Жарты тоннадан астам қара уылдырықты шекарадан заңсыз алып өтпек болды
Жарты тоннадан астам қара уылдырықты шекарадан заңсыз алып өтпек болды
236
оқылды

Күдіктілер Қазақстаннан Ресейге жарты тоннадан астам қара уылдырықты алып өтпек болған. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметінен хабарлады.

«Жүк көлігі Қазақстан-Ресей шекарасындағы Жайсан-авто өткізу бекетінде Ақтөбе облысындағы экспорттық бақылау департаментінің лауазымды тұлғалары ҚР ҰҚК ПҚ қызметкерлерімен бірлесіп өткізіп жатқан тексеру кезінде ұсталды», - делінген хабарламада.

Жүк көлігінің жүргізушісінде «мейіз, жержаңғақ, жарма, күріш» тиеп келе жатқаны туралы құжаттар көрсетілген. Құжаттарға сәйкес, жүк жөнелтуші – Шымкент қаласындағы жеке кәсіпкер, тауарды қабылдап алушы – Мәскеудегі жеке тұлға.

Көлікті тексеру кезінде 43 қорапта жалпы салмағы 516 келі және құны 156 миллион теңгенің қара уылдырығы табылды.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылып отыр.