Жеңімпаз жүлдесін қайырымдылыққа жұмсайды
Жеңімпаз жүлдесін қайырымдылыққа жұмсайды

Алматыда «Қазақ ханымы» халықаралық конкурсы өз мәресіне жетті. Бұл – елімізде алғаш рет аналар арасында өткен ірі байқау. Шараға 4 мыңнан астам келіншек қатысты. Олардың басым бөлігі – көпбалалы аналар. Олар бала-шағасын тәрбиелеп, отбасына ие болумен қатар түрлі салада еңбек етіп, кәсібін жүргізіп отыр. Қатысушылар еліміздің барлық өңірлері мен Қытай, Қырғызстан және Моңғолиядан келді. Байқаудың жартылай финалына өткен 25 келіншек өзара бақ сынасты.

Бұл байқауды ұйымдастыру­да­ғы мақсат – «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген аталы сөз­дің мәнін ашу, әйел заты қан­ша нәзік болғанмен, қазақтың бо­лашағының тізгінін ұстайтын ұрпаққа тәрбие беретін алып күш пен мықты рух иесі екенін көрсету. Ұлттық құндылықтарды дәріптей оты­рып, көненің көзін білетін, за­манауи үрдістен қалыспаған, көп­ке үлгі бола алатын қазақ әйе­­лінің образын насихаттау. «За­манауи қазақ әйелі қандай болу керек?» деген сұраққа жауап іздеп, қазақи тәрбиені бойына сіңірген қазақ келіншегінің бейнесін ашып көрсету.

Конкурстың басты шарттары бойынша шаңыраққа ие болу, қазан-ошаққа қаншалықты епті, өнері бар ма, қандай кәсіп иесі, ол кәсібінің мазмұны қандай де­­ген сұрақтардың бәріне мән бе­ріл­ді. Әділ қазылар алқасы қазақ әйелінің сұлулығына, ішкі жан дүниесінің байлығына үңілді.

– Кейінгі жылдардағы қоғам­дағы үлкен дерттің бірі – көп­ші­ліктің жылтыр дүниеге құ­мар­лығы. Той-томалақтың бәрі сол. «Тойған қазақ тегін іздейді» дегендей, енді тегімізді іздейтін кез келген сияқты. Біздің тек­ті­­лі­гіміз анада. Қазақтың, Ұлы да­ланың Айғанымдары, Бопайлары, Домалақ анасы қазіргі кезде де бар. Өкінішке қарай, олар кө­лең­кеде қалып қалды. Енді біз сол ана­ларымызды ел алдына шы­ға­рып көрсетсек деген ой. Бұ­лар отбасы, ошақ қасында отыр­ған аналар емес. Бала да тәр­бие­леп, кәсібін де дөңгелетіп, қоғам­дық жұмыстарға да белсене араласып жүрген аналар. Бұл кон­курс әкімшіліктің күштеуімен өткізіліп жатқан кезекті бір нау­қан емес, келіншектеріміз кон­курсқа қатысуға әлеуметтік же­лі­лер арқылы өз ықтиярымен өті­ніш білдірді. 4 мың келіншектің іші­нен мықтылары таңдалып, на­ғыз лайықты келіншектерге жүл­де­лер тапсырылды, – дейді әділ­қазылар алқасының тө­райы­мы, Президенттің «Алтын сапа» сый­лығының иегері Ырза Тұрсынзада. – Бұл конкурстың мақ­саты – ықылым заманнан келе жатқан қазақ келіндерінің бойындағы жігерді, рух биіктігін көрсету. Арлы, намысты қазақ әйе­лінің болмысын іздедік. Сон­­дай болмысты елге үлгі етіп көрсет­кіміз келді.

Финалға шыққан келіншектер өз өнерлерін ортаға салып, ән ай­тып, күй тартты. Би билеп, театр­лан­дырылған көрініс қойды. Әділ­қазылар алқасы жартылай фи­налға қатысқан 25 келіншектің 10-ын таңдап алды. Олардың қазақ­тың салт-дәстүрін қаншалықты біле­тінін тексеріп, сұрақтар қойды.

Байқау қортындысы бойынша 31 жастағы үш баланың анасы тал­дықорғандық Маржан Алтыбаева тәж бен 10 миллион теңге ақшалай сыйлықтың иегері атанды. Бірінші орынды алматылық Баян Мұсаева еншілесе, екінші орын атыраулық Жанар Қадыроваға, үшінші орын ақтаулық Гүлнар Жайыққа бұйырды. Олар байқау демеушілері дайындаған ақшалай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Үлкен сайыста көптің алдында өз білімін, білігін, өнерін көрсете білу де оңай шаруа емес. Байқау жеңімпазы Маржан Алтыбаева барлық сынақтан барынша мүдір­мей өтуге тырысты. Ол байқау жеңім­пазы болғанын сезіне алмай тұрғанын, оған ұзақ уақыт дайын­далғанын айтты. Ол өзі жеңіп алған қомақты соманың бәрін қайырымдылыққа, аз қамтыл­ған отбасыларға қол ұшын беруге жұмсайтынын айтып, елді риза етті.

Халықаралық конкурс алдағы уақытта дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп тұрады деген мақсат бар. Асыл аналарды дәріптеу, олардың қоғамдағы, отбасындағы, бала тәрбиелеудегі болашақ ұрпаққа сіңіріп жатқан еңбегін бағалау осы бір конкурспен шектелмейді. Алдағы уақытта да түрлі шара­лардың ұйымдастырылып тұра­тыны сөзсіз.