Армрестлингтен Қазақстан құрамасы 134 медаль иеленді
Армрестлингтен Қазақстан құрамасы 134 медаль иеленді
164
оқылды

Румынияның Констанца қаласында армрестлингтен Әлем чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.

Қорытынды кезең ересектер, ардагерлер, сондай-ақ есту қабілеті зақымданған спортшылар мен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында өткен.

«Жарыстың алғашқы күні жастар мен жасөспірімдер арасында ел құрамасы 32 алтын, 22 күміс, 19 қола жүлде иеленді. Жалпы командалық есепте Ресей мен Грузияны артқа тастап, бірінші орынға шықты. Ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы бәсекеде де қазақстандық қол күрес шеберлері қарсыластарына дес бермеді. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында еліміз 8 алтын, 7 күміс, 11 қола жүлдені жеңіп алды. Ал, ардагерлер арасында отандастарымыз 3 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдеге қол жеткізді»,–делінген хабарламада.

Жарыстың шешуші кезеңі ересектер арасында өтіп, спортшыларымыз ел қоржынына 8 алтын, 9 күміс, 11 қола медаль салып, ерлер құрамасы бірінші орыннан көрінді.

«54 мемлекеттен 1400 спортшы қатысқан байрақты бәсекеде ел намысын 146 спортшы қорғады. 41-ші Әлем чемпионатының жалпы қорытындысы бойынша ел құрамасы 51 алтын, 40 күміс, 43 қола жүлдемен дүбірлі додада екінші орынға табан тіреді. Бірінші орынды Ресей Федерациясы иеленсе, үздік үштікті Грузия спортшылары түйіндеді»,– деп хабарлайды комитеттен.