Үшінші мегаполисте интернет желісі әлі күнге дейін күрделі мәселе. Жыл басында шаһар басшысының жылдық есебінде қалаға қосылған елді мекен тұрғындары байланыс қызметінің нашарлығы туралы шағым айтқан еді.
Қашықтан оқу барысында ата-аналардан интернет сапасының нашарлығы туралы көптеген арыз да келіп түскен. Төтенше жағдай қала аумағын сапалы интернетпен қамту мен жылдамдығын күшейту мәселесі әлі күнге шешілмегенін көрсетіп берді. Мұны қала басшысы да мойындап отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі интернет арқылы жүзеге асырылатыны, сондықтан сапасы төмен елді мекендерге көңіл бөліп, 5G жылдам интернет желісін қолға алуы керегін ескерткенімен, тиісті сала басшылары аса қатты қимылдай қойған жоқ. Жуырда Әл-Фараби ауданы әкімінің есебінде де бұл мәселе қатты қаралды. Сонымен қатар карантин уақытында интернет желісі барлық салаға ауадай қажет болды. Оның «Қазақтелеком» АҚ қызметтеріне жүгінушілер қатарының пандемиядан бұрынғы уақытпен салыстырғанда екі есеге көбейгенінен көруге болады. Бұрын мекеме күніне 300-ге жуық жеке тұлғаға қызмет көрсетсе, қазір оның саны 500-ден асқан. Қала сыртындағы шеткі аймақтар мен жекеменшік секторларда, жаңа тұрғын үй кешендеріндегі құрылыстарда интернет желісі күрделі мәселе болып отыр. «Барының өзінде ұсынылатын интернет байланыстың ең жоғары жүктемесі кешкі 17.00-ден бастап 20.00 аралығында едәуір проблемаға айналады», – дейді Шымкент қаласындағы «Қазақтелеком» өкілі. Қазақтелекомдықтар шаһардағы №136 мектептегі көпбалалы және әлеуметтік осал отбасыларға 763 SIM-карта таратыпты. «Бұл тарифтік жоспар BilimLand және Kundelik.kz білім беру платформаларына тегін», – дейді коммерциялық директор Света Шерелханқызы. Осы тұста айта кетейік, шындығына келгенде аты аталған білім беру платформаларының тегін болуы шымкенттік оқушылар үшін аса маңызды емес. Себебі оқушылар мен студенттердің басым бөлігі WhatsApp желісі және Zoom бағдарламасы арқылы сабаққа қатысады. Қазір бұдан бөлек барлық оператор 990 теңге болатын оқушыларға арналған «Білім» тарифін енгізген. Осынша теңгеге бар-жоғы 1 ГБ қана беретін операторлар мұнда да жоғарыда атап өткен білімге қатысты сайттар тегін деп көрсеткен. Жасөскіндерге бұл сайттардан гөрі WhatsApp желісі мен Zoom бағдарламасының тегін болуы ауадай қажет. Сондықтан осынау «Білім» тарифі операторлардың министрліктерге берер есептері үшін тиімді болмаса, тұтынушылар оған аса мұқтаждық танытпайды. Себебі 1 ГБ ешнәрсеге де жетпейді. Сонда бұл тарифті не үшін енгізіп қойған?! «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының қызмет түрлері тиімді болғанымен, әлі күнге дейін шалғай ауылдар оның қызметін пайдалана алмай келеді. Есесіне, бірнеше есе қымбатқа түсетін сол баяғы «Актив», «Билайн», «Теле2» мен «Алтел» сынды ұялы байланыс және мобильді интернет қызметтерін ұсынатын байланыс жүйелерінің қызметін пайдалануға мәжбүр. Тағы бір өкініштісі, елдегі пандемия жағдайына байланысты қымбатшылық пен дағдарыс қысқан тұста осынау байланыс желілері де барлық тарифтік құнды бірнеше есеге қымбаттатып жіберген. Еліміздің тұрғындарының басым бөлігіне қолжетімді болып жүрген тарифтер бірден екі есеге көтерілген. Мәселен, аталған операторлардағы 1 990 теңгелік тарифтер қазір 2 790, 2 990 теңгеге бір-ақ қымбаттады. «Жығылғанға жұдырық» болып, дәл осы кезде тарифтік құнды шектен тыс көтермесе болмас па екен? Жалпы, елімізде осы мәселеге Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тарапынан қандай да бір қозалыс байқалмайды. Біз пандемия кезінде қай саланың қызметіне сұраныс артқанын айта келіп, туындаған мәселеге де назар аудартқымыз келеді. Сонымен бұл салада да әлі де болса жетілдіруді қажет ететін жайттар көп болып тұр. Айта кетейік, қазіргі таңда барлық өңірде Цифрландыру басқармасы жұмыс істейді. Мұндай басқарма Шымкент қаласында да бар. Алайда білдей басқарма осындай олқылықтардың орнын толтырмағанда не үшін керек деген ой мазалайды екен... Елімізде интернет желісінің әлі күнге кенже қалып отырғанына мұның да үлкен әсері болуы мүмкін. Ал үлкен астаудан ас ішіп үйреніп қалған компанияның өзге басшылықтарының қазіргі жағдайы қалай екен? Бөлінген қаржылар өз мақсатына жұмсалып жүр ме?!Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы