Түркістан облысында мақта еккен диқандар өнімнің 90 пайызын жауын-шашынға ұрындырмай жинап үлгерді. Атап айтсақ, бүгінде 300 мың тоннаға жуық ақ алтын шитті мақта қабылдайтын бекеттерге тапсырылды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаевтың аймақтағы мақта терімінің барысымен танысу мақсатындағы іссапары кезінде белгілі болды.
Айта кету керек, биыл 125,8 мың га алқапқа мақта дақылы егілді. Қазіргі таңда терім науқанының 90 пайызы орындалып, 298,7 мың тонна шитті мақта жиналды. Түсімділігі гектарына 24,3 центнер болып отыр. Жалпы, жиналған ақ алтынның тең жартысынан астамы 500-ге жуық комбайнның жұмылдырылуымен терілген. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Тәжібаев Түркістанның іргесіндегі Кентау қаласына қарасты Қарашық елді мекенінде орналасқан «Тұран» ШҚ-на барды. Аталған кооперативте бүгінде тамшылатып суару технологиясы қолданылған мақтаның егіс алқабында мақта және мақта талшығы өнімдері өндіріледі. Облыс әкімінің орынбасары іссапар барысында отбасылық ферманың жай-күйімен танысты. – Егіс көлеміне әртараптандыру жұмыстары жүргізіліп, өткен жылмен салыстырғанда шитті мақта бағасының ұлғайғаны байқалады. Нәтижесінде, өнімнің тоннасына орташа бағасы 160-165 мың теңгеден қабылдануда. Бұл өз кезегінде мақта өсірумен айналысатын 15,0 мың агроқұрылымда жұмыспен қамтылған 125 мың адамның әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына оң ықпалын тигізуде, – деді Ұлан Тәжібаев. Өңірде мақта өнімділігінен Ордабасы және Мақтаарал аудандары көш бастап тұр. Шитті мақтаны қабылдаумен 18 мақта өңдеу зауыттарының 166 қабылдау бекеттері айналысуда. Мақта шаруашылығын мемлекеттік қолдау үшін көктемгі және күзгі дала жұмыстарына нарықтағы бағадан литріне 16-18 теңгеден арзан бағамен 76,2 мың тонна жанар-жағармай берілді. Сонымен қатар 30 мың агроқұрылымға минералды тыңайтқыштар мен зиянкестерге қарсы қолданылатын биоагенттердің 50 пайыз шығындары субсидияланып, мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бұдан бөлек, құны 6,0 млрд теңге болатын 891 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, 1,2 млрд теңге инвестициялық субсидия төленді.Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы