Қостанайда 5 айда тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 1 тоннадан асты
Қостанайда 5 айда тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 1 тоннадан асты
332
оқылды

Қостанай облысында «Көкнар-2019» жедел-алдын алу іс-шарасының қорытындысы шығарылды. Операция 2019 жылдың 1 маусымы мен 31 қазаны аралығында өтті. Бұл туралы арнайы брифинг барысында облыстық есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы Сабырғали Балтабаев мәлімдеді.

«Көкнар-2019» іс-шарасы аясында Қостанай полицейлері 10 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Полиция мәліметі бойынша, ұйымдасқан қылмыстық топ ақпан айынан бастап облыс аумағында «героин» есірткі затын жеткізуді және таратуды ұйымдастырумен айналысқан. Күдіктілерден 360 грамм героин, 3,5 миллион теңгеден астам және 6,4 мың АҚШ долларынан астам ақша, бес автокөлік пен бір пәтер тәркіленді. Қылмыстық топ басшысы мен қатысушыларға қатысты ҚР ҚК 262-бабы (ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару) және ҚР ҚК 218-бабы (мүлікті заңдастыру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

– Операция жүргізу кезінде есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 111 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген: 27 өткізу фактісі, 19 сақтау фактісі, 10 есірткі контрабандасы фактісі, 2 ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару фактісі, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі, 1 мүлікті жария ету фактісі, 296 бап 1 және 3 бап бойынша 71 факті (есірткіні шағын және ірі мөлшерде сақтау) – деді Сабырғали Балтабаев.

Сондай-ақ 520 грамм героин, 70 килограммнан астам марихуана және 58 грамм гашиш тәркіленді деп атап өтті полиция подполковнигі.

Сонымен қатар, есірткі бизнесіне қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қарасора өсімдігін заңсыз өсірудің бір фактісін анықтады. Қарасораны жалпы салмағы – 900 килограмнан астам.

Естеріңізге сала кетейік, операцияның мақсаты – есірткіні, сондай-ақ, жабайы өсетін және заңсыз егілетін егістерді анықтау, жолын кесу, жою, ұйымдасқан қылмыстық топтардың қылмыстық әрекетін анықтау.