Ашық аспан авиабилет құнын арзандата ма?
Ашық аспан авиабилет құнын арзандата ма?
200
оқылды

«Тілеймін бақытты өмір, ашық аспан. Жалғанда тілек бар ма одан асқан!» Ұлы Отан соғысынан кейін халқымыз тілек білдіргенде міндетті түрде ашық аспанды қосуға әдеттенді. Айтпақшы, бұл Қазақстан­дағы әуежайлардың да ұзақ жылғы арманы еді. Енді бірден 11 әуежайда «Ашық аспан» режимі енгізіліп отыр.   

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында ел Үкіметі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрығымен 2019 жылғы 1 қарашадан бастап, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Қарағанды, Өскемен, Павлодар, Көкшетау, Тараз, Петропавл және Семей әуежайларында Open sky режимін енгізді.

Оған сәйкес, бұдан былай шетелдік әуекомпанияларына елімізге жасайтын рейстарының санына және бағдарына қойылған барлық шектеу алып тасталады. Тиісінше, олар бұған дейін тек қазақстандық әуе тасымалдаушыларына ғана беріліп келген «ауа еркіндігі» («свобода воздуха» немесе freedom of the air) құқығының 5-ші дәрежесінің игілігін пайдалана бастайды.

– 5-ші дәрежелі ұшулар – ше­телдік әуекомпаниялардың үшінші елдер қалаларына Қазақстан қала­лары арқылы ұшуын білдіреді. Бұл өз кезегінде Қазақстанның тран­зит­тік әлеуетін арттыруға, сондай-ақ отандық әуежайлар арқылы өтетін транзиттік жолаушылар ағынын өсіруге мүмкіндік береді. Осы режимді Қазақстанда енгізу жаңа шетелдік тасымалдаушылар­ды тартуға, жаңа халықаралық бағ­­дар­лардың ашылуына, бәсе­ке­лес­тіктің жоғарылауына септігін тигізеді. Ең ақырында мұның барлығы авиабилет құнының ар­зан­дауына және әуе көлігінің қа­лың бұқараға қолжетімді болуы­на әкеледі. Бұдан бөлек, ол туризмнің өркендеуіне және «Астана» ха­лықа­­ралық қаржы орталығының кө­ліктік қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді, – деп түсіндірді министрлік.

Үкімет жаңа тәртіпке түбегейлі көшпес бұрын алдымен оны сынап алмақ. Сондықтан «Ашық аспан» режимі әзірге тек 3 жыл мерзімге енгізілуде. Рас, «одан ары ұзартылу мүмкіндігі» бар.

Айтпақшы, жергілікті тасы­мал­даушылардың әртүрлі дең­гей­дегі, соның ішінде Парламенттегі лоб­бистері «Ойбай, Open sky отан­дық бизнесті өлтіреді!» деп бірнеше жылдан бері байбалам салып, осы бағыттағы қадамдарды бұғаттап келгені жасырын емес.

Бірақ Мемлекет басшысы оған тосқауыл қойды: «Аспанды ашу керек, бұл менің Үкіметке тапсыр­мам! Қорқатын ештеңе жоқ! Тіпті ең ірісі әрі «фаворит» болса да, бір компанияның мүддесін ілгерілете беру жөнсіз. Ашыңыздар аспанды» деп тапсырды Қасым-Жомарт Кемелұлы елорданы дамыту жө­нін­­дегі кеңесте.

Кезінде «ауа еркіндігі» бойын­ша коммерциялық құқықты тек отандық әуе көлігі кәсіпорын­да­ры­ның монополиясына бергенде мемлекет бір жағынан ұлттық бизнесті қолдауды, басқа жағынан олардың жолаушыларды, жүкті және поштаны жеңілдікті бағамен жеткізуін жолға қоюды көздеді. Осы­лай, шетелдік компания­лар­дың жолшыбай біздің мемлекет аумағында, әуежайларымызға ком­­мерциялық мақсатта қонуы, жо­лау­шы, жүк не поштаны түсіріп-тиеуі шектелді.

Алайда бұл үміт ақталмады. Freedom of the air 5-ші дәрежесінің барлық жемісін жатжұрттықтарды жібермей, жеке жәукемдегеніне қарамастан, жеке секторда отан­дық әуекомпаниялар саны артпа­ды. Air Kazakhstan, Air Astana, Qazaq Air, тұңғыш қазақстандық лоу­костер FlyArystan-ды мемле­кет­тің өз күшімен құруына тура келді.

Сонымен қатар жолаушы және жүк тасымалы құнын арзандату міндеті де орындалмады: жергілікті әуе компаниялары жыл сайын би­лет құнын көтермесе, елеулі түр­де төмендетіп жатқан жоқ.

Атауы отандық болғанымен, Отанға «алпыс екі тамыры иімей» қойған жергілікті әуе тасымал­дау­шыларына негізсіз артықшы­лық­тар берілуін биылғы 2 қыркүйектегі өзі­нің тұңғыш Жолдауында Мем­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатаң сынға алды: «Мыса­лы, сұранысы жоғары бағдарлар бойын­ша негізгі әуе тасымалдаушы белгі­лей­тін билеттердің құны неге сонша қымбат?! Оның бағасы Еу­ро­­паға қарағанда, 30 пайызға ар­тық» деп ашығын айтты ел Пре­зи­ден­ті.

Демек, мемлекеттің қайырым­ды­­лығына еш қайтарымның бол­ма­уы Үкіметті жаңа қадамға итер­мелеп отырғанға ұқсайды. Индус­трия және инфрақұры­лымдық даму министрлігі енді шетелдік әуе­компанияларын елімізге көп­теп тарту бағытында белсенді қимылға кіріскенін мәлім етті. Нақ­тылай кетсек, Оман мемле­ке­тінің авиациялық билігімен келіс­сөздер жүргізілген. Оның қоры­тын­дысы бойынша SalamAir авиа­ком­паниясы келесі жылы Маскат­тан Алматыға жолаушылар мен жүк тасымалдауды қолға алатыны анықталды.

2019 жылдың 22-24 қазанында Азиядағы аса ірі лоукосттің бірі Air Asia және жаһандық тасымалдаушы Singapore Airlines компаниялары­мен келіссөздер жүргізілді. Сон­дай-ақ ресейлік «Уральские Авиа­ли­ниимен» арада да келіссөздер аяқ­талған: ағымдағы жылдың 22 жел­тоқсанында «Екатеринбург –Алматы» бағыты бойынша рейс ашы­латын болды.

Мұның сыртында, LOT авиа­ко­мпаниясымен келіссөздер аяғы­на жеткізілген: польшалық әуе тасы­малдаушысы 2020 жылдың жазында Варшавадан Нұр-Сұлтан­ға аптасына жасалатын рейстер санын 7-ге дейін арттырмақ. Ал 2021 жылы Алматыға ұша бастай­ды. Бұдан өзге, Катар (Qatar Airways), Біріккен Араб Әмірліктері (Emirates, Fly Dubai) және басқа да елдердің авиациялық билігімен жаңа әуе қатынастары жөнінде келіссөздер жүргізу жоспарлануда.

Өз кезегінде отандық компа­ния­лар да көрігі қызатын бәсеке­лес­тікте жеңіліс таппаудың қамын жасауда. Эйр Астана 2020 жылдың І тоқсанында Джиддаға бағдар ашып, аптасына 3 рет ұшады деп күті­луде. Ал SCAT биылғы 30 қара­шада Мединаға және Джиддаға апта­сына 2 рейсті іске асыра бас­тай­ды. Азаматтық авиация коми­те­тінің мәліметінше, осы мақ­сат­та Қазақстанның әуекомпания-лары Сауд Арабиясына тұрақты рейс орындау үшін серти­фи­кат­тау­дан өтті. Оларға осы ел астанасы Эр-Риядқа, Джиддаға, Мединаға және Эд-Даммам қалаларына са­парлауға рұқсат етілді. Бұған дейін SCAT 2016 жылдан бері Сауд Ара­биясына қа­зақстандық қажыға бару­шы­лар­ды жеткізу үшін тұрақ­ты емес рейсті жүзеге асыратын. Қа­зақ­стан­нан қажылық сапарға ат­танған жамағатқа араб король­ді­гінің Fly Nas әуекомпаниясы да қыз­мет көрсетеді.

Отандық тұңғыш лоукостер FlyArystan 2019 жылдың 13 желтоқ­са­нынан бастап, «Нұр-Сұлтан–Мәс­кеу» бағытында күн сайын қаты­науға кірісетінін жариялады. Оның билеттері қазан айынан бері сатылуда. Қазақ елі астанасынан Ресейдің бас қаласына Airbus A320 жайлы авиалайнерімен жету құны – 19 999 теңге және одан жо­ғары. Мәскеуден елордаға сапарлау үшін ең кемі 3333 рубль сұралады.

«Ашық аспанға» қатысты ұста­ны­мын отандық әуе тасымал­дау­шы­лары «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы алаңында жария етті. Осы мәселеде жергілікті биз­нес екіге жарылып отыр. Мы­сал­ға, әуежайлар мемлекеттік органның халықаралық тасымал­дау­шыларды шектеуіне қарсы. Олар осының кесірінен жолаушы­лар және жүк тасымалы азайып жатқанын алға тартады, сөйтіп «ашық аспанды» қоштайды.

Ал қазақстандық әуекомпания­лар «ашық аспан» саясатынан ірі нәтиже шықпайтынына, себебі шетелдік компаниялар республи­ка­мызға бәрібір көптеп келмей­ті­ні­не сенімді. Өйткені біріншіден, жергілікті тасымал нарығы тым шағын, екіншіден, оларды Қазақ­стан әуежайларында әуе отыны құны­ның қымбаттығы шошын­та­ды. Расында, әуежайларымызда авиакеросин бағасы Азия елдеріне және Ресейге қарағанда 40%-ға жоғары.

«Негізі, «ашық аспан» режимі еш кедергісіз ұша береді дегенді білдірмейді. Бұл – әр тараптың өз ұстанымы мен міндеттемелерін бе­кіте отырып, келісімге келуі де­ген сөз. Біз 5 жыл бұрын әуе кеңіс­ті­гін кезең-кезеңмен либера­ли­за­ция­лау саясатына кірістік. Байқа­ға­нымыздай, шетелдік тасы­мал­дау­шылар біз арқылы транзитті дамы­туға сонша ықыласты емес, олар өз желілерін ілгерілетуге ын­талы. «Ашық аспан» Еура­зия­лық одақ аясында қолданылады. Сон­дық­тан мүше мемлекеттердің еш­қайсысы кемсітілмеуі үшін бү­гінде стандарттарымызды үйлес­ті­руде­міз», – дейді Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев.

Қазақстан бұған дейін халықа­ра­лық нарықта тек екіжақты келі­сім­шарттар бекітуді қарастыратын Чикаго конвенциясы аясында ғана жұмыс істеп келді. Бұл тәжірибе халықаралық бағдарларды бір-екі әуекомпанияның монополиялан­ды­рып алуына, жоғары тарифтер­дің қалыптасуына, бағдарлар икем­­ділігінің шектелуіне, бәсекеге қа­білеттіліктің құлдырауына соқ­тыр­ды.

Салдарынан, республикамыз Дүниежүзілік экономикалық фо­ру­мның 2019 жылғы «Туризм мен саяхаттың бәсекеге қабілет­ті­лі­гі» жаһандық рейтингінде 140 ел ара­сын­да көш соңындағы 113-ші тұғырда тұр!

Open sky саясаты әлемде жо­лау­­шылар айналымын бірден 35%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді: оған дейінгі өсім 8% ғана болатын. Оған құшағын ашқан мемлекеттерде авиабилеттер құны орташа есеппен 20-40%-ға арзандаған.

Бұл мыңдаған жаңа жұмыс орын­­дарының ашылуына мүмкін­дік береді. Мәселен, Австралия мен Жаңа Зеландия арасындағы осын­дай келісім нәтижесінде 40 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Әуе кеңістігі тәртібін ырық­сыз­дандыру Сингапурда 163 мың жұмыс орнының құрылуына жол ашты.  

Израиль «ашық аспан» енгізген 2013 жылдан бері Бен Гурион әуе­жайы­ның жолаушылар айналымы 13 миллионнан 20 миллион адамға дейін өскен, ал осы «әуе қақпасы» жаһандық жетекші әуежайлар тізі­міне кірді. Тіпті Әзербайжан ау­ма­ғының бір бөлігін басып алға­ны үшін «блокадаға» түскен Армения Open sky арқасында 12 әуеко­м­па­ния­сын тартып, 12 жаңа халықа­ра­лық бағдар аша алды.

Бұл салада Орталық Азия көш­бас­шысы – Өзбекстан саналады. Бұл режим биылғы 1 қазанда өз­бек­тердің Қаршы, Нүкіс, Термез және Бұхара қалаларында енгізіл­ген. Ендеше, қазақ елінің бұл істе шегін­шектеп, кері тарта беруінің еш мәні қалмады.