ПТР-тест тапсырудың әуресі қайта басталды. Жұрт тосын шешімге наразы. Өйткені Семей қаласының көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігердің қаулыға сәйкес шығыс қазақстандықтарға ПТР-тесттің теріс нәтижесі болмаса өңірден шығуға тыйым салған. Ал кезек пен тест бағасына наразы ел дүбірі басылар емес. Солтүстіктегі қауым да шығыстағылардың датына қосыламыз деп отыр.
2 қарашада Шығыс Қазақстанның көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігері өңір тұрғындары мен қала қонақтарына жолаушылар пойызы мен ұщаққа ПТР-тестінің теріс нәтижесі болмаса, жол жүру мүмкін емесін мәлімдеді. Мұны естіген аймақ тұрғындары зертханаға асықты. Өйткені қаулы бойынша 3 қараша күні жол жүретін азаматтан да ПРТ-тест нәтижесі сұралады. Осылайша, зертхана алдында ұзын-сонар кезек пайда болып, наразылар қатары көбейген. Қаулы күшіне енгені сол-ақ екен, вокзал мен әуежайда СЭС қызметкерлері жұмысына кіріскен. Анықтамасыз ешқайда жібермейді. Сенбі күнге билет алып, буынып-түйінген ел қайтсе де тест тапсыру үшін барын салған. Ал кезектің жайына келсек, әлеуметтік қашықтық пен маскалы режим жайына қалған сыңайлы.2 күн кезекте тұрдым
Карантин талабы жеңілдеген тұста жұрт қанатын кең серпи бастады. Ойда-қырда қалған заттарын түгендеп, ағайын-туыспен қауышты. Төтенше жағдай басталғанда әй-шәйға қарамай «қозғалған» студенттер армиясы еді. Енді олар жатақханадағы заттарын жинастырып, керегін үйіне алып кету үшін үлкен қалаға жол тартқан-ды. Қырсыққанда Семейге басқа облыстан келген бір топ студент ПТР-тест тапсыруға мәжбүр болған. Студенттердің бірі зертханадағы жағдай мен кезек жайын тәптіштеп айтып берді. Медицина факультеті студенті неліктен жауаптыларға наразы? «2 күн кезекте тұрдым. Бірінші күн барғанымда алты сағат уақытымды босқа жұмсадым. Өйткені жауаптылар кезекті қолдан жасап отыр. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Егер арамызда инфекция жұқтырған адам болса, өзгеміз үшін зертхана жауап бере ала ма? Мәселен, олар бізге мобильді қосымша арқылы анкета толтырып базаға жіберу керек екенін айтпады. 1-күні тест тапсыруға барғанымызда осы туралы ескерткенде, ешкім кезекке тұрып, уақыт жоғалтпай үйлеріне қайтатын еді. Ал анкета толтырғандар біздің кезекте тұрғанымызға қарамастан ішке кіре берді. Біз болсақ шарасыз күйде қалдық. Не түсіндіретін адам жоқ, не 2 метр арақашықтық, маскалы режим дегенге қарайтын бірі жоқ», – дейді Балауса Айдарқызы. Әлеуметтік желіде зертхана маңында түсірілген видео тараған-ды. Қима-жима халық, наразылық білдірген ел дауысынан құлақ тұнады. Ал студент видеодағы көріністі растап отыр. Әрі зертхана дәрігерлерінің әрекетіне ренжулі.ПТР-тест тапсыру – қымбат
Желіде видео таралғанда-ақ тест бағасына наразылардың көп екенін байқадық. Instagram-парақшадағы пікірде ПТР-тест бағасының ел бойынша бір сомада болмауы да жұртты алаңдатады. Мәселен, Алматы тұрғындары 12 мың теңгеге, Семейдегілер 9 мың теңгеге тест тапсырған. Ал зертхана сайтында 19 қазаннан бері ПТР-тест тапсыру бағасы 8 460 теңге деп көрсетілген. Әрине, мұндай бағада тест тапсырудың арнайы шарты бар. Десе де, сәл де болса арзан баға екені рас. «Айта кетерлігі, қалада студенттер бар. Бірі жұмыс істеп жүр. Ендігісі өзім сияқты қалған заттарын алуға келген. Мысалы, маған ПТР-тест бағасы қымбат болды. Семейге Алматы облысынан келдім. Келіп-кету, жатын орын шығыны бар. Оған ПТР-тест тапсыру жыры қосылды. Неліктен студенттерге жеңілдік қарастырылмағанына таңым бар. Мысалы, тестті 9 мың теңгеге тапсырдым. Қарапайым студент шәкіртақысының жартысы деуге болады. Тым болмаса, 30-40% жеңілдік жасағанда жөн еді», – дейді студент Балауса Айдарқызы. Бағаны арзандату жайын Мемлекет басшысы да бірнеше рет айтқан-ды. Әлемде зертханалар желісі кеңейгеніне және тестілеу бағасының төмендегеніне қарамастан елімізде ПТР-тест құны түспей тұрғанын тілге тиек еткен. Оған қоса Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне бағаға талдау жасауға бұйрық берген еді. Мысалы, vedomosti.ru таратқан мәліметке сүйенсек, көршілес Ресейде ПТР-тест бағасы 5 859 теңгеден (1050 рубль) басталады. Көп өтпей Солтүстік Қазақстан облысында да карантиндік шектеу шаралары күшейді. Бұдан былай ПТР-тест нәтижесі болмаса аймақтан басқа қалаға шығу мүмкін емес. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәліметі бойынша, тест тапсыру үшін жеке тұлғалар 8 мың теңге, заңды тұлғалар 9 мың теңге төлейді. СҚО-да ПТР-тестті 4 зертханада тапсыруға болады. «Ата-анам күзгі демалыс қарсаңында Алматыға баруды жоспарлады. Билет алып қойған еді. Ал қаулы бойынша ПТР-тест тапсыру керек. Елдегі пандемия жағдайы қалай өрбитіні белгісіз. Олар Алматыға келген күннің өзінде, мұнда жағдай өзгеріп, Павлодарға қайту үшін тағы да ПТР-тест тапсырса ше? Екі есе шығын емес пе? Одан да Алматыға алған билеттерін өткізуге кеңес бердім. Жағдай қалыпқа келген соң, оңтүстік астанаға келудің сәті түсер», – дейді Адия Тасболатқызы. Осындайда неліктен баға қымбат деген ой туады. Бұл елімізде зертханалық талдау жүргізу сферасында бәсекенің жоғын білдіре ме? Өйткені ақылы тест тапсыру үшін 5-6 ЖСШ көмегіне жүгінесіз. Ал соның ішіндегі кейбір зертхана сіздің қалада жоқ болуы мүмкін. Бірақ баға жайын қозғағанда бастапқыда ПТР-тест тапсыру бағасының 19 мың теңге болғаны еске түседі. Қазір орта есеппен 9 мың теңгеге тест тапсыруға болады. Алайда бұл соманы кез келгеннің қалтасы көтермейді. Сәуір-мамырдағы баға сценарийіне мән берсек, желтоқсан-қаңтарға қарай елдің ойындағы баға кәсіпкерлердің «түсіне кіруі» мүмкін...Айзат АЙДАРҚЫЗЫ