Автонарықта lada қаптады
Автонарықта lada қаптады
141
оқылды

Елімізде сатылған жаңа авто­көліктердің ішінде эконом және бизнес-класс түрлері­нің үлесі теңесті. Нарықта саудаланған жеңіл машиналардың орташа құны 8,88 млн теңге болып тұр.

«Қазавтоөндіріс» Қазақстанның автомобиль саласындағы кәсіпорындар одағының ха­бар­лауынша, 2019 жыл­дың 9 айында қазақстан­дықтар құны 451,2 млрд теңге болатын 49 243 жаңа жеңіл автокөлік пен жеңіл ком­мерциялық техникаларды сатып алған. Са­тылған автокөліктің орташа құны 8,88 млн теңгеге тең және былтырғы кезеңмен салыс­тыр­ғанда 5,6% өсіп отыр. Бұл тұрғыда сырттан әке­лінетін автокөліктің орташа құны 10,9 млн теңге шамасында.

Биылғы ІІІ тоқсанның қоры­тын­дысы бойын­ша, нарық тұтыну­шы­ларының 27,6% құны 5 млн теңгеден аспайтын автокөліктерді тәуір көріпті, былтыр олардың үлесі 37% болған. Баға диапазонынан қарағанда 5-7 млн теңге аралығындағы көліктердің бестен бірі (19,9%) сатылып кеткен. Сондай-ақ машина алушылардың 14,7% бағасы 7 миллионнан 10 миллион ара­лы­ғындағы «темір тұлпарларды» таңдапты. Ал бизнес-класс (10-15 млн теңге) пен премиум-класс (15 млн теңгеден жоғары) көліктерге қолы жеткендердің үлесі – 27,2% жетіп (былтыр – 15,8%), нарықтағы жаңа көліктердің 10,6%-ы жоғары санаттыларын толықтырды. Осылайша, елімізде бағасы 10 млн теңгеден асатын жаңа техниканың жалпы көлемі нарықтың үштен бірінен (37,8%) асып отыр.

Мамандар сатылымның өсуі бизнес-кластағы седандар желісінің қол­жетімді болуымен бай­ла­нысты екенін айтады. Қазақстандық автоөн­дірушілер нарықтағы сұраныстың үлкен бөлігіне ие болуда.


Сонымен, бағасының тиім­ді­лігі жа­ғынан әдеттегідей алғаш­қы орын­ды Lada Granta (3,1 млн тең­геден бас­та­лады) бермей тұр. Одан кейінгі қолже­тімді көлік маркаларының топ – ондығына Chevrolet Niva – 4,4 млн теңге, Ravon Nexia – 3,5 млн теңге, Lada 4x4 – 3,6 млн теңге, Ravon R4 – 4,1 млн теңге, Renault Logan – 4,1 млн теңге, Renault Sandero – 4,1 млн теңге, KIA Picanto – 4,8 млн теңге, Renault Duster – 4,9 млн теңге, JAC S3 4,9 млн теңгенің автокөліктері кірген.

Сөз жоқ, көлік нарығындағы сұраныстың өсуіне ел үкіметінің автонесиелендіру бағдарла­ма­сына жеңілдік енгізуі себепкер болып отыр. Биыл мамыр айында Ұлттық банк отандық автокөлік өндірісін қолдауға арналған «4-7-15» бағдарламасын ұсынып, аталған мемлекеттік бағдарламаға орай қазақстандық көлікті сатып алушыларға арзан несие беру үшін 20 миллиард теңге бөлген. Арзан несиенің шарты да ха­лыққа қолайлы, 4%-дан аспай­тын жыл­дық сыйақы мөл­шер­лемесімен қаражат 7 жылға бе­ріледі. Сатып алатын жаңа отан­дық автокө­ліктің құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс.

Ұлттық банк арзан несие­лен­діру бағдарламасын іске қосар алдында қазақстандық автона­рықта отандық өнім үлесі әлі де аз екенін, жаңа бағдарлама өз өндірісімізді қолдаудан туындап отырғанын түсіндірген.

Дегенмен Ұлттық банктің биылғы бағдарламасы мен одан бұрынғы ел Үкіметінің 2015 жыл­ғы қабылдаған жеңілдетілген автонесие бағдарламалары өз нәтижесін бергені анық. Егер 2018 жылы қазақстандық кә­сіпорындар 30 мыңның үстінде жеңіл көлік құрастырса, биылғы көрсеткіш 60 мыңға жетеді деп жоспарланған.

«Қазақстанда жасалған» ма­шиналарға қызығушылықты банктер беріп жатқан автонесие көлемінен де бағамдауға бола­тындай. Былтыр ел тұрғындары 222,1 млрд теңгенің несиесін рә­сімдегені белгілі бол­ды. Қазақ­стан автобизнес қауым­дастығы ҰБ бөлген 20 млрд теңге 2,8 мың­ның үстінде отандық кө­лікке тұр­ғындардың қолы же­туіне мүм­кіндік береді деп жоба­лайды. Ал Ұлттық банктің жоспа­рына қа­рай, аталған автонесие бағдарла­масы банктердің қар­жылық портфелін кем дегенде 100 млрд теңгеге толтыруы тиіс.


Мемлекет қаржысының кү­шімен іске асып жатқан арзан автонесие ішкі нарықтағы жаңа көліктердің үлесін көбейте ала ма, оны уақыт көрсетеді. Әйтсе де, еліміздегі сатылым бойынша көш бастап тұрған «сүйегі» ре­сейлік, жасау-жабдығы Қазақ­станда жасалған Lada маркалы машинаға деген сұраныс негі­зінен әлеуметтік жағдайға бай­ланысты түсіп отыр­ғаны да жасырын емес. Қала тұрғындары Lada-ны такси қыз­меті үшін таң­даса, ауылдағы аға­йын ары-бері қатынауға шығыны аз құрал еке­нін айтады. Өйткені қозғалтқыш көлемі 1,6 литр болып келетін бұл көлік бензинді аз жағады, «екі қолға бір күрек» іздеп үлкен қа­лаға келгендер де көбінесе көлікті осы себептен таңдайды, яғни так­сиге «тепкілеп мінгенге» тап­тырмас көлік. Ал қалтасы қалың, жағдайы түзелген азаматтар қым­бат болса да неміс пен жапонның маркасын сатып алғанды қалай­ды. Өйткені ресейлік марка шетел­дік жаңа машинаның ши­регіне келе қой­масы анық.

Бір қызығы, ресейлік авто­көлік маркаларын біздің елде құрастыруды бастаған жылдары бұдан былай дайын өнім ЕАЭО аясында Ресей нарығына да шы­ғарылып, көлік саудасы екі жаққа теңдей жүреді делінетін. Бірақ нәтиже о бастағы айтылғандай болмады. Мәселен, 2016 жылы Ре­сейден Қазақстанға 11 мың ав­то­көлік кірсе, 2017 жылы 180 млн долларға 12 300 ма­шина жет­кі­зіл­ген. Ал Қазақ­стан­нан Ресейге 1 200 мың дол­ларға бар-жоғы 61 ав­то­көлік са­ты­лыпты. Бұл тұр­­ғыда көр­сет­кіш биыл ғана жақ­­сар­ған. Қа­зақстанда жабдық­тал­ған JAC маркалы кө­лігінің шілде айын­да ішкі нарықта 169 данасы са­тылса, 694 көлік Ресейге сау­даланыпты. Оған солтүстіктегі көршіміздің салық саясатының да үлкен әсері бар. Ресейде «ути­­лизациялық алым» көрсеткіші ­жо­ғары, сол себепті ол жақ­тың на­ры­ғына кірген біздің автокө­лік­тердің бағасы бірден өсіп кетеді.

Жалпы Қазақстан Үкіметі отандық көлікті пайдалану ту­ралы насихатты біраз жылдан бері айтып келе жатқанымен, шенеуніктер өздері әлі күнге міне қойған жоқ. Үлкен қалаларды бы­лай қойғанда аудандық әкім­дікте Қазақстанда құрастырылған LADA мініп жүрген қызметкер көрмедік. Демек, отандық өнімді қолдау туралы мемлекеттік тап­сырманың орындалу көрсеткіші арзан несие арқылы халық­тың есебінен жабылмақ.

Рас, соңғы жылдары шығары­лып жатқан LADA-ның дизайны көп өзгеріп, түрленді. Алайда қозғалтқыш күшінің жаңарғаны 10-15 % төңірегінде ғана. Сол се­бепті немістің 20 жыл жүр­ген машинасының артықшылығы су жаңа LADA-ға жетеқабыл. Оның үстіне ресейлік маркалы авто­мобильдердің эксплуата­ция­лық мерзімі де аса ұзаққа бара қой­майды. 3-5 жылдың ішінде ал­дымен салоны салдырлап, ке­йіннен жүріс бөлігі сыр бере бас­тайды. Сол себепті ішкі нарықты толтырып жатқан көп көліктің жағдайы алдағы 10 жылда қандай болатынын да ойластырған жөн секілді.