Той тоқтамай тұр
Той тоқтамай тұр
249
оқылды

Карантин кезінде санитарлық талаптың сақталуын бақылау мақсатында жүргізілген рейдтік іс-шара кезінде ескертуді елемей ұйымдастырылған 19 дәстүрлі отбасылық той тоқтатылып, шектеу шараларының шегінен шыққан 6 компьютерлік ойын-сауық орталығына анықтама тол­тырылып, шара көрсету үшін уәкілетті органға жолданды.

Рейд барысында қала орта­лығындағы Esperanza мей­рамханасы, С.Торайғыров кө­шесі мен Астана даңғылында жеке аулада ұйымдастырылған үй­лену тойлары, Қосасар және Каспий көшелеріндегі құда­лық тойлары тоқтатылып, «Бун­кер», «Совор», I game плес­тейшин және компьютерлік орта­лықтарының жұмыс істеп тұр­ғаны белгілі болып, ойын-са­уық орталығының әкімшісіне анық­тама толтырылды. Бүгінге дейін мониторинг тобы 10 000-ға жуық нысанды аралап, рейд жұ­мыс­тарын жүргізді. Қазіргі таң­да қалалық Тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау бас­қармасы  тарапынан карантин ре­жимін сақтамаған 134 тұлғаға әкім­шілік хаттама толтырылып, шара қолданылды. 6 шілдеден бастап бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.Той өткізуші адамдар Әкім­шілік құқықбұзушылық ко­дексінің 425-бабы, яғни «ха­лық­тың санитарлық-эпи­демиологиялық саладағы заң­нама талабын бұзу» бойынша жауапқа тартылатын болды. Той-думанды өткізушілер мен ұйымдастырушыларға салынатын айыппұл аз емес. «Бірінші рет болса, шамамен 83 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Тәртіп бұзушыға 5,5 миллион теңгеге дейін айыппұл салынады немесе 10 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылады. Қауіпті вирустың емі әзірге шыққан жоқ. Сол себепті қатаң қағида, темірдей тәртіп басты ұстаным болуы тиіс екенін әлі де жете түсінбейтін секілдіміз. Коронавирус пандемиясына байланысты елде төтенше жағ­дай жарияланған сәтте онлайн той жасау ұсынылды. Әлихан Қарымсақов есімді желі қол­данушысы  YouTube арнасына қы­зықты видео жүктеген. Кадрда Олжас атты асаба   WhatsАpp-тан «Еркеш Сандина үйлену  18.00» деген атаумен топ ашып, оған шаңырақ көтергелі жатқан жастардың ата-ана, туған-туыс­тарын қосқан. Әрине, ви­део әзіл ретінде түсірілген. Де­генмен онлайн тойды шынайы өткізгендер де бар. Мәселен, елдегі алғашқы онлайн режимдегі той Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Жас жұбайлар тойды  наурызға жоспарлаған. Алайда елдегі қиын ахуалға байланысты ешкімге қауіп төндірмеуді шешкен. Екі жақтың ата-анасы балаларының бақытын бай­ламай, видео қоңырау ар­қылы  ақ батасын  беруге ке­ліскен тағы бір той  Zoom плат­формасы арқылы жасалды. Келін Оралдан, күйеу Оңтүстік Кореядан, ал жастардың ата-анасы, туыс-туғандары еліміздің өзге қалаларынан онлайн шығып, екі жасқа тілектерін айтты. Өзге елдерде де тойды онлайн өткізу жиілеген. Жалпы, пандемия бүкіл жоспарды бұзғанымен, мейлі дәстүрлі, мейлі онлайн болсын, той өткізуге кедергі келтіре алмаған секілді. Карантин талабын күшейтпесе, жасырын түрде жасалып жатқан тойларға шағым айтудың  қажеті жоқ деген де пікірлер жиі айтылады. Себебі үлкен қалаларда базарлар мен супермаркеттерде адам толып жүр. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатылатын орындардың ашық болуы халық үшін қажет. Ал қауіпті індет қарқын алған тұста дүркіретіп той тойлау адамдық қасиетке де, карантин талаптарына да жатпасы анық.

М.БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы