Тыйымға тиын салғандар
Тыйымға тиын салғандар
318
оқылды

Елімізде 2007 жылы «Ойын бизнесі тура­лы» заң кү­шіне еніп, қала­да­ғы ка­зи­нолар мен ойын автомат­тарының жұмыс­та­ры тоқтатылған болатын. Осы заң бойынша елде ойын бизнесін тек екі жерде – Қап­шағай мен Щучинскте ұйымдастыруға ғана рұқсат етілді. Содан бері 12 жылдай уақыт өтсе де, ойынханалар әлі жұмыс істеп тұр. Неге?

Қазақстанда арнайы аймақтан өзге жерде қызметіне заңмен тыйым салынғаннан кейін жасы­рын жұмыс істеуге көшкен кази­но­лар­ды заң орындары үлкен қа­ла­­ларда әшкерелеуде. Алайда кө­лең­келі бизнесті біржолата жою­ға мем­лекеттің дәрмені жетпей отыр. Нақты деректермен мысал келтірсек. Мәселен, 2019 жылдың ақпан айында Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі жүргізген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, заңсыз ойын орны анықталды. Казино Қызылорда қаласы сауна­ларының бірінен табылды, анық­тау барысында онда 532 000 теңге, 645 АҚШ доллары, покер столы мен фишкалар және ойын картасы айналымнан алынды.

Елімізде ойын бизнесі өт­кен ғасырдың тоқсаныншы жылдары­ның басында пайда болды. Бір­ден «қалтамды ұтыс ақшаға тол­тыр­сам» деген құмарлықпен ойын­ға бастары байланғандарды «Лудомания» дертімен ауырады деп, Дүниежүзілік денсаулық сақ­тау ұйымы бұл ойындардың психи­калық ауытқуға әкеп соқ­тыратынын мәлімдеп, оны аса қауіпті сырқат қатарына жат­қы­зып, дабыл қақты.

Ойыншы болса, өз қолымен ақшасын салып жатса, көлеңкелі бизнес қарыштамағанда қайтсін! Жансыз автомат салдарынан ата-ананың тапқан ақшасы, артқан сенімі, үміті бекерге кетсе, әрі мұның кесірі талай шаңырақтың берекесін қашырып, ойрандап жатыр. «Анда-санда ойнаймын», «қалтамда бар 200 теңгені салып, кәдімгідей көтеріп алғансың ғой» деп ойын әлеміне кіріп кетіп, шыға алмай жүргендердің нақты санын ешкім айта алмаса керек. «Лотерея киоскісі» деген атпен жұмыс істеп жатқан құмар ойын автоматтарын әр қаладан кездестіруге болады. Оның айналасында жүргендер – оңай олжаға кенелгісі келетіндер. Ойыншының құмарлығын оята­тын бұл автоматтар қоғам үшін де өте қауіпті. Иә, қаупі жағынан құмар ойындарға тәуелділік на­шаға немесе маскүнемдікке тәуел­діліктен еш қалыспайды.

Бүгінгі күні ойын автомат­тарымен қатар букмекерлік кең­селер де есіктерін айқара ашып тастаған. Бір кездері казиноның есігіне қара құлып салынғанда, құ­мархананың қызметіне тосқауыл болады деген үміт пайда болған еді. Керісінше, казиноға ағылатындар саны арта түскенін статистика да растап отыр. Қазақстанның «Лас-Вегасы» атанып кеткен Қап­шағай казиносы ақша табу­дан оқ бойы озық тұр. Ойын автоматтарының өткен жылғы табысы 5,4 млрд теңгеге жеткен. Ал Бурабай курорттық аймағындағы казинолардың шығысынан гөрі кірісі жылдан-жылға көбейіп ке­леді. Яғни, табыс жағынан респуб­лика бойынша – екінші орын­да. Ақмола облысында ойын ошақтарына жиі бас сұғып, ка­зино қожайынының қалтасын қампайтатындардың қарасы қа­лың. Алматы қаласының өзінде бәс тігетін орталықтардың біржылдық табысы 232 млн теңгеге жуықтаған. Тез баюға деген құмарлық ең әуелі кірісі төмен адамдарды, әсіресе жастарды баурап алуда. Бүгінде желіккен жастар спортшылар мен командалардың бағы мен бабы үшін қалтасындағы бар қаражатын тігуді әдетке айналдырды. Пар­ламент қабырғасында да депу­таттар бұл мәселені талай мәр­те көтергенімен, әзірге еш нәти­же жоқ. Сондай-ақ ақшаға құныққан­дар астыртын казино мен заңсыз ойын автоматтарын ашып, «құ­марлық» деген отты қайта лаулатып келеді. Ешбір ережеге бағынбай, ебін тапқандарды есептесек, ойынханалардың иелері қап-қап қаражатты қалталап жатқанын байқауға болады.

Жақында Мәжіліс депутат­тарының «Ойын бизнесі туралы» заң жобасын қайта қарап жатқаны айтылды. Бұл құжат қандай өз­геріс әкелуі мүмкін? Депутат Сәкен Өтебаев: «Жаңа казино ай­мақтарын ашу бұл туристік бизнесті дамытуды көздемейді. Бір ғана сандарды сөйлетейін. Кезінде Қапшағайда 20 шақты казино жұмыс істейтін. Қазір олардың саны төрттен аспайды. Егер бұл ойын залында ойнауға Қапшағайдың өзіне адамдар келмесе, басқа жерде, мәселен, Маңғыстау облысында сұраныс болады деп кім айтты. Сосын лото-клубтар мен лото-автоматтар жастар арасындағы игромания проблемасын шешпейді. Сондық­тан біз жаңа заң жобасында ло­терея бизнесінде қолданылатын автоматтарды, букмекерлік кең­се­лерді де казино аймақтарына шы­­­ғаруды қарастырып отырмыз», – дейді.

Мәліметке сүйенсек, елімізде құмар ойынның шырмауына 350 мыңдай адам ілігіп отыр екен. Ақша тігіп ұтылып, соны қайтару мақсатында, соңғы 4 жылда 200-ден аса қылмыс жасалған. Оның ішіне қарақшылық шабуыл мен тонауды қосыңыз. Сол се­бепті ойын автоматтары мен бук­мекерлік кеңселерді де казино аймақтарына шығарса, дұрыс шешім болар еді деген ойдамыз.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ