Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды
Ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды
335
оқылды

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Төрағасы (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алик Шпекбаев пен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ (бұдан әрі - Қоғам) Президенті Айнұр Кәрібозова кездесіп, ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты – Қоғам әкімшілік ететін ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясымен қоса шетелде кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттырудың халықаралық бағдарламалары аясында сыбайлас жемқорлықты жалпыға бірдей қабылдамауды қалыптастыру, сонымен қатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау.

Кездесу барысында Агенттік Төрағасы мамандар іріктеу кезінде шетелдік оқу орындарының түлектеріне, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарына, магистр және PhD докторы дәрежесін иеленгендерге басымдық берілетінін және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 9 қызметкері Еуропа мен АҚШ-тың жетекші жоғары оқу орындарының түлектері екенін атап өтті.

Алик Шпекбаев «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы түрлі салалардың, атап айтқанда құқық қорғау органдарының мамандарын даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесінің маңызды рөліне баса назар аударды.

Сонымен қоса, тараптар Агенттіктің орталық аппараты мен территориялық бөлімшелері қызметкерлерінің жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының, сондай-ақ танымал әлемдік ғылыми-зерттеу орталықтарының, компаниялар мен салалық ұйымдардың базасында қысқа мерзімді (он екі айға дейінгі мерзіммен) тағылымдамадан өту мәселесін талқылады.

Кездесу соңында Айнұр Карбозова Алик Шпекбаевқа Қоғамның бастамасын қолдағаны үшін алғыс айтып, алдағы ынтымақтастыққа дайын екендігін білдірді.

Өз кезегінде, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Президенті Меморандумға қол қою Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қызметкерлерінің біліктілігін үздік әлемдік тәжирибеге сәйкес арттыруға тың серпін беретінін атап өтті.

Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін тараптар Агенттік пен Қоғамның күшін жұмылдыра отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда және оның кез-келген көріністеріне жол бермеуде өзара әрекеттесуді арттыруға келісті.