«Алтын адам» Афины жұртшылығын тәнті етеді
«Алтын адам» Афины жұртшылығын тәнті етеді
293
оқылды

Грекия астанасы Афины қаласындағы Эпиграфиялық музейінде «Ұлы дала: тарих және мәдениет» көрмесін ашылады. Көрме «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында 2019 жылдың 11 қарашасынан 11 желтоқсанға дейін жалғасады.

Көрмеге Қазақстан Республикасының символы саналатын «Алтын адам» қойылады. Мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени бай мұрасымен шетелдік көрерменді таныстыру.   

1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың басында Алматының маңайында танымал археолог Кемал Ақышев зерттеп жүрген Есік қорғанынан, кейін Қазақстанның символына айналған, сақ патшасы – «Алтын адамның» сүйегі табылған археологиялық сенсация орын алды. Баға жетпес олжаға «Қазақ Тутанхамоны» деген ат беріліп, «ғасыр жаңалығы» деп танылды.  Ежелгі дала билеушісінің тәжіндегі қанатты алтын пырақ әшекейлері Қазақстан Республикасы Елтаңбасының бөлшегіне айналды, ал Алтын адамның мүсіні Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына орнатылды. 

Жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі халықаралық «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасын жариялады. Ауқымды шара шеңберіндегі көрмелер Беларусь, Ресей, Әзірбайжан, Қытай, Польша және Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Малайзия және Түркия музейлерінде үлкен жетістікпен өтті.

Сақтар – қазақтардың ертедегі бабалары. Грек авторларының шығармаларында оларды азиялық скифтер, басқа ежелгі дереккөздерінде «ұшқыр атты турлар» деп көркем сипаттаған. Осы тайпалардың үлкен үш тобының қатарында «Алтын адам» жерленген Есік қорғаны табылған аймақта тұрған сақ-тиграхаудтар бар болатын. 

Есік қорғанынан табылған заттар арасында руна жазумен жазылған жазбасы бар күміс тостағанның экспозициядан алар орны ерекше.

Ежелгі дала өнерінің маңызды ерекшелігі саналатын зооморфтық бейнелердің басымдығы да мифологиялық ойлау өлшемдерімен белгіленеді. Мұның сюжетінің драматизмі жақсылық пен жамандықтың күресі, жарық пен қараңғының бастауы, жаңа өмірдің жасалуы, қарама-қайшылықтардың мәңгілік қозғалысының және мәңгілік күресінің символы ретінде түсіндіріледі. Осындай қарама-қайшылықтың айқын үлгісі ретінде көрмеге ұсынылған алтыннан қалыптау және бедерлеу техникасымен жасалған V-IV ғасырларға тән жапсырмасы бірін бірі дәл қайталайтын қос барыс түріндегі айылбасты айтуға болады.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің қорларынан барлығы 144 зат ұсынылады.