Жыл соңына дейін еліміздің үш ірі қаласында жұмыс істейтін жастар жалға берілетін пәтерлерін алады. Үкімет сағатында айтылған кезекті мәселенің бірі – осы.
Елбасының тапсырмасымен Жастар жылына орай, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұмысшы жастарға тұрғын үй беру бойынша ережелерді бекіткен болатын.
Осыған сәйкес, қарашаның 5-10 күндері аралығында Нұр-Сұлтан қаласындағы 29 жасқа толмаған жастарға сатып алу құқығынсыз 5 жылға берілетін жалдамалы пәтерге өтінім қабылданады. Жалдамалы пәтерде тұрғысы келетін жастар осы уақыт аралығында Smart Astana қосымшасы арқылы электронды өтінім беруі қажет. Жалға берілетін тұрғын үйге жалпы білім беретін мектептердің, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқу жоспарларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асыратын жастар өтініш бере алады. Нарықта сұранысқа ие 100 мамандықтың тізіміне сәйкес, кәсіпті игерген азаматтар, жас отбасылар, жас кәсіпкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері басым санаттарға жатады.
Нұр-Сұлтанда биыл бір және екі бөлмелі 1 050 пәтер беріледі (30-70 шаршы метрге дейін). Нұр-Сұлтан қалалық «Тұрғын үй» қорының директоры Нұрсұлу Қожахметованың айтуынша, елордалық жастарға 1-2 бөлмелі 1 050 пәтердің кілті желтоқсан айынан бастап табысталады. «Барлық талапқа сай болған өтініш иелеріне екі бөлмелі – 202, бір бөлмелі – 848 пәтер беріледі. Пәтер жалдау құны айына шамамен 5-15 мың теңге. Жалдау құны пәтерлердің ауданына байланысты болады. Пәтерлердің ауданы – 30-45, 46-70 шаршы метр. Сатып алу құқығы берілмейтіндіктен, жастар 5 жылдан соң пәтерді босатады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін осы бағдарламаны электронды түрде жүргізуді жөн көрдік. Өтінім Smart Astana порталы арқылы электронды түрде қабылданады. Жалдамалы үйден үмітті болсаңыз, Smart Astana порталында ЭЦҚ арқылы онлайн режимде өтініш жібере аласыз. Өтініш бергеннен кейін біз оны өңдейміз. Өңдеу уақыты бірнеше күнді алады. Осыдан кейін өтінім берудегі кемшіліктерді жою үшін сізге бір күн береміз. Егер сіз тізімде бір нәрсені ұмыт қалдырсаңыз немесе нақты мәртебеңізді, деректерді нақтылағыңыз келсе, әр үміткерге құжаттарды толықтыруға бір күн береміз» дейді Нұрсұлу Қожахметова.