Бұл туралы Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте атап өтті.
Атырау облысы – әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жағынан көш бастап тұрған өңір. Ірі инвесторларды айтпағанда, отандық инвесторлар тарапынан атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар көзге көрініп, аймақ соңғы жылдары өркениетті елдің орталықтарындай дамып келеді. Әр аймақтың климаттық және басқа да ерекшеліктеріне сай проблемалары Атырау өңірін де айналып өтпейтіні анық. Брифингте аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев аймақ жұртшылығын мазалап отырған өткір мәселелерді ортаға салуы – сөзімізге дәлел. Айталық Атыраудың экологиясы жергілікті тұрғындарды ғана емес, аймақты басқарушы органдар үшін де өзекті екені сөзсіз. Аймақ басшысы жергілікті атқарушы биліктің аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту бағытында қандай шараларды қолға алып жатқанын айтты. Қазір Атыраудың оң жақ жағалауында кәріз суын тазарту кешені құрылысының жобалау техникалық құжаттары дайындалуда. Сол жақ жағалаудағы кәріз суын тазарту ғимаратының құрылысы 2020 жылы аяқталады.
Айта кету керек, қазіргі қолданыстағы кәріз суын тазарту нысаны 1978 жылы пайдалануға берілген. Содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген. Ал жаңа кешен іске қосылғаннан кейін пайдаланылған суды уақтылы тазартуға мүмкіндік туады. Бұл ең алдымен экология үшін маңызды. Лас су топыраққа, жерасты суына, тұтастай экожүйеге зиянды.
Тазарту қондырғылары жұмыс процесін жылдамдатады, тазартылған ақпа суды шаруашылық қажеттіліктерге қайтадан пайдалануға болады.
– Атыраудың экологиясын жақсартуға арналған нақты жоспар бар. Алдыңғы кезекте – бұған дейін Атырауда болмаған кәріз суын тазарту кешенін іске қосу. Біз бір кешенді салдық, жақын уақытта екіншісін салуды бастаймыз.
Кәріз сулары булану алаңына ешқандай тазартудан өтпестен құйылып келді. Сол себепті экологияға өлшеусіз залал келтірді. Жаңа кешен іске қосылғаннан кейін қазіргі қолданыстағы «Сасықсай» жабылады. Бұл алаң бірнеше жылдан бері тұрғындар тарапынан шағым туғызып келген еді. Кәріз суын тазарту кешені пайдалануға берілгеннен кейін ақпасу ағыны булану алаңына келгенше тазартудың толық сатысынан өтеді. Сол арқылы жерасты суы, топырақ, атмосфералық ауа да тазарады, – деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.
Қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту – жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Осыған байланысты зиянды заттардың атмосфераға түсуіне мониторинг жүргізу назарға алынып отыр. Жергілікті бюджеттен мониторинг жүргізуге өлшеу құралдарын, автозертхана алуға 172 млн теңге бөлінді.
Бүгінде облыс аумағында ауа райына бақылау жүргізетін 45 станса жұмыс істейді, оның 17-сі – облыс аудандарында. Атырау қаласында 28 станса бар, оның 20-сы НКОК компаниясына, 4-АМӨЗ, 7- «Казгидромед» РММ Атырау филиалына тиесілі.
Қазір Атырау облыстық әкімдігі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында алматылық «Экосервис-С» компаниясымен бірлесіп ауа сапасына онлайн мониторинг жүргізу жүйесін іске қосуды қарастырып жатыр. Жоба аясында облыс орталығындағы ауа ластануының нысаналы көрсеткішін орнату жоспарлануда. Мәліметтер геоақпараттық порталда және қала көшелеріндегі LED экрандарда көрсетіліп тұрады.
Балық – байлығымыз
Атырау облысындағы өзендерде жүргізілген түп тереңдету жұмыстары оң нәтиже көрсетті. 2017 жылы Жайық, Қиғаш өзендеріндегі балық өтетін арналардың түптерін тереңдету жұмыстары басталды. Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, аталған шара алғашқы нәтижелерін көрсете бастаған.
– Су көлемін және гидрогеологиялық режимді арттыру жобалары балықтардың кедергісіз өтуіне, балық қорын сақтауға, мекендеуіне және табиғи өсіміне қолайлы жағдай жасауға бағытталған, – деді Нұрлан Ноғаев.
Жайық өзенінің түбін тереңдету жұмыстарына республикалық бюджеттен 2,151 млн теңге бөлінген. Жалпы ұзындығы – 62 шақырым. 16,9 шақырым жаңа арна қазу жоспарланған. Жайықпен бірге Қиғаш өзенінің де түбі тереңдетілді. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 5,453 млн теңге бөлінген. Жүргізілген жұмыстардың жалпы ұзындығы – 154 шақырым, 2020 жылы аяқталады деп жоспарланған.
– Балық аулайтын өндірістік кооперативтер жыл басынан бері белгіленген лимит аясында 6 555 тонна балық аулады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 4 038 тонна болған еді. Өткен жылмен салыстырғанда кәсіптік балық аулау көлемі 2 517 тоннаға артты. Бұл жүргізілген түп тереңдету жұмыстарының оң нәтиже көрсеткенін аңғартады. Соның арқасында балықтардың өзенге уылдырық шашуға өтуі жақсарды, су қоймасында балық қоры сақталды. 2018 жылдың аяғында болған балықтың жаппай қырылу дерегіне қарамастан, жақсы нәтижелер бар, – деді Нұрлан Ноғаев.
Атқарылған шаралар өзендердің гидрогеологиялық режиміне де оң әсер етеді. «Қазгидромет» РММ ай сайын Жайық өзеніндегі су сапасына, йон, биоген мен органикалық заттарға, ауыр металдарға мониторинг жүргізіп отырады. Жайық өзеніндегі су сапасы нормадағы көрсеткіштерден аспаған. Сонымен қатар өзендегі су бассейніне де зерттеу жүргізілуде. Жобаның басты міндеті – Жайық өзеніне антропогендік факторлардың әсерін азайту жөнінде ұсыныстар дайындау. Зерттеу барысында өзен түбіндегі шөгінділерден, балықтан, судан сынамалар алынады, зертханалық жағдайда сараланады. Зерттеу қорытындысымен мамандар өзеннің су бассейніне адамдардың ықпалын төмендетуге мүмкіндік беретін тұжырым шығарады.
«Іскер ана» жобасы
еңбекті ақтап тұр
Брифингте аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев Атырау облысында халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобын қолдауға ерекше назар аударылып отырғанын айтты. Биылғы сәуір айынан бері өңірде «Іскер ана» эксклюзивті жобасы жүзеге асып келеді. Бұл бастама көпбалалы аналарды, жалғызбасты, мүгедек бала тәрбиелеп отырған, аз қамтылған отбасындағы аналарды бейінді оқытуға, өз істерін ашуға, істерін кеңейтуге бағытталған.
Жоба қатысушылары екі апталық курстан өткеннен кейін шеберлік сабақтарына қатысады. Жаттықтырушы мамандар көшбасшылық қағидаларынан бастап бизнес саласының әмбебеп маманы болуға дейінгі сатылық жолдарды үйретіп, бағыт береді. Биыл сәуір айынан бері жобаға Атырау облысының 900-ден астам тұрғыны қатысқан. Оның ішінде облыс орталығынан қашық ауылдарда тұратын әйелдер, «Жусан» арнайы операциясы аясында елге депортацияланған 7 көпбалалы жалғызбасты ана бар. Осы жобадан 319 үздік түлек заттай грант алды. Оларға өз істерін алға қарай жалғастыру үшін қажет құрал-жабдықтар берілді.
– Қазір «Іскер ана» жобасы қатысушыларының жұмыстарына мониторинг жүргізілуде. Жыл соңында курстан өткен барлық ананың қатысуымен салтанатты шара өтеді. Қорытынды шарада жоба қатысушыларының тауарларынан жәрмеңке-көрме ұйымдастырылады, – деді Атырау облысының әкімі.
Айта кетейік, қазір жобаның көптеген қатысушысы жаңа кәсіп меңгеріп, өз бизнестерін ашқан.
Өңірде жұртшылықты мазалап отырған мәселенің бірі – дәрігерлердің жетіспеушілігі. «Әкімдік тарапынан жүргізіліп келе жатқан жүйелі жұмыс нәтижесінде, дәрігер мамандар тапшылығы азайып келеді. 2016 жылы өңірге 160 медицина маманы керек болса, биыл бұл көрсеткіш 30 маманға дейін төмендеді. Алдағы уақытта бұл мәселені түбегейлі шешеміз» деп мәлімдеді облыс әкімі.
Одан бөлек, облыс әкімдігі тарапынан өткен жылы 231 түлектің оқуына қаржы бөлінсе, оның 53-і – медицина саласын таңдаған. Биыл медицина мамандығында облыс әкімдігі 56 бакалавр, 48 резидентураның оқу ақысын қаржыландыруда. Аймақ басшысының айтуынша, алдағы уақытта маман жетіспеушілігі түбегейлі шешімін таппақ.
Атырау-Астрахан жолына төзім керек
Аймақ басшысы Н.Ноғаевтың айтуынша, «Ресей Федерациясы шекарасы – Атырау» жолын қалпына келтіруге бағытталған жұмыстар жоспарға сай жүзеге асып жатыр. «Жалпы ұзындығы 277 шақырым болатын жолдың бүгінгі таңда 60 шақырым бөлігіне жөндеу жұмыстары басталды. Жобалық-сметалық құжаттамаға сай құрылыс жұмыстары 2021 жылы аяқталуы тиіс. Бірақ құрылыс қарқыны жақсы болғандықтан, құрылысшылар ерте бітіруі де мүмкін» деді аймақ басшысы. Толықтай пайдалануға 2022 жылы беріледі деп жоспарланып отыр. Екінші бағыт – Атырау-Ақтөбе жолы, оның 27 шақырымы төселді. Ал 88 шақырымы салынып жатыр, қалған 40 шақырымында дайындық жұмыстары жүруде» деді аймақ басшысы.
Дифференцияланған тариф пен электронды билет жүйесі
Атырау – дифференцияланған тариф пен электронды билет жүйесі енгізілген Қазақстандағы үшінші қала.
Аймақ басшысының айтуынша, қоғамдық көліктегі жол ақысына енгізілген дифференцияланған тариф тиімділігін көрсеткен.
– Өткен жылдың қазан айында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Атырауда электронды билеттеу жүйесі қанатқақты жобасы енгізілді. 11 қазанда жол ақысын төлеу жүйесін электронды түрге ауыстыру үшін дифференцияланған тариф іске қосылды. Қазір қоғамдық көліктегі жол ақысын төлеудің 85 пайызы электронды түрде жүргізіледі деп сеніммен айтуға болады, – деді әкім.
Бүгінде электронды билеттеу жүйесі тиімділігін көрсетіп отыр. Бұл болашақта қолма-қол ақшаны көлеңкелі айналымнан шығаруға, жолаушы легінің нақты мөлшерін анықтауға, бюджетке салық түсімдерін көбейтуге, тасымалдаушылардың табысын арттыруға мүмкіндік береді. Өз кезегінде автопарктердің автобустар құрамын, материалдық-техникалық базасын жаңартуға, жолаушылар тасымалы саласындағы мамандардың еңбекақыларын, қызмет көрсету деңгейін көтеруге жол ашады.
Аймақта қоғамдық көлік қатынасын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы іске асып жатыр. Бағдарлама аясында Атырауда 160 жаңа автобус алынды. Келер жылы 170 дана автокөлік Семей қаласынан сатып алынады. Бүгінде Атырау қаласының тұрғындары 120 мың жолақы картасын алды.
Атырау облысы