Елге танымал актриса Раиса Мұхамедиярова бүгін таңертең 80 жасында қайтыс болды.
Актрисаны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 7 қарашада Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында өтеді. Ол осы театрда 1995-2002 жылдары жұмыс істеген.
Раиса Мұхамедиярова 1939 жылы 11 шілде күні Семей облысының Көкпекті ауылында дүниеге келді. Мектепті бітірген соң, екі жылдай Сарыағаш аудандық партия комитетінде машинист-хатшы болған.
Актриса «Песня зовет» деген фильмдегі рөлден кейін танымал болып кетті. Бұдан бөлек, актриса «Менің атым Қожа» фильміндегі рөлімен есте қалды. Ол сондай-ақ «И в шутку, и всерьëз», «У подножья Найзатас», «Однажды и на всю жизнь» және «Человек-олень» фильмдерінде ойнаған.
1962 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын оқып, ағылшын тілі оқытушысы мамандығын алып шыққан. 1960 жылдан бері Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның штаттағы актрисасы болды.
Айта кетейік, 1964 жылы Раиса Мұхамедиярова қазақтың халық жазушысы Ғабит Мүсіреповке тұрмысқа шыққан.