Баланы жұлқылап, дөрекілік көрсеткен тіс дәрігері жұмыстан қуылды
Баланы жұлқылап, дөрекілік көрсеткен тіс дәрігері жұмыстан қуылды
200
оқылды

Ақтауда кішкентай балаға дөрекілік көрсеткен тіс дәрігері жұмысынан босатылды. Бұл туралы Маңғыстау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық стоматологиялық орталықтың директоры Қуат Машырықов мәлімдеді.

Орталық директорының айтуынша, өз қызметін адал атқармаған дәрігердің жұмысын ары қарай жалғастыруына жол берілмейді.

Айта кетейік, 1 қараша күні баланың тісін жұлу кезінде қатты жұлқылап, оған қатыгездік танытқан дәрігердің видеосы әлеуметтік желіге тарап кеткен еді. Баланың анасы клиникадағы бейнебақылау камерасына түскен жазбаны тексеруді талап еткен. Артынша, медицина қызметкері видеоүндеу жасап, өз кінәсін толық мойындайтынын, баланың анасынан және қазақстандықтардан кешірім сұрайтынын жеткізді.

https://youtu.be/5darGos1pHI

Дегенмен зардап шеккен баланың анасы бірден полицияға арыз жазған. Ақтау қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасары Қалдымұрат Айғарақовтың мәліметінше, дәрігердің үстінен әкімшілік іс қозғалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жасөспірімнің денесінде жарақат болған жағдайда ҚР әкімшілік құқық бұзу кодексінің 73/1 бабымен, денесінде жарақат болмаған жағдайда аталған кодекстің 73/2 бабымен ұрып-соққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ.

«Дәрігер өте білімді. Жас дәрігер. Мінезі шапшаң өте шыншыл жігіт. Мектепті «Алтын белгіге», ал 2017 жылы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің стоматология факультетін үздік бітірген. Сол жылы тамыз айында орталыққа жұмысқа орналасты. 2 жыл ішінде өзін жақсы жағынан көрсете білді. Болашағынан мол үміт күтетін азамат деп ойлайтынбыз. Енді кешегі өрескел қылықтарына қарап, еңбек кодексі 49-бабының 5-тармақшасы, 56-бабына сәйкес жұмыстан босату жөнінде шешім қабылдадық»,–деді облыстық стоматологиялық орталықтың директоры Қуат Машырықов.