«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы қалдық көлемін 30% түсіруді міндетіне алды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі кәсіпорынмен жасалған меморандум шарттарын қатаң бақылауында ұстайды.
Министрлік пен компанияның 2019-2023 жылдар аралығында жасалған меморандум шарты ведомствоның Facebook-тегі парақшасында жарияланды. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, бұл шара Теміртау қаласындағы экологиялық ахуалды жақсарту үшін атқарылып жатқан жұмыстың басы ғана.
«30% аз көрсеткіш емес, бірақ қуанарлық жағдай да емес, себебі біз шығарындылардың көлемін 30%-дан артық қысқартуға мүмкіндік бар деп санаймыз», – деді М.Мырзағалиев.
Ведомство басшысы аталған құжаттың орындалу шарттарын министрлік «үлкен жауапкершілікпен және өте қатаң түрде» қадағалайтынын ескертті.
«Бұл мәселе өте қатаң бақылауға алынады. Бұл компания үшін эмиссияға рұқсат алатын шарт болады. Яғни, егер компания эмиссияға рұқсат алмаса, онда жұмыс істеуге құқығы жоқ. Сондықтан бұл – өте қатаң жағдай», – деді министр.
Министрдің жағдай қатаң бақылауға алынады деуіне үлкен себеп бар. Теміртау – ауаға тарайтын зиянды қалдықтар көлемі жағынан еліміздегі экологиялық қалалардың көшін бастап тұр. Министрлік мәліметінше, Теміртаудағы қалдықтар адам басына шаққанда бір жарым тоннадан келеді екен. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. Айта кетейік, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ – Қазақстанның тау-кен өндірісіндегі ірі кәсіпорынның бірі. АҚ иелігіне Қарағанды облысындағы сегіз көмір шахтасы және Қарағанды, Ақмола, Қостанай облыстарындағы төрт темір рудасын өндіру кен орындары кіреді.
М.Мырзағалиевтің мәліметінше, қаланы ластайтын қалдықтардың шамамен 80-90%-ын «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шығарады.
Экология министрлігінің мәліметінше, кәсіпорын тарапынан қаланың экологиясын тазартуға жұмыс атқарылып жатқанымен, жағдай жақсармай тұр. Компания соңғы 6 жыл ішінде жалпы сомасы 11 млрд теңгеге табиғатты қорғау іс-шараларын жүзеге асырды.
«Қаржылық шығындар ауқымында бұл тиімді көрінеді, бірақ ластаушы заттардың шығарылуын тек 13,5 мың тоннаға ғана қысқарту жүргізілді. Бұл тек шаң бойынша (жалпы көлемнің 6,5%). Басқа улы газдар бойынша қысқартулар жоқ», – деді министр.
Компанияның жұмысында газ тазарту қондырғыларының тиімсіздігін және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралардың уақытылы орындалмауы анықталып отыр.
Сондай-ақ министрдің айтуынша, соңғы 4 жылда қалада атмосфералық ауа сапасының нақты жағдайы жақсармады. «Жүйелі негізде шаң, күкірт диоксиді, көміртегі оксиді, азот тотығы, күкіртті сутегі, фенол, аммиак бойынша асып кетуі тіркелді. «АрселорМиттал Теміртау» АҚ нысандарында жүргізілген мемлекеттік экологиялық бақылау нәтижелері бойынша атмосфералық ауа сапасының нашарлауымен қатар табиғатты қорғау шараларының тиімділігі төмен», – деді М.Мырзағалиев.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мен АҚ арасындағы меморандум бойынша, кәсіпорынға үлкен міндеттер жүктелді. Мәселен, шығарындылар эмиссиясын қысқартумен қатар компания Теміртау қаласы маңында 500 мыңға жуық ағаш отырғызуға міндеттеме алды.
Бір «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорыны ғана емес, жаңа экологиялық кодекс қабылданғаннан кейін еліміздегі ірі өнеркәсіптік компаниялардың қоршаған ортаға жүктемені азайту мақсатында жаңа технологияларды енгізуге міндеттемесі енгізілетін болады.
«Елдегі ірі өнеркәсіп компанияларының аудиті жүргізіледі, олардың бүгінгі күні 2,2 мыңы бар. Әрбір кәсіпорынға ең жақсы қолжетімді технологияларға көшу бойынша ұсыныстар берілетін болады. Егер компания тиімді технологияға ауысса, бұл жағдайда ол эмиссия үшін төлемнен босатылады. Бұл – тыйым салу және ынталандыру әдісі. Егер компания тиімді технологияға ауыспаса, онда бұл жағдайда эмиссия үшін төлем деңгейі геометриялық прогрессияда өсетін болады. Бұл еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін әдіс», – деді министр.
Бұдан бөлек министрлік Теміртау қаласы бойынша табиғатты қорғау іс-шараларының жеке жоспарын әзірлейді.