Сериал сапасы сын көтермейді
Сериал сапасы сын көтермейді
328
оқылды

Отандық телесериал ин­дустриясы қарқын алып келеді. Режиссерлер кем дегенде жылына бір те­ле­сериалдың тұсауын ке­седі. Түсірілетін сериалдар да, фильмдердің де са­ны артқан. Арасында кө­рермен тарапынан сынға ұшы­рай­тындары да жоқ емес.  Неге?

­«Тар заман», «Саған сенемін», «Кейкі мерген», «Қанатсыз құстар», «Айнымас Айғаным», «Жаным ме­нің», «Тағы да сүй», «Қарлығаш ұя салғанда», «Келінжан-1», «Келін­жан-2», «Отыңды өшірме», «Соңғы үміт», «Аға», «Құстар қайтқанда», «Көзайым», «Жаңа қоныс» және тағы басқа сериалдар «Қазақстан» ұлттық арнасында, «Хабар» және т.б. отандық арналарда жиі көр­сетіліп келеді. Отандық өнім демекші, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі телеарналарда шетелдік се­риалдар мен ойын-сауық бағдар­ла­малары 30 пайызға қысқа­ра­тынын хабар­лаған еді. Есесіне, бұл отандық сериалдардың кеңеюіне мүмкіндік береді. Санның кө­бейгені де көңіл қуантады. Сан көбейсе, сапаның да жақсарары белгілі. Соңғы жылдары бірнеше сериал қатарынан тү­сіріліп, кө­рермен назарына ұсы­нылды. Көпшілік тарапынан кейбірі сынға да ұшырап жатады. Кей көрермен се­риал көруге құлықты емес. Алай­да бір жылдары қазақ экранын үнді, кәріс, түрік сериалдары жаулағаны да жа­сырын емес. «Қаптаған сериал­дардың қатарында қазақ өнімі неге жоқ?» деп байбалам салғандар да болды. «Сын түзелмей, мін түзел­мейтіні» белгілі. Қазір көрерменнің де көзқарасы қалыптасқан. Ұнай ма – көреді, ұна­май ма – телеэкранға телміргісі кел­мейді. Егер кө­рермен экранға жіпсіз байланып отырса, сериалдың көңіл­ден шық­қаны. Әрине, қазақ сериалдары кем­ші­ліксіз деп тағы айта алмас едік. Бірін­шіден, көпшілік актерлердің ойнына сын айтады. «Қазақ актер­­лері эмо­ция­­сыз ойнайды. Дубляжы әлсіз. Қазақ сериалын көре алмай­ты­нымыз – сондықтан. Мәселен, ұлт­тық арна соңғы кездері «Айны­мас Айғаным» сериалын көрсетіп жатыр. Актрисаның да, актерлердің де ой­нында эмоция жоқ. Көрер­менін қы­зық­тырмайды. Жасан­дылық басым. Бір-екі сериясын көрген соң ары қарай жетелей алмады. Есесіне, түрік сериалдары өздеріне жіпсіз байлап қояды. Эмо­циясын анық көрсетеді. Тіпті, кейіп­кермен бірге өмір сү­ресің», – дейді Анар Ер­жанқызы.

«Келінжан» неге көңілден шықты?

Соңғы кездері көпшілік ұнатқан сериалдың бірі – «Келінжан». Бұл сериал «Хабар» арнасының өнімі. Продюсері – Гүлнұр Мамасарипова. «Келінжанның» көрерменді бау­рауы – қаржылық жағдайға бай­ланысты ма? Біз бұл сауалды продю­серге қойған едік. «Бір се­риалға қан­­ша қаражат кететіні – коммер­циялық құпия. Халық­аралық на­рық­пен салыстырмалы түрде қа­райтын болсақ, әрине біздің се­риалға жұм­сайтын қар­жымыз өте аз. Біріншіден, әр серияға бөлінетін қаражат та аз. Оның өзінде шетелдік сериалдар сияқты 60-100 серия емес, ары кет­кенде 20-25 серия түсі­ріледі. Сериал­дар түсіріле баста­ғанына 10 жылдай уақыт болды. Осы 10 жыл ішінде қан­шалықты инфляция болғанын бәріміз де бі­леміз. Доллар бағамы да шарықтап кетті. Өкі­нішке қарай, сериалға белгі­ленген тариф сол 10 жыл бұ­рынғы күйінде тұр. Өзгерген жоқ. Адамдар кез келген жағдайға бейімделеді. На­­рықта одан артық ешкім төлемейтін болғасын ұсынған ақшаға келіседі. Егер біз шетелден не болмаса Ресейден актер шақы­ратын болсақ, онда біздің қаржымыз оны көтере алмайды. Отандық ак­тер­­лер бар дүниені қанағат тұтып үйрен­ген», – дейді. Әрине, барлық актер аз сомаға келісе бермейді. Арасында гоно­рары жоғары актерлер де бар­шылық. Ондай жағдайда продюсер не іс­­тейді? Оның қар­жысы көтере ме? «Әр про­дюсердің өз әдісі болады. Мы­салы, мен қымбат актерді өз сериа­лыма шақырғым келсе, өзге шығын­дарды азайтуға тырысамын. Кейде маған әріп­тестерім: «Сіз жаман үйретесіз. Шындап келгенде, ол ақша жет­пейді ғой» деп айтады. Олар мүмкін менің қосымша ин­­вес­торым бар деп ой­лайтын шығар. Бөлінетін қаржы барлығына бірдей. Біреуге көп, біреу­ге аз бер­мейді. Мә­селен, мен қар­жыны қалай есеп­теймін? Ерке­бұлан Дайыров, Берік Айт­жанов, Азамат Сатыбалды не­ме­се Ләйлә Бекназар-Ханинганы басты рөлге шақырғым келеді делік. Ол ак­­­тер­­­лердің қалам­ақысын төлеу үшін түсіру уақытын тиімді пай­далануға тырысамын. Уақыт ұзарған сайын шығын да молаяды. Алдын ала дайындық жұ­мыстарын реттеп, түсіруге тас-түйін дайын отырамын. Әр про­­дюсер шығынын осылай опти­мизациялап үйренуі қажет. Сон­да қалаған ак­те­­ріңді ойнатуға мүм­кіндік туады», – дейді продюсер.

Сериал көп, сапасы қандай?

Көкейде осы сауал тұратыны анық. Біріншіден, құлаққа жағымды, құнарлы тіл жоқ. Сценарийді кә­­сіби драматургтер жаза бермейді. Керісінше, сериал авторлары «өзі би, өзі қожа». Демек, сапалы сценарий жаздыртуға құлқы жоқ. Көше тілін телеөнімге енгізуге жаны құмар. Екіншіден, бір жылдары Ресейдің халық әртісі Нонна Мордюкова сериал көрмейтінін айтқан еді. Әртіс «сериал тілінің жұтап кеткеніне қарны ашатынын» жеткізген. Мордюкованың сөзінің жаны бар. Қазақ сериалдары да осы күйді кешіп отыр. Тіл неге жұтаң деген сауалға жауап іздеп көрдік. Оның басты себебі сценарийдің орысша жазылып, қазақшаға ауда­­ры­латыны. Екі адамның бір-бірімен диалогтері шынайы әсер ете бермейтіні – сондықтан. Эмоция жоқ, жасандылық басым. Шынайы актерлік ойын әлсіз. Көбі сериалды қосымша табыс көзі санайтын секілді. Рөлдің үлкен-кішісі болмайды. Журналист Сәкен Сыбанбай қазақ сериалының  ең үлкен кемшілігі ретінде «Қай телехикаяны қарасаңыз да, сол баяғы таптаурын тәсіл, таныс штамп, жасанды интонация, нанымсыз әрекет… Көрерменді өз кейіпкерімен бірге баурап әкету өте сирек. Теле­экранның бер жағындағы адам актермен бірге күліп, бірге жылап, кейіпкер тағдырының бүкіл тауқыметін бірге кешкендей болуы керек қой» деп жазып еді. Кейіпкерінің өміріне алаңдап, бірге күліп, бірге жылайтын сериалдар некен-саяқ. Сол себепті де көрермен үнді мен түріктің, кәрістің сериалына телміріп кетеді.

Теленарықты әлі де шетелдік өнімдер жаулап келеді

Қазақ сериалын зерттеп жүрген мамандар тапшы. Әсіресе, кино­сын­шылар қатары сирек. Көпшілігі фильм­дерді зерттеп-зерделеуі мүм­кін. Отандық сериал­дарды жіті ба­­­қы­лап жүргендері некен-саяқ. Сон­­дай кино­сын­шының бірі – Әділхан Шорабек. Ол Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­­демиясының док­то­ранты. «Қазіргі сериалдардың ең басты кемшілігі қандай?» деген сауа­лымызға сын­шы: – Түсінікті тілмен тәпсір­ле­генде, телесериал жанры кинема­тогра­фияның, театрдың өзіндік ерекше­ліктері мен артықшылығын өзіне жинап, телевизияның да­­муына тың серпін, соны леп берген өнер туын­дысы деп айтуға болады. Егемендік алып, тәуелсіздігімізді жария­­­лаған­нан кейін өзге салалар сияқты қазақ­стандық теленарықта да жаңа бағ­­дар­­­­­ламалар мен кон­тенттер пайда болды. Соның ішінде се­­риалдар да бар. Жыл өткен сайын отандық мазмұндағы телесериал үлесі біртін­­­­деп артып келе­ді. Әрине, бұл – көңіл қуан­тарлық жайт. Десе де, бұл та­­рапта «әттеген-айлар» да жетіп артылады. Мәселен, бүгінде бәсекеге қабі­летті өзіндік бет-бейнесі бар, жаңа жанрдағы теле­­­сериалдың өн­ді­рілмеуі және көбіне шетелдік өнім­­дерге бейімдеу ба­сымдығы байқалады. Бұл – бірін­шіден. Екін­шіден, отандық сериал­дар сапа­­­­­сының көрермен көңілінен шық­пауының үдесінен болар, шетел­дік, оның ішінде түрік, үнді және ресейлік өнімдердің теле­на­рықты жаулауына жол берді. Бұған басты бірнеше себепті атап өткім келеді. Олардың қатарында сюжет желісінің жұтаңдығы, сценарийдің бір-біріне ұқсастығы, жанрлық ерек­­­шелік­­тердің аздығы, арнайы білімнің жеткілік­сіздігі, актерлік құрамның кәсіби деңгейінің тө­мендігі, тіл таза­­лы­ғының сақтал­­­мауы сияқты жайттар бар. – Көңілден шыққан сериал бар ма? – Сериал – қазақстандық теле­визия саласындағы ең жас жанр. Әрине, бастапқыда бірқатар мәсе­­­лелердің туындайтыны жасырын емес. Десе де, бүгінде отандық ма­­ман­­дар сериалдардың сапасынан гөрі санына мән беретіні айқын аң­ғары­лады. Бір бұл ғана емес. Се­риал идеологиялық құралдың рөлін де атқаруы тиіс. Сондай-ақ ол қар­­­­жы табуы керек. Мысалы, отан­дық теле­нарықтағы түрік се­­риал­дары қаражат табумен қатар, Түркияның туризм саласының да­муына да өз ықпалын тигізіп отыр. Сәйкесінше, ол өз мін­детін то­лық­­қанды атқара білді десек болады. Менің ойымша, елі­мізде сериал түсірудің арнайы моделі қалыптасуы қажет. Теле­сериал – бұқаралық мәдениеттің бір бөлігі ре­тінде көрер­­мен ауди­­ториясын қамти отырып, қызықты да тар­­­тымды сю­жеті арқылы теле­ар­наның ком­мерция­­лық мүддесін қан­ша­лықты қанағат­­­­тандырып отыр? Міне, бұл сұрақ төңірегінде сала мамандары жете ойланғаны абзал. – Режиссерлер қаражат аздығын кесе-көлденең тартады. Бір сериал түсіру үшін қанша қаржы жұмсалуы тиіс деп ойлайсыз? –  Әрине, телесериал өндірісінде қаржы негізгі шешуші фактордың бірі. Ол өнімнің сапасына да тікелей әсер етеді. Мысалы, Қазақстанда 10-12 бөлімнен тұратын сериал түсіру үшін орташа есеппен алғанда жалпы көлемі 1,5-4 миллион теңге аралы­­ғында қаржы бөлінеді. Ал Түркияда сериалдың бір бөлімінің құны – 30-40 мың АҚШ доллары. Ресейдегі сериал­­дың бір бөлімін түсіру үшін 50 мың доллардай керек екен. Айыр­машылық бар ма? Бар. Жер мен көктей деп айтар едім. Қаржының же­тімсіздігінен жұтаң телеөнімдерді көпшілік назарына ұсынуға мәжбүр­міз. Болашақта отандық сериалдың тақырыптық аумағы кеңейіп, сю­жеттік же­лі­ле­­рінің әралуандығы мен жанрлық тұрғыдағы өзгерістер орын алса, отанд­ық өнімнің шетел­дік­термен бәсекеге қабілеті артады деп ой­­лай­мын. Ол үшін жоғарыда атап өткен бірнеше мәселелерге тиісті дең­гейде көңіл бөліп, оны зерде­леген абзал. P.S. Белгілі бір бейнені көре берсе, көрермен де жалығады. Кей актерлер бір образдан шыға алмай қалып жа­тады. Леонид Гайдайдың кино­коме­диялары арқылы танылған Шурик (Александр Демьяненко) бір ғана образда ел есінде қалып қойды. Сол секілді қазақ актерлері де «бір бей­неде» сериалдан сериалға көшіп жүре бере ме? Бұл – бір. Екіншіден, сце­нарийлердің ұқсастығы тоқтар емес. Фильмнің сәтті шығуы – режиссер, мықты сценарий және актерге бай­ланысты. Осы үштік тоғысқанда ғана мықты сериал түсіруге болады.

Гүлзина БЕКТАС