Қазақстандық қос кәсіпқой боксшы Садриддин Ахмедов пен Мадияр Әшкеев жылдың соңына дейін шаршы алаңдағы кезекті жекпе-жегіне шығады. Кездесудің бірі Монреал қаласында, бірі Лос-Анджелесте өтпекші.
Кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген боксшы, бірінші орта салмақтағы WBC Youth әлем чемпионы Садриддин (11-0, 10 КО) жақында рингке қайта оралатынын айтып, жанкүйерлерін қуантты. Бұл туралы ол Instagram желісінде жазып, жаттығу кезіндегі видеоcымен бөлісті. «Желтоқсан айындағы жекпе-жекке дайындалып жатырмыз, жаттығу қарқынды әрі сәтті өтуде», – деді жойқын жұдырық иесі. Негізі, қыркүйек айында боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырып, онда қазан айында кездесу өткізуі мүмкін екенін айтқан. Алайда карантинге байланысты кездесу өтпеді. Ахмедов бұған дейін шаршы алаңға өткен жылдың 7 желтоқсанында шыққан. Канадада өткен жекпе-жекте аргентиналық Хосе Антонио Вильялобосты нокаутпен жеңді біздің боксшы. Күні кеше ол «Айқын» газетіне желтоқсанда өтуі тиіс жекпе-жегі жайында қысқаша пікір білдірді. – Қарсылас та, кездесудің өтетін күні де әлі толық нақтыланған жоқ. Желтоқсан айына таман жоспарлы кездесуімізді ұйымдастыруға бар күшімізді саламыз. Қазіргі кезде көп уақытым жаттығу залында өтіп жатыр. Нәтижесін шаршы алаңда көресіздер деп ойлаймын. Жеңіске жетуге, сіздерді қуантуға асықпын, – деді Soldier of Qazaq лақап атымен танымал талантты боксшы. Кәсіпқой бокста атой салып жүрген тағы бір отандасымыз Мадияр Әшкеев те (14-0, 7КО) бізбен сұхбат барысында келесі жекпе-жегін қай күні өткізетінін айтты. Ол рингке 17 желтоқсанда шығатынын қоса хабарлады. Мұхиттың арғы бетінде жаттығып жүрген Мадиярдан алдағы кездесуге дайындығы туралы да сұрадық. – Менеджерім Эгис Климаспен әңгіме барысында мен одан жақсы қарсыласпен жекпе-жек ұйымдастырып беруін сұрадым. Өйткені уақыт өтіп бара жатыр, қазір бар күш-жігерді салып нағыз қимылдап қалатын шағым. Бұйырса, 17 желтоқсан күні Лас-Вегас қаласында келесі айқасым өтеді деп жоспарлап отырмыз. Қарсыласымның аты-жөнін келісімшартқа қол қойған соң жария етеміз. Ол менің салмағымның рейтингінде үздіктердің қатарына кіретін боксшы болмақ. Яғни, мені үлкен сынақ күтіп тұр. Қазір қазақстандық бапкермен физиологиялық жаттығуларды онлайн түрде өткізіп жатырмын. Залда бокс бапкерім де бар. Дайындығым жақсы. Жанкүйерлерді жеңіспен қуантуға тырысамын! – деп уәдесін берді боксшы. Спорт мамандары қос боксшы да жеңісті серияларын жалғастыратынына сенімді. Алайда жекпе-жек күні жақындағанда, қарсыластардың есімі жарияланғанда болжам жасайтын сарапшылар да, букмекерлік кеңселер де көбейе түсері анық. Сол кезде қарсыластардың мықты, әлсіз тұстары талданады. PR-менеджер, спорт журналисі Cерік Ноян Садриддиннің өзге боксшылардан артықшылығын, алдағы кездесудегі жеңіске жетуге деген мүмкіндігін айтып берді. – Садриддин Ахмедов – талантты боксшы. Рекорды қанша жақсы көрінгенмен, әзірге кәсіпқой рингте мықты қарсыластармен кездесті деп айта алмаймын. Оның рингте жасайтын шоулары керемет. Келешекте Рой Джонс секілді үздік боксшыға айналса деген тілегім бар. Оның бұған толық қабілеті жетеді. Бірінші орта салмақтан өзге салмақтарға ауысуға да мүмкіндігі жоғары. Шаршы алаңда өте жылдам қимылдайды, комбинациялық шабуылға да сәтті шығады. Сериялы соққылары да қарсыласқа көбіне дөп тиеді. Бірақ чемпиондық атаққа қол жеткізуге оған әлі ерте секілді. Болашақта мен оны Америкадан көргім келеді. Жас әрі жылдам боксшы. Екі-үш жылдан кейін нағыз чемпиондық айқастарға шығатын шығар. Болжамым бойынша, ол кейін қазақ боксшылары арасында чемпиондық атаққа қол жеткізген ең жас боксшы болуы мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, Садриддиннің бокстағы болашағынан зор үміт күтемін, – дейді спорт шолушысы. Ол сонымен қатар Мадияр Әшкеевтің де бабын жоғалтпағанын, желтоқсандағы жекпе-жекті сәтті өткізіп, келер жылы есім-сойы көпшілікке таныс боксшылармен жұдырықтасуы мүмкін екенін айтты. – Мадияр кәсіпқой бокстағы қазіргі қазақ боксшыларының алдыңғы шебінде жүрген тәжірибелі боксшылардың бірі. Astana Arlans сапында да біршама жекпе-жек өткізді. Өкініштісі, жасы біразға келіп қалды. Жеке шеберлігіне келер болсақ, салқынқанды, соққылары діттеген жеріне дөп тиетін қырағы боксшы. 32-де болса да, шаршы алаңда ширақ қимылдайды. Головкин секілді 36 жасында да рингте атой саларына сенемін. Менеджері әйгілі Эгис Климас оны үздіктермен кезіктірер күн жақын. Сондықтан Мадияр келер жылдан бастап титулдық айқастарға шығып қалатын шығар, – деген Серік боксшыға баға беріп қана қоймай, оның алдағы маңызды кездесулеріне де болжам жасады. Сәтін салса, мұхиттың арғы жағында еліміздің атын шығарып жүрген отандық боксшылар Садриддин мен Мадияр жыл соңына таман тағы бір үлкен сынақтан өтеді. Екеуі де қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, жылды сәтті қорытындылауға, көрермендерін қуантуға ниет танытып отыр. Боксшылардың байрақты бәсеке қарсаңында бабы мен бағы қатар шапсын дейміз.Абылайхан ЖҰМАШ