жазып, халықты құлақтандыру» болыпты. Содан болар, көбіне жалаң ұрандар мен жалпылама пафостарға көбірек орын беріліпті. КирРевкомның ресми органы болған соң ба, «Ұшқын» Алаш арыстары шығарған басылымдар секілді емес, сөзі солғындау шыққандай көрінді. Соған қарағанда саралау, сараптау, сол дәуірдің шындығын ашық айту әлі арман болған секілді.
Газет атауы «Еңбек туы» болып өзгерген 20-жылдары да аса қатты өзгеріс байқалмайды. Бұл кезде газет Алаш арыстарын қисынсыз қағытып, ұлтшыл деп айыптап, ұлттық мәселелерді қозғауды азайтқандай әсер қалдырды. Қазақтың мүддесі емес, жұмысшы жұрттың жағдайы басты назарға шығып, газет бірыңғай төңкерісті мадақтауға көшкендей әсер қалдырады. Ол уақытта солай болуы заңды да шығар. Алайда соған қарамастан батыл айылған пікірлер де болды. Сәкен Сейфуллиннің 1923 жылы жарияланған «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деп тақырып қойып, орыс отаршылары қойып берген «киргиз» деген мазақ атауды «қазақ» деген төл атымызға ауыстырайық деп араша түсуі – соның дәлелі.
Сәкен Сейфуллин газетке редакторлық еткен тұста ұлттық мәселелер аракідік көтеріліп тұрды.
«С.Сейфуллиннің «Еңбекшіл қазаққа» редакторлық еткен жылдарындағы айқын басымдық берген тақырыбы – ұлттық тіл мәселесі. Әсіресе, оның «Қазақ тілінде жүргізілсе екен», «Кеңселерде істі қазақ тілінде жүргізуге кірісу», «Қазақ тілін жүргізуде елден келген мағлұмат», «Не қылдыңдар?», «Қанына отаршылдық сіңген Шубилин», «Бөкейлікте қазақ тілін жүргізу жайында» т.б. мақалалары қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, мәртебесін көтеру жайлы болды. Осындай алмағайып кездің өзінде батыл айтып, өткір сынға құрылған мақалалардың жарық көруі Сәкен редакторлық еткен жылдардағы «Еңбекшіл қазақтың» мінезі еді» деп жазады Egemen Qazaqstan газетіне шыққан мақаласында Намазалы Омашев.
Көптомдықты Намазалы Омашевтан бөлек Жанболат Аупбаев, Сүлеймен Мәмет, Айбын Шағалақ құрастырған болатын. Біз Жанболат Аупбаевтан көптомдықтың қалай дайындалғаны туралы сұрағанымызда, кітап дайындау идеясы сонау 90-жылдардың аяғында қолға алына бастағанын айтып берді.
«Газетте әр жылдары жарияланған мақалаларды жинақтап жинақ дайындау 90-жылдардың аяғында Ержұман Смайылдың бастамасымен қолға алынды. Оған дейін «Егемен Қазақстанның» тарихы жөнді жазылмаған болатын. 1999 жылы газеттің 90 жылдығы келе жатты. Жақсы дүние дайындау керек болды. Сөйтіп, газеттің ескі тігінділерін ақтардық. Жақсы деген мақалаларды жүйеледік. Бірақ 1999 жылы дайындап үлгере алмадық. Өйткені сол жылы газет Астанаға көшті. Алайда мереке қарсаңында сол материалдардың бас-аяғын құрастырып, А3 форматымен 32 бет қылып газет шығардық. Осы басылымда тұңғыш редакторынан бастап Ержұман Смайылға дейінгі бүкіл басшының өмірдерегін жүйелеп, арнайы санға шығардық. Кейін газеттің 85 жылдығына арнап «Егемен Қазақстанда» жұмыс істеген, еңбегі сіңген адамдарды, олардың өмірбаяны мен жазған дүниелерін түгендедік. Жиналған еңбектерді құрастырып, 2004 жылы «Жәдігер» деген жинақ шығардық. Газеттің алғашқы жүйеленген тарихы осы еді. Кейін егемендік жекелеген адамдар туралы 2009 жылы «Егеменқазақстандықтар» деген жинақ шықты. Газеттен 1919 жылы Орынбордағы ең алғашқы «Ұшқынның» версткасын жасаған адамның естелігін таптық. Ол кісі 1962 жылы газеттің қалай ашылғаны, ұйымдастырылғаны туралы жақсы жазыпты» дейді Жанболат Аупбаев.
Айтуынша, 60-жылдары газеттің аудармашылары өте мықты болыпты. Маркстің, Энгельстің кітабын аударған кісілер «Социалистік Қазақстанда» жұмыс істеген екен. Одан бөлек, ұлт тағдыры да талай мақалаға арқау болыпты.
– Заманында «Социалистік Қазақстанда» елдік мәселелер көп көтерілді. 1976 жылы қарашада қазақ тілінің жағдайы туралы Ғабит Мүсіреповтің «Авгейдің ат қорасынан бастайық» деген мақаласы шықты. Осындай мақалаларды мысалға келтіріп, басшылыққа газеттегі руханиятқа қатысты дүниелерді іріктеп алып, кітап шығару туралы ұсыныс айттым. Сөйтіп, сол уақытқа шейін шыққан мақалаларды іріктеуді бастадық. «Социалистік Қазақстанда» жарияланған ұлттық мәселелер, мәдениет, руханиятқа қатысты жақсы дүниелерді ала бастадық. Мысалы, 40-жылдары қазақ ауылдарына алғаш рет кино бара бастапты. Қасым Аманжолов соны тілші ретінде мақала етіп жазыпты. 1943 жылдың қазанында Шәкір Жексембаевқа генерал атағын беріпті. Хамит Шурин соны «Қазақтың тұңғыш генералы» деген мақала қылып жазыпты. Хамит Шурин – Ленинмен кездескен адам. Ол кісіні біз көрдік, СХИ-да сабақ беріп жүретін. Міне, осындай салмақты кісілердің сүйекті дүниелерін жинақтадық, – дейді ол.
Жанболат Аупбаев газеттің 100 жылдығы қарсаңында жинақталған осы құнды қазынаны көптомдық кітап қылып шығаруды ұсынғанын айтады. Оны Дархан Қыдырәлі бастаған газет басшылығы қолдай кетіпті.
– Газеттің 1919 жылдан бастап 40-жылдарға дейінгі төте жазу, латын қарпімен шыққан тігінділерін дайындауға Намазалы Омашев атсалысты. Бізге көп көмектескен ақсақал Зияда Ижанов болды. Осы кісі 1919-1949 жылдар арасындағы үлкен дүниелерді жинақтауға көмектесті. Оны Намазалы толықтырып, одан ары дамыта түсті.
Ал 40-жылдардан бері қарайғысын біржақты болмау үшін Сүлеймен Мәмет, Марат Аққұлов үшеуміз дайындадық. Марат Аққұлов 40-60-жылдар аралығын, Сүлеймен Мәмет 60-80-жылдар аралығын зерттеді. Осылайша, менің тапқанымды олар толықтырды. Сөйтіп, мақалалардың ішіндегі ең маңыздылары ғана таңдалып, жүзжылдық мерейтой қарсаңында 5 томдығы сұрыпталып жарыққа шықты, – дейді Жанболат Аупбаев.
Көптомдықты оқып шығып, бізге өз пікірін айтқан Серік Негимов бұл кітапты баға жетпес қазына деп бағалады.
«Қазақ баспасөзі тарихында бір кездері «Ұшқын» болып басталған «Егемен Қазақстан» газетінің тарихы өте бай. Ол бір кездері «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» болып өзгерді. Тәуелсіздік алғаннан кейін «Егеменді Қазақстан», «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.
Мен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1941-1945 жылғы бүкіл нөмірін сараптап, саралап шықтым. Себебі 1980-1985 жылдары Жамбыл Жабаевтың Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шығармашылығы, Мәлік Ғабдулиннің осы жылдары «Социалистік Қазақстанға» жарияланған материалдары, осы газетте жарияланған майдандағы қазақ жауынгерлерінің жазған хаттары, 1943 жылы 4 желтоқсанда өткен Бірінші республикалық айтыстың тарихы мен мән-жайын зерттедім. Жамбылдың арнауы, Нартай Бекежанов, Нұрлыбек Баймұратов, Молдахмет Тырбиев, Қалқа Жапсарбаев, Орынбай Таймановтың сол кездегі бүкіл айтысы «Социалистік Қазақстанда» жарияланды. Осы материалдарды мен жақсы білемін. Көптомдықтан көріп, қуанып қалдым.
1960 жылдан күні бүгінге дейін «Егемен Қазақстанның» әр нөмірін оқып келе жатырмын. Министр Дархан Абаев, төраға Дархан Қыдырәлінің басшылығымен шыққан «Жүз жылдық жылнама» кітабы біздің қазақ баспасөзі тарихындағы ерекше құбылыс болды. «Егемен Қазақстанның» бұл кітабы қазақ халқының өсіп-өркендеу жолы, ұлттық сана-сезімі, мәдениеті, тарихынан хабар береді» дейді Серік Негимов.
Рас, «Жүз жылдық жылнама» біздің ұлттың есею жолдарының айшықты көрінісі іспетті. 1919 жылдардағы төңкеріс салқынынан бастап, ашаршылық, репрессия кездеріндегі кеңес идеологиясының салқыны анық байқалады. Оның бәрі де біз үшін сабақ, өнеге. Ал өткеннен өнеге алу – баршамызға міндет.